Қоғам

Шығыста шаңғы спортын дамытуға не кедергі?

Шығыста шаңғы спортын дамытуға не кедергі?


Мыңдаған турист, миллиондап сатылып жатқан шаңғы билеттері мен миллиардтап құйылып жатқан инвестиция… Бұл асқар тауы, қалың қары бар біздің өңір үшін қол жетпейтін көрсеткіш емес. Десек те, бүгінде облысымызда қысқы туризм әлі де болса кенжелеп тұр.

Ал еліміздің шаңғысүйер қауымы болса, Қырғызстан мен Ресей сияқты көрші елдерге ағылып жатыр. Тау-шаңғы кластерін дамытуды ұлттық ауқымдағы міндетке айналдырған Қырғыз елінің Қарақол тау шаңғы базасы соңғы жылдары Шымбұлақты да шаңқаптырған көрінеді. Біз сырттан турист тартудың жолын іздестіріп жатқанда, бүгінде мұнда шетелдіктермен қатар, қазақстандықтардың да басым бөлігі демалып жүр. Еліміздің солтүстік өңіріндегі тағы бір топ турист болса Ресейдің Шерегеш базасынының қоржынын толтырып жүр. Климаты да, релефі де артық болмаса кем емес біздің таулардағы базалар неге турист таппай шарқ ұрып отыр?

– Мәселен, Ресейде халықаралық стандарттарға жауап беретін ондаған тау-шаңғы базасы бар. Қырғыз елі де соңғы жылдары осы үдеден шығуға барын салып жатыр. Оларда қазір тұрақты контингент қалыптасты. Біз болсақ, шетелдік туристерді тартамыз, солардың деңгейіне көтерілеміз дейміз. Шыны керек, біз ешқашан Аустрия сияқты бола алмаймыз. Неге десеңіз, Еуропада 740 миллион халық тұрады. Айлықтары екі мың еуродан жоғары. Халықтың 20 пайызы шаңғы тебеді. Ол үшін күніне 40 еуро, біздің ақшамен 16 мың теңге жұмсайды. Ал бізде өмір сүру деңгейі бұдан әлдеқайда төмен. Өңірдегі халықтың бір пайызы ғана шаңғы тебеді. Біз алдымен қазақстандықтар мен тым құрығанда ресейлік туристерді тарту үшін, жағдай жасап алуымыз керек. Өз туристеріміз өз елімізде демалса ол да тау-шаңғы базаларының бос тұрмауына айтарлықтай сеп,-дейді «Алтай Альпісі» тау шаңғы кешенінің құрылтайшысы Александр Чиликин.

Александрдың өзі тау шаңғы туризмін дамытудың жолдарын неше жылдан бері зерттеп келе жатқан жан. Бұл саланың қыр-сырына қанық ол елімізде тау шаңғы кластерін құруға кедергі келтіріп тұрған бірнеше себепке тоқталды. Оның айтуынша, бүгінде тау шаңғы кешендерінің маркетингі өте әлсіз жүргізілуде. Демек туристік агенттіктер мен демалыс орындарының арасында байланыс, жүйе жоқ. Содан болар, көп жағдайда отандастарымыз қызмет көрсету деңгейі ешкімнен кем түспейтін өзіміздің базаларды емес, шетелдік курорттарды таңдап жатады. Ал салыстырмалы түрде қарайтын болсақ, бізде демалу бағасы мен сервис Ресейдегі танымал курорттардан әлдеқайда арзанырақ, тауларымыз да биігірек. Оны демалыс базаларымызға келіп қайтқан ресейліктердің өздері де мойындап отыр.

Бұқаралық сипат алуы керек

Александрдың ойынша, облыста қысқы туризмді дамыту үшін ең алдымен жергілікті халық арасында да насихат жұмыстары жүргізілуі керек екен.

– Шаңғы тебу, салауатты өмір салтын ұстану бұқаралық сипат алғанда ғана қысқы туризмді дамытуға мүмкіндік туады, тек сонда біздің базалар бос тұрмайды. Қазіргі уақытта ең негізгі мақсаттың бірі халықты, әсіресе, өскелең ұрпақты шаңғы спортымен айналысуға баулу, – дейді ол.

Мысалы, 1964 жылы Өскеменнің өзінде ғана бес тау шаңғы базасы болып, онда жиырмадан астам бапкер қызмет еткен. Қалада, жалпы облыс аумағында спортшыларды жаттықтырудың белгілі бір бағдарламасы жасалып, бар жұмыс жүйелі түрде жүргізілетін. Ал бүгінде сол бапкерлердің жартысы да қалған жоқ.

Шығыста шаңғы спортын дамытуға не кедергі?

– Әрине, бүгінде мемлекет осы олқылықтың орнын толтыруға көңіл бөлуде. Дегенмен, қысқы спорт түрлерін дамытпай, қысқы туризмді дамыту мүмкін емес. Елімізден әлем және Олимпиада чемпиондары шықсын десек, бұл жұмысты ширатуымыз керек,-дейді ол.

