Қоғам

Шығыстың ардагерлері жалпыкомандалық бірінші орынды иеленді

 Шығыстың ардагерлері жалпыкомандалық бірінші орынды иеленді


Өткен жексенбі күні Өскеменде спорт ардагерлерінің IV республикалық спартакиадасы өз мәресіне жетті. Спорттың 13 түрінен рейтингтік ұпайлар мен жүлделер сарапқа түскен дүбірлі доданың қорытындысында жалпыкомандалық бірінші орынды жарыс қожайындары – Шығыс Қазақстан құрамасы иеленді.

Төрт жылда бір келетін спорт мерекесін ұйымдастыру және өткізу міндетін алғаннан кейін біздің облыс бұл жауапкершілігі жоғары шаруаға мықтап дайындалды. Еліміздің әр түкпірінен келетін қонақтарды, оның ішінде қатысушылар мен бапкерлерді, төрешілерді, салаға қатысты мамандар мен басқаларын күтіп алу, орналастыру, қажетті қызметтермен қамтамасыз ету, сайыстар өткізілетін нысандарды тиісті талаптарға сай жабдықтау секілді толып жатқан жұмыстарды өз деңгейінде атқарудан бөлек, негізгі мақсат жергілікті жанкүйерлер алдында намысты қолдан бермеу екендігін салаға жауапты мамандар да, ардагерлеріміз де бек сезінді. Сөйтті де аламанға атой сала кірісті.

Аптаға жуық уақытқа созылған ойындар барысында жерлестеріміз командалық есепте спорттың төрт түрінен бірінші орынды жеңіп алды. Олар: жеңіл атлетика, қазақ күресі, қол күресі мен үстел теннисі. Қазақ күресінен тіпті, біздің балуандар 157 ұпай жинап екінші орын алған Алматы облысының командасынан 45 ұпайға ұзап кетті.

Жеңімпаз жерлестеріміздің ішінде шеберлігімен көзге түсіп, қарсыласын айқын басымдықпен ұтқандар көп болды. Солардың бірі – қол күресінен 70 келіден жоғары салмақта өнер көрсеткен Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, Азия және Әлем біріншіліктерінің жеңімпазы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Мұқан Ағзамов. Ардагер спортшы қарсыластарының бәрін қоғадай жапырып, алтын медальді мойнына тақты.

Сонымен қатар, ерлер арасындағы стритбол, волейбол және тоғызқұмалақ ойындарынан ардагерлеріміз командалық екінші жүлдені иеленсе, тағы төрт түрінен үздік үштікті түйіндеді. Соның нәтижесінде 282 ұпай жинаған облыс құрамасы жалпыкомандалық бірінші орынға табан тіреді. Ал екінші сатыға тұрақтаған Алматы облысының қоржынында – 222 ұпай. Жүлделі үштікті 205 ұпаймен Павлодар облысының командасы тиянақтады.
Айтпақшы, облыс орталығындағы заманауи спорт нысандары қатысушылар көңілінен шықты. Әсіресе, О.Рыпакова атындағы Жеңіл атлетика манежі, Жекпе-жек сарайы, орталық суда жүзу бассейні сияқты халықаралық талаптарға жауап беретін ғимараттар спортшылардың жоғары көрсеткішке қол жеткізуіне мүмкіндік бергені рас.

– Барлық командаларға алғысымызды білдіреміз. Төрт күн бойы Өскемен қаласын дүбірге бөлеген жарыста бабы мен бағы шапқандар жеңіске жетті. Алайда, бұл спартакиаданың басты мақсаты тек жеңіске жету ғана емес, сонымен қатар, бұқаралық спортты дамыту, салауатты өмірді насихаттау. Осы тұрғыдан алып қарағанда IV республикалық спартакиада өзінің діттеген үдесінен шыға алды деп ойлаймын. Осы бәсекелерге бір кісідей қатысып, шеберлігін паш еткен барша ардагерлеріміздің белсенділігі кейінгі жастарға шабыт беріп, рухтандырып, үлгі болатынына сенімдімін, – деп атап өтті жеңімпаз командаларды марапаттау салтанатында облыстық денешынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Олег Чугунков.
Жарыстың жабылу рәсімінде спартакиаданың байрағы Алматы облысының өкілдеріне табыс етілді. Еліміздің ардагер спортшылары 2020 жылы Алатаудың баурайына жиналып, V республикалық спартакиада ойындарында бақтарын сынайтын болады.

Серік Әбілхан

Осы айдарда

Back to top button