Руханият

Шыңғыстаудың тарихи орындарын аралап қайтты

Шыңғыстаудың тарихи орындарын аралап қайтты

Биылғы шілде, тамыз айларында қазақ хандығының 550 жылдығы мен Ұлы Абайдың дүниеге келгеніне 170 жыл толуына орай Семейдің облыстық тарихи-өлкетану музейінің Қарауыл ауылындағы филиалының ұйымдастыруымен «Шежірелі Шыңғыстау сыр шертеді» атты тақырыпты арқау еткен экспедиция Шыңғыстаудың тарихи орындарын зерттеп қайтқан болатын.
Экспедиция құрамында белгілі ақын Төлеген Жанғалиев, аудан өлкесі мен тарихын зерттеуші, шежірелі қария Серікқазы Шабданов, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, спорт және денешынықтыру бөлімінің бас маманы, әдебиетші Елдар Оразалы және Қарауылдағы тарихи-өлкетану мұражайының меңгерушісі Малғаждар Жүнісжанов, аудандық мәдениет үйінің директоры Сайлау Нұрпейісов болды. Экспедицияны басқарған шежірелі қария Серікқазы Шабданов экспедиция мүшелеріне өзінің Шәкерімнің ұлы Ахаттан естіп-білген жерлерін көрсетті. Бұл тарихи мекендерді білетін адамдар қазір жоқтың қасы.
Экспедиция мүшелері ең алдымен Шәкерім қыстауына ат басын тіреп, ондағы бойына қос ғасыр бойғы сырды бүккен Қодар құдығын көріп, тамашалады.
– Шәкерімнің қорасына өткен ғасырдың 60-ыншы жылдары атты адам құрығымен еркін кіретін, – дейді жолбастаушымыз Серікқазы Шабданов. Иесіз жатқан қора жауын-шашынның дүлей күшіне шыдамай мүжіліп бітіпті. Қодардың құдығы да таспен қаланған, бірақ бітеліп қалыпты. Әсіресе, Құнанбайдың бәйбішесі Күнкенің тұрған үйі мен қора-қопсысы жақсы сақталыпты. Мал қорасы таудың тасымен, ал үйі саман кірпіштен қаланыпты. Барлық құрылыстың ұзындығы 30 метр, ені 21 метр, осы қорада мыңғырған қой, кісінеген жылқы болғаны айтпаса да түсінікті.
Күнке Ағанасқызы Сыбанның Жангөбегінен. Аягөз ауданының Ақшатау ауылында дүниеге келген, бір өкініштісі, бұл кісінің туған және қайтыс болған жылдары жөнінен ешқандай дерек сақталмаған. Осы Күнкеден Шәкерім қажы тараған. Құнанбай кейінгі тоқалдарын осы Күнкемен ақылдаса отырып алған деген де әңгімелер көп.
Осы жерге тақау жерде Айғыздың үй-жайы мен қора-қопсысының орнын, зиратын көрдік. Айғыз – Құнанбайдың Күнке мен Ұлжаннан кейінгі үшінші әйелі. Бір қызығы, осы үш әйелінің де қонысы бір-біріне таяу орналасқан. Құнанбайдың шешесі Зере олардың үйлерінде кезектесіп тұра берген. Айғыз өте сұлу адам болған. Ел аузындағы әңгімелерге құлақ түрсек, Айғыз Абайдың екінші анасы болған деген әңгімені жиі естиміз.
Келесі аялдамамыз – Халиолланың бейіті. Халиолла жөнінен жергілікті әдебиетші Әсет Мырзақасым көп зерттеп жүр. Халиолла Омбыда кадет корпусында жүргенде, небары 22 жасында құрт ауруына шалдығып, қайтыс болған.
– Маған бұл бейітті Ахат Шәкерімұлы көрсетті, ол кісі көзінің тірісінде Күнкенің зиратына жиі келетін, құран бағыштайтын,- дейді Серікқазы Шабданов. Алайда, осы экспедициядан хабары бар кейбір көнекөз ақсақалдар Халиолла ол жерде емес, Ақшоқыда жерленген деген пікір айтуда. Сондықтан Халиолла бейітінің қайда екенін әлі де зерттеу керек сияқты.
Абайдың шығармаларын жинап, баспаға әзірлеген Мүрсейіт Бікеұлының қора-жайы мен зираты осы маңда орналасыпты. Бұл адам 1860 жылы туып, 1917 жылы қайтыс болыпты. Мүрсейіт өте білімді, орысша сауатты адам болған. Абай оған бала оқытуға кеңес берген. Мүрсейіт Абайдың өлеңдерін зерттеп, оны қазақтың ұлттық қорына, Семейдегі Абай мұражайына өткізген. 1909 жылы Абайдың тұңғыш өлеңдер жинағын шығаруға жәрдемдескен осы – Мүрсейіт.
Экспедиция мүшелері Ұлы Абайдың сүйіктісі болған Тоғжан зиратына да ат басын тіреді. Тоғжанның басына елін, жерін қадірлейтін Мүбәрак Мұхтарұлының баласы Дәулет қоршау жасап, қабіріне құлпытас қойыпты. Тоғжан 82 жас өмір сүріп, 1927 жылы қайтыс болыпты. Абай мен Тоғжанның арасында шынайы махаббат болғаны ақиқат. Алайда, Тоғжан Доғал бидің Найман деген ұлынан туған немересі Аққозыға атастырылып қойғандықтан, Абайдың әйелі болуға құдай жазбапты.
Аққозы мен Тоғжанның Ақылбай, Ақбай деген ұлдары болған. Осы зиратқа тақау жерде Машан тауының бөктерінде «Аққозы» деген қыстау осы Ақылбайдікі екен. Қыстау сол қалпында сақталған, таудың тастарымен қаланған. Оны қазір Қалиолла Садырбаевтың ұрпақтары пайдаланып отырған көрінеді.
Тоғжаннан кейін Би ата ауылының күнбатыс бетінде орналасқан әкесі Сүйіндік Жанкөбекұлының зиратына соқтық. Зираттың басына Ахат ақсақалдың нұсқауымен біздің жолбастаушымыз Серікқазы Шабданов құлпытас қойыпты. Бір өкініштісі сол, осы қора жайлар мен қабірлердің басында Тоғжанның қабірінен басқаларында белгі жоқ. Осы қабірлерді білетін адамдар дүниеден өткенде, тарих ұмытылып қала ма деген ой келеді.

Малғаждар Жүнісжанов,
Семейдің облыстық тарихи-өлкетану музейінің
Абай ауданындағы филиалы меңгерушісі

Осы айдарда

Back to top button