Қоғам

Шыңғыстаудағы серілер сайысы

Шыңғыстаудағы серілер сайысы


Дана халқымыз ер жігітке ерекше сенім артқан. «Жігітке жеті өнер аз, жетпіс өнер көп емес», «Жігітте де жігіт бар – азаматы бір бөлек» деген нақыл сөздер осыған дәлел болса керек. Ал жігіттің сұлтаны деген сөз білекті де жүректі, өр тұлғалы, намысты, сөзі мірдің оғындай азаматтарға қарата айтылған. Бұл көркем сипаттау, әрине, кешегі ел іргесін ат үстінде, найза ұшында жүріп қорғаған батыр бабаларымыз бен сырбаз да сыршыл сал-серілерімізге тән қасиет екені хақ. Ал сол серілеріміздің бүгінгі сарқытындай болған ұландарымыздың бойынан осындай асыл қасиеттер табыла ма? Міне, осы мақсатта Шыңғыстаудың шымыр ұландары арасында жыл сайын «Жігіт сұлтаны» сайысы өткізіліп келеді.

Биылғы жылы бұл бәсі басым бәсекенің ауқымы аудандық деңгеймен шектелмей, облыстық көлемде айшықтала түсті. Себебі, ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай облыстық ішкі саясат басқармасы мен «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының қолдауымен өткізілген облыстық байқау әсіресе жастар саясатын насихаттауда, өскелең буынды ұлтжандылыққа бағыттау мен ұлттық құндылықтарды дәріптеуде берері мол бастамалардың бірі десек артық айтқандық емес.

Қазан айының 13 жұлдызында ауданның орталық стадионында бастау алған білектілер сайысына Жарма, Ұлан, Күршім, Аягөз аудандарының намысын арқалай келген сырбаз серілер мен Қарауыл, Құндызды, Қасқабұлақ, Көкбай, Архат, Тоқтамыс және Саржал ауылының жүректі жігіттері бекзаттық үлгіде, ұлттық нақышта киініп, жетектеріне тазыларын ертіп, жүйріктерін ерттеп, сақадай сайланып келген екен. Серілердің бойынан бір мін таппадық. Десек те, сайыс барысында жігіттердің қарым-қабілеттері айқындалып жатты.

Алдымен стадион төріндегі ұлттық ойындар барысында оғландарымыз жүректілігі мен білек күштерін сынатты. Ал түс ауа бекзаттарымыз Мәдениет үйінде сан қырлы өнерлерімен қазылар алқасының сараптауына түсті.

Алдымен сайыстың ашылу салтанаты өтіп, сайдың тасындай серілеріміз рет-ретімен таныстырылып өтісімен, көрермен аудан әкімі Тұрсынғазы Мүсәпірбековтің ыстық лебізіне құлақ түрді. Облыстық көлемде қолдау тауып, аудан төрінде ұйымдастырылып отырған намыстылар додасын ашық деп жариялаған аудан басшысы сайыскерлерге сәттілек тіледі.

Қазылар қатарында облыстық ішкі саясат басқармасының Жастар ресурстық орталығының директоры Арайлым Есімбекова, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының саяси жұмыстар бөлімінің кеңесшісі Сымбат Рамазанов, Абай аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Еркебұлан Сағындықов, «Нұр Сана» қоғамдық ұйымының төрайымы Қаныша Нұрғалиева және Абай халық театрының бас режиссері Дулат Қабдолдин болды.

«Ер жігітті тұлпар үстінде таны»

Қатысушыларды ең алдымен ат үстіндегі сайыстар күтіп тұрған еді. Әйтсе де, «Теңге алу», «Аударыспақ» сынды ептілік сынға түсетін ұлттық ойындар оғландарымыздың оң жамбасына келмеді. Олай дейтініміз, атқа отыруға икемі жоқ жігіттер теңге алуда аттан ауып түсіп жатты. Теңгені жерден көтеріп алған сайыскерлеріміз бірен-саран ғана болды. Ал «Аударыспақ» сайысында ат үстінен қарсыласын өңгеріп алуы тиіс ұландарымыздың көбі тек ұпай арқылы ғана ұтып жатты. Өйткені, қоңыр күздің өңменіңнен өтер ызғарлы суығында кеуделерін жалаңаштап алып ат үстінде аударысқан жігіттерге бұл кезең оңайға соқпады. Тек біздің жерлестерге қарағанда басымырақ болған күршімдік Нұрым Ақмолдаев, жармалық Досхан Балтабаев, ұландық Ғылымхал Манай көрер көзге тартымды ойын өрнегін тамашалата білді.

Бұдан соң кезек «Жамбы ату» ұлттық ойынына берілді. Әттең-айы сол, бұл кезеңде де жігіттеріміздің мергендігінен мін табылып жатты. Жарыс мұнан соң гір тасын көтеру, қол күресі, қазақ күресімен жалғасты.