Александр Чиликиннің бүгінгі мақсаты «Алтай Альпісі» тау шаңғы кешені негізінде қысқы спорт түрлері бойынша аймақтық оқу-жаттығу орталығын құру. Бұл жобаны ол бір өзі жүзеге асыра алмасы анық. Шығыс өңіріндегі Глубокое, Зырян аудандары мен Риддердің тау шаңғы кешендерінің Қазақстанның туризмді дамытуға тартымды топ-50 нысандары қатарына енуі облыста тау шаңғы кластерін дамытуға мүмкіндік ашып отыр. Еліміздің туристік картасына енген осы нысандар мемлекеттік-жекеменшік серіктестік негізінде жергілікті бюджеттен қаржыландырылады. Бұл жобаның негізінде өңірдің қысқы спорт түрлері бойынша мектебімен тығыз қарым-қатынас орнату көзделген. Жоба жүзеге асса облыста мемлекеттік тапысырыс бойынша фристайлмен жүз емес, 500 бала, сноубордпен 50 емес, 150 бала айналысатын болады. Ол үшін тау шаңғы кешенінде барлық жағдай жасалмақ. Жаттығушыларға арналған корпустар, спортшылардың денсаулықтарын тексеруге арналған зертханалар, құрал-жабдықтар барлығы халықаралық талапқа сай етіп жасалмақ.

– Бүгінде біздің спортшылардың көбі кәдімгі қарда жаттығады. Ал жарыстардың көбі жасанды қардың үстінде өтетіндігі белгілі. Бұл спортшыларымыздың үздік нәтижелер көрсетуіне кедергі келтіріп отырған негізгі фактор. Оқу-жаттығу орталығын құру кезінде осы мәселені басты назарға алмақпыз. Жасанды қардың шығыны көп болғанымен, тау шаңғы спортын дамыту үшін осындай тәуекелдерге баруымыз қажет,-дейді ол.

Бұл жоба облыс басшылығы тарапынан қолдау тапса, оны мемлекеттік-жекеменешік серіктестік негізінде жүзеге асыру аса қиын шаруа емес.

– Жалпы аймақ басшысы өңірдегі туризмді дамытуға үлкен назар аударып отыр. Оны соңғы жылдары өңірде іске асырылып жатқан жобалардан анық байқауға болады. Жоба туризм басқармасының көңілінен шықты. Ендігі мақсат облыс басшысының қолдауына ие болу – дейді ол.

Облыстық туризм және сыртқы байланыстар басқармасының туристік ақпараттық орталығының басшысы Сымбат Рамазановтың айтуынша, өңірде қысқы он демалыс орнының инфрақұрылымын жақсартуға көңіл бөлініп отыр. Өңірдегі тау шаңғы кешендеріне дейінгі жолдарды жөндеуге облыстық бюджеттен 710 миллион теңге жұмсалмақ. Өткен жылы «Алтай Альпісі» тау шаңғы базасына дейінгі жолдың асфальті жаңаланған болатын. Сондай-ақ Риддер өңіріндегі Батыс Алтай қорығына дейін 730 миллион теңгеге электр желісі тартылуда. Нәтижесінде алты демалыс базасы жарықпен қамтамасыз етіледі.

Жалпы әлемде тек тау шаңғы демалыс орындарымен аты шыққан, соның арқасында байып отырған елдер аз емес. Мысалы, Франция, Швейцария, Аустрия мен Италия сияқты мемлекеттерде біздегідей қыс, қалың қар жоқ. Бірақ бүгінде олардың әрқайсында жүздеген шаңғы базасы бар. Жарайды, ол елдің тұрмыс деңгейі жоғары делік. Ал бір кездері өте кедей мемлекет болған Андора тау шаңғы демалыс орындары арқасында қазынасын толтырып отыр. Андорада балалар 10 жастан тау шаңғы спортымен айналысады екен. Жылына мұнда 2,5 млн. адам тау-шаңғы спортымен айналысуға келеді.
Туристердің 5%-ы – ресейліктер. Егер өңірде осы сала дамыса, Ресейдегі тау-шаңғы спортымен айналысатындар Еуропаға сабылмай-ақ осында ағылар еді.

– Сондықтан мемлекетіміз шетелдік демалыс орындарынан табиғаты жағынан еш кем түспейтін облысымыздағы Риддер қаласы, сондай-ақ Зырян, Глубокое және Катонқарағай аудандарында қысқы курорттар салуға, оларды аяғынан тік тұрғызуға көмектессе, ең бастысы жас ұрпақты тау шаңғы спортына баулысақ, кейін сол шығынның еселеп ақталары анық,-деп аяқтады сөзін Александр Чиликин.

Лаура Тілеубайқызы

Осы айдарда

Back to top button