Шығыстың алашасы Астанадан олжамен оралды
Өскемен мен Семей өңірінің қолөнершілері Астанада өткен «Шебер-2016» республикалық қолөнершілер байқауына қатысып, катонқарағайлық шебер Гүлнар Қожамжарова «Жоғары шеберлік» атағын жеңіп алды.
-Байқауға еліміздің барлық өңірінен 300-ден астам қолөнерші қатысты. Ұсынған туындылары қазылар құрамындағы кәсіби суретшілер мен профессорлар, әйгілі шеберлер тарапынан жоғары бағаланған 40 шебердің арасында жерлесіміздің де ақтық мәреге шығуы үлкен мақтаныш,-дейді шығысқазақстандық шеберлердің Елордаға сапарын ұйымдастырған облыстағы қолөнершілердің ресурстық орталығының үйлестірушісі, қорық-мұражайдың сәндік-қолданбалы өнер бөлімінің аға ғылыми қызметкері Райса Мұхамеджанова.
Катонқарағай ауданының шағын ғана Еңбек ауылының қолөнершісі Гүлнар Қожамжарованың ұлттық төл өнерімізді қолға алғалы бірнеше жылдың жүзі болыпты. Он саусағынан өнер тамған шебер бұл жолы тоқыған алаша-кілемдер топтамасын ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арнапты. Ұмыт бола бастаған қазақтың ұлттық қолданбалы өнерінің көне дәстүрлі техникасын қайта жаңғыртып жүрген шебер киіз бояуда таза табиғи бояғыштарды ғана қолданады екен. Көз жауын алатын әдемі ою-өрнектермен көмкерілген сырмақ, бөстек, алаша-кілем, қоржын, ұлттық нақыштағы аксессуарлар, әдемі әрі сапалы сөмкелер, бас киімдер мен мойын орағыштар, түрлі гаджеттерге арналған аксессуарлар осыған дейін өткен қолөнершілер байқауларында, фестивальдар мен көрмелерде жоғары бағаланып, шетелге жолдама алған. Сөйтіп Францияда, Үндістанда өткен көрме-жәрмеңкелерге еліміздің таңдаулы қолөнершілерімен бірге барып, шеберлігін шыңдап қайтты. Ұлттық төл өнерімізді сақтап қана қоймай сәндік қолданбалы өнерге жастарды да баулу мақсатында қолөнерші бүгінде шеберлік сыныптарын өткізіп жүр.
Айжанат Бақытқызы