Қоғам

Шығыстан шыққан тың бастама ұлтаралық келісімнің үлгісін көрсетті

Шығыс Қазақстан облысының тың бастамасы – «Достықтың жол картасы» аясында достық автокеруені жалғасын табуда. Өңірдің этномәдени орталықтары жетекшілері ұсынған мега-акция Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ Өскемен қаласына жасаған жұмыс сапары кезінде Мемлекет басшысының толық қолдауына ие болған-ды.

Шығыстан шыққан тың бастама ұлтаралық келісімнің үлгісін көрсетті«Достық керуені» 24-сәуірде облыстағы тоғыз Достық үйінің ішіндегі Курчатов қаласындағы ең жас Достық үйінен басталды. Құрамында би, музыкалық, вокалдық ұжымдары бар Шығыс Қазақстан облысының этномәдени бірлестіктері 3-мамырда олардың іс-тәжірибелерімен алмасуға және символикалық эстафетаны тапсыруға Павлодар қаласына аттанды. Бұл акция шеңберінде «Достық керуені» еліміздің басты қалаларымен жүріп өтіп, Астана қаласында, оның туған күнінде республикадағы барлық этномәдени бірлестіктер өкілдерінің қатысуымен мәреге жететін болады. Айта кетерлігі, аталған бастама өңір басшысы Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ тікелей бастамасымен жүзеге асырылуда.

Достықты ту еткен көңілді аурамен көмкерілген автокеруеннің Павлодар қаласына дейінгі жолы он сағатқа жуық уақытты қамтыды. Павлодар шекарасында облыс делегациясын нан-тұздарымен, шашуларымен қонақжай павлодарлықтар қарсы алды.

– Шығыс Қазақстан облысы делегациясының бізге келуі – шын мәнінде тарихи мәні зор оқиға болып отыр. Өте құптарлық бастама, – дейді Қазақстан халқы Ассамблеясы Павлодар облыстық хатшылығының меңгерушісі Сейсембай Жетпісбаев. – Бұл – егемен Қазақстанның 20 жыл ішіндегі дамуына үлес қосқан қажетті институт екендігін атап өткеніміз орынды. Қаншама ұлт пен ұлыстың өкілдері елімізде бірлікте, татулықта, өзара келісімде тірлік кешіп жатыр. Біз бұл тұрғыда көптеген елдерге үлгі бола аламыз «Достықтың жол картасын» жете түсінген адамдар Қазақстан халқы Ассамблеясының қаншалықты жоғары маңызға ие екендігін және Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ Ассамблеяны құрудағы кемеңгерлік идеясын терең сезіне алады әрі әркім өз этносының құндылықтарын көрсете алатын болады.

Нан-тұздарымен, шашуларын шығысқазақстандықтармен бөліскен Павлодар облысының этномәдени бірлестіктерінің өкілдері бұл мега-акцияның елімізге пайдалы болатынына үлкен үміт артатындықтарын жеткізді.

– Біз сіздерден көп нәрсені үйреніп, өз үлесімізді де қосатын боламыз. Себебі, әр облыстың өзіндік ерекшеліктері болады. Бұдан соң эстафетаны Қарағанды облысына тапсыратынымызға қуаныштымыз. Олар бізді асыға күтіп отыр. Аталған акцияның Шығыстан басталғаны шын мәнінде де қуантады. «Достықтың жол картасының» еліміз үшін берері мол, – дейді Павлодар облыстық славян мәдени орталығының төрайымы Татьяна Кузина.

Келесі күні Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының хатшысы, делегация жетекшісі Григорий Пинчуктің және Павлодар облысы әкімінің орынбасары Арын Орсариевтің, сонымен қатар екі облыстың этномәдени бірлестіктері жетекшілерінің қатысуымен дөңгелек үстел өтті.

– «Достықтың жол картасы» акциясы – егеменді Қазақстанда тұрып жатқан халықтар үшін аса маңызды. Бұл іс-шараны Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ құптады және облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ бастауға нұсқау берді. Бұдан біз көп нәрсе аламыз және Ассамблеяның мемлекетіміздің саяси өмірінде рөлі арта түсетін болады, – деді Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының хатшысы Григорий Пинчук.

– Достықтың жол картасы» негізінен Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметіне тұрғындар назарын көптеп аударуға бағытталған, – дейді облыстық еврей этномәдени бірлестігінің жетекшісі Владимир Лебедев. – Республикамызды мекен еткен барлық ұлттар елімізде болып жатқан жағдайларға өздерінің де қатысты екенін, солар үшін барлық жағдайлар туғызылып отырғанын, олардың төл мәдениетінің, тілінің, салт-дәстүрінің сақталуына мүмкіндіктер жасалып жатқандығын түсіне білуі керек. Тұрғындар біздегі экономикалық және саяси тұрақтылықтың негізі бейбітшілік пен келісімнен қаланатынын сезіне білулері қажет. Онсыз тұрақтылық та, ештеңе де болмайды. Ассамблея шұғылданатын шаруалар осыған үндейді. Ол дегеніміз – бейбітшілік, достық және келісім.

Дөңгелек үстелдің отырысынан кейін Павлодар облысының этномәдени бірлестіктері шығысқазақстандық делегацияға біздің жерлестеріміз достықтың киелі ордасы деп атап кеткен өздерінің жергілікті этномәдени бірлестіктерінің жұмыстарымен кеңінен таныстырды. Осыдан соң біздің облыстың этномәдени бірлестіктерінің өкілдері халықтар Ассамблеясының облысаралық бөлімшелерінің ынтымақтастығын дамыту керек деген шешімге келді.

Сонымен қатар Павлодарда екі облыс қолөнер шеберлерінің үлкен көрмесі ұйымдастырылды. Онда өскемендіктер, семейліктер, курчатовтықтар және тағы басқалар өздерінің қолөнер бұйымдарын таныстырды.

Ары қарай Павлодар облысының Мәдениет сарайында ауқымды гала-концерт өтіп, оған біздің облыстан барған 13 этномәдени бірлестіктің ұжымдары қатысты. Бұған қатысу үшін Шығыс Қазақстанның Достық үйлері арасында арнайы байқау да ұйымдастырылған болатын. Концерт барысында «Азери», «Вайнах», «Зоар», «Ладушки» ансамбльдерінің өнерлері жергілікті көрерменнің айрықша қошеметіне бөленді. Мұнан кейінгі өнер көрсетушілер де қошеметтен құр қалмады. Гала-концерт өңіраралық достықтың айрықша үлгісін паш еткендей әсерге бөлегені анық. Көрермендердің айтуынша, мұндай концертті олар көптен бері тамашаламаған екен. Енді олардың есінде шығысқазақстандықтар ерекше бір жылылықпен, өнерге деген махаббатпен ұзақ уақыт сақталып қалары сөзсіз.

Концерт аяқталғасын барлық қатысушылар бірауыздан «Достықтың жол картасы – 2012» республикалық мега-акциясы еліміздің аймақтары арасында достықты өркендетудің жаңа бір серпініне айналады деген ортақ шешіммен тарасты.

Шығыс-Ақпарат

Осы айдарда

Back to top button