Қоғам

Шыңғыстауда сабаншы жортып жүр

  Шыңғыстауда сабаншы жортып жүр

Шыңғыстау сілемдеріне орнатылған фототұзаққа мысық тұқымдас сабаншы (манул) аңы түсіп қалған. Ол фототұзақтарды ресейлік зерттеушілер былтыр әкеліп қойған екен.
Ғалымдар фототұзақ орнатқаннан кейін нәтижесін жарты жылдай күтеді. Сөйтіп, ақпан айында тауға шығып, түскен суреттерді тексермек болған. Алайда, құрылған фототұзақтардың алдынан бірде-бір аң өтпеген көрінеді.
– Осы жолы Шыңғыстаудың солтүстігіндегі Машан жотасында орнатылған фототұзаққа түскен сабаншының суретін көріп қатты қуандық. 4-сәуірде сабаншы фототұзақтың дәл алдына келген, – деп хабарлайды Сібір экологиялық орталығының мамандары өз сайттарында.
Екінші сурет 1-мамырда Шыңғыстаудың оңтүстік беткейіндегі Құр өзенінің бойында түсірілген. Фототұзақ құрылған уақыт ішінде сабаншы бір жүрген жерлеріне қайта оралмаған. Демек, өте сақ жүретін аң болса керек. Мамандардың мәліметінше, сабаншы сәуір, мамыр айларында жақпар тастардың арасынан ін қазып балалайды екен. Бірақ бұл жерде сабаншы аңы жүретіні о баста-ақ белгілі болған сияқты. Өйткені, Шыңғыстаудың оңтүстігіне қарай Майқапшағай тауларында сабаншы қоректенетін шақылдақ тышқан мекендейді екен. Нәтижесінде «Қызыл кітапқа» енген сабаншының Шыңғыстаудың қойнауында бар екені дәлелденіп отыр. Оның дене тұрқы мысыққа ұқсағанымен ірілеу болып келеді. Арқасында көлденең сызықтары бар, жүні үлпілдек.
Ғалымдардың айтуынша, фототұзақтардың жартысы Тарбағатай тауының солтүстігіне орнатылыпты. Бұл жерде сабаншының бар-жоғы осыған дейін зерттелмегенімен, мекен етуі әбден мүмкін. Түскен суреттер болса, келесі жылы бірақ тексеріледі.

Мерей Қайнарұлы

Осы айдарда

Back to top button