Шығыстағы екі жобаның тұсауы кесілді

Еліміздің Индустрияландыру күніне арналған жалпыұлттық телекөпір барысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Шығыс Қазақстан облысындағы екі бірдей жобаның тұсауын кесті. Оның бірі – «Казцинк» ЖШС-нің Малеев кенішін автоматтандыру, екіншісі – «Восток-Молоко» ЖШС-нің сүт кешенін жаңғырту жобалары. Жалпыұлттық телекөпірге облыс әкімі Даниал Ахметов те қатысты.
Жалпы, телекөпір барысында Елбасы тау-кен саласын автоматтандыруға арналған үш жобаны іске қосты. Осы орайда, Мемлекет басшысы бұл жобаларға зор жауапкершілік артылып отырғанын ерекше атап өтті. Сол үш маңызды бастаманың бірі – «Казцинк» ЖШС-не қарасты Малеев кенішін автоматты басқару жобасы.

Аталған жобаны жүзеге асыру кеніштегі басқару үдерісін біршама оңтайландырады деп күтілуде. Атап айтқанда, нысан аумағында жедел байланыс орнатып қана қоймай, жер астындағы құрылғылардың ақаулығы туралы нақты ақпарат алуға мүмкіндік береді. Жаңа жүйе, сонымен қатар, жауапты тұлғаларды шахтадағы жұмыс барысынан құлағдар етіп отырады. Бұл өз кезегінде технологиялық үдерісті үйлестіріп, ресурстарды тиімді пайдалануға жағдай туғызбақ.
Ұтқыр персонал мен құрылғыларды басқарудың автоматты жүйесі көптеген техникалық жабдықтардан құралғанын айта кеткен абзал. Мұндай жүйені енгізудің негізгі мақсаттарының бірі – кеніштегі қызметкерлердің жүріп-тұруын онлайн режимде бақылау мүмкіндігі. Арнайы құрал кенші лампасының батареясы мен өзге құрал-саймандарына жалғанып, қауіпсіз радиотолқындар арқылы адамның қай жерде жүргені туралы дәлме-дәл ақпарат береді.
– Біз «Казцинк» бөлімшелерін техникалық тұрғыдан қайта жарақтандыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлеп, қабылдап қойдық. Бұл жоспарға жеті инновациялық жоба кіреді. Оларға тартылатын инвестиция мөлшері 12 миллиард теңгеден асады. Оның бірі төртінші өнеркәсіптік революция элементтерінен құралғанын айта кеткен жөн. Яғни, Pitram жүйесі мен SIC концепцияларын енгізу арқылы Малеев кенішінің операциялық жұмысын автоматтандыру. Жобаның жүзеге асырылуы 2018 жылдың наурыз айына дейін аяқталуы тиіс. Осындай жұмыстың нәтижесінде еліміз тәуелсіздігін алған алғашқы жылдары іске қосылған заманауи кеніште көп тармақты ақпараттық жүйе пайда болмақ. Бұл өз кезегінде кеніштегі жұмысты басқару үдерісін жеңілдетіп, нысандағы қауіпсіздік шараларын одан сайын күшейте түседі деп күтілуде. Осының бәрі цифрлық технологиялардың арқасында мүмкін болып отыр, – дейді «Казцинк» ЖШС-нің бас директоры Юрий Гусев.

Оның айтуынша, аталмыш жоба небәрі екі жылда кеткен шығынды ақтап алмақ.
Бұл күні Елбасының қатысуымен тұсауы кесілген тағы бір жоба жоғары технологиялық жабдықтарды енгізу арқылы «Восток-Молоко» ЖШС-нің сүт кешені жұмысын жаңғырту жобасы болды.
Аталған кәсіпорында толық кешенді сүт комбинаты жұмыс істей бастады. Бұл комбинатты іске қосу бірнеше кезеңнен тұрды. Осындай жұмыстардың арқасында жобаның жылдық қуаты 40 мың тоннаға дейін (55 пайыз) артты. Комбинаттан 70 түрлі өнім шығарылатын болады. Кәсіпорын инженерлік-техникалық және өндірістік персоналмен жүз пайыз қамтамасыз етілген. Бүгінде мұнда мың жарымнан астам адам еңбек етуде.
Константин Шуваев