Автокөлікті тісімен сүйреді

Осылайша күннің суығына қарамастан ашық аспан астында өткен ұлттық ойындар бәсекесі Мәдениет үйінде «Өнер сайысымен» жалғасын тапты. «Мен, мен едім, мен едім» атты жігіттердің өзін-өзі таныстыруында әрбір сайыскерлер өздерін әрқилы таныстырып жатты. Бірі әнмен, бірі қара өлеңмен төгілтсе, енді бірі қара сөзге ерік берді. Әйтсе де, тиянақты дайындық жағы аздау болғандығы байқалып қалды.

Келесі кезең «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» атты өнер сайысында серілерге әуезді ән орындау, жеке немесе жұппен би билеу шарт болатын. Патриоттық әндер мен «Қара жорғадан» бастап түрлі ұлттың билерін жұппен орындаған сайыскерлер сахнаны гүлдендіріп жібергені анық.

Жігіттер соңынан «Таңғалдыру» бөлімінде ерекше өнерлерімен көрерменін, қырағы қазылар алқасын таң-тамаша етті. Әсіресе, біздің ауданның жігіттері қара күш иелері екендіктерін айқын дәлелдеп жатты. Архаттық Әділхан Әділжан сыйымдылығы 40 литрлік бір фляга суды допша ойнатып, басынан асыра көтерсе, қасқабұлақтық Темірлан Қасымов жалаңаш кеудесіне пышақ қадап, бес кірпішті үстіне қойып, қақ жарғызғанда, батырлығына тәнті болмаған көрермен қалмады. Толағай күшті танытқан жігіттер мұнымен шектелмеді. Қарауылдық Еркебұлан Жармұханбетов тісімен қос бірдей гір тасын көтерсе, жармалық Досхан Балтабеков жеңіл автокөлікті тісімен сүйретіп, кешегі Қажымұқан аталарының ерлігін қайталады. Ал көкбайлық Аңсаған Советқадыр мен тоқтамыстық Ахмет Досжан, құндыздылық Қайрат Мырзағазин, саржалдық Ерасыл Жақсылықов 50 келілік тасты кеудесіне қойып үгітіп, темірді алақанымен майыстырып, тақтайға шегені жалаң қолымен қадап, тігінен тұрған темір тістердің, сынған әйнектің үстіне жатып, үстіне еңгезердей жігітті тұрғызып, өрілген жіпті қолымен үзіп, сынған әйнекке табандап, арқалап жатып үстіне шығарған жігітті міз бақпастан көтерген жігіттер өнеріне жиылған жұрт «бәрекелді» десті. «Тас шайнап, құм түкірген» деген осы болар, сірә.

Ал ауданның нар жігіттері алып күш иелері екендіктерін дәлелдеп жатса, өзге аудан сайыскерлері таңғалдыру бөлімін өзінше ұсынып жатты. Мәселен, Ғылымхал Манай Абайдың «Қансонарда бүркітші шығады аңға» деген өлеңін мәнерлеп оқи отыра, бүркіт құсын көз алдымызға бейнелеп берсе, Нұрым Ақмолдаев Тәуелсіздікке дейінгі жылдарымызды Т әрпімен түгендеп берді. Ал аягөздік Саят Ибраев жақсылық пен жамандықтың диалогын жеткізе орындап, ерекше әсер қалдырды.

Қазақтың «Баталы құл арымас» дегеніндей, ерлеріміз бата айтудан да қарымта байқасты. Дегенмен, жастарымыз бата беру жағынан сәл осалдықтарын байқатып алды. Осылайша, ұзақты күнге ұласқан облыстық «Жігіт сұлтаны» байқауы тәмамдалып, серілерімізді сан қырынан саралап, өнерлерін бағамдап, ақылдаса келе, қазылар алқасы қорытынды ұпайларын шығарды.

Ерасыл арғымақ мініп қайтты

Сайыс нәтижесі бойынша жасы небәрі 19-да болса да, ағаларымен иық тіресе белдесіп, сайыстың қай түрінен болса да осалдық танытпаған нағыз ержүрек ұлан, саржалдық Ерасыл Жақсылықов І орынды жеңіп алды. Тақымына арғымақ атты еншілеп қайтқан жас өрен осылайша облыстық «Жігіт сұлтаны-2016» атағын иеленді. Ал II орынды Жарма ауданынан келген Досхан Балтабаев жеңіп алса, ІІІ орынды аягөздік сайыскер Саят Ибраев иеленді. Қалған қатысушылар арнайы аталымдармен марапатталды. Атап айтсақ, Аңсаған Советқадыров (Көкбай ауылы) «Сегіз қырлы, бір сырлы», Қайрат Мырзағазин (Құндызды ауылы) «Бүгінгі күннің батыры», Ахмет Досжан (Тоқтамыс ауылы) «Дарынды жігіт», Ғылымхал Манай (Ұлан ауданы) «Шешен жігіт», Әділхан Әділжан (Архат ауылы) «Шымыр жігіт», Еркебұлан Жармұханбетов (Қарауыл ауылы) «Алғыр жігіт», Темірлан Қасымов (Қасқабұлақ ауылы) «Тәуелсіз ел тарланы», Нұрым Ақмолдаев (Күршім ауданы) «Парасатты жігіт» аталымымен марапатталды.

Шыңғыстаудағы серілер сайысы

Тоғжан Рахымбекқызы
Абай ауданы.

Осы айдарда

Back to top button