Қоғам

Шығыста шахмат ойыны жаңа белеске көтерілмек

Кеше облыс орталығы Өскеменде өңіріміздің ең үздік шахматшылары бас қосты. Шығыс Қазақстан облысының құрылғанына 80 жыл толуына орай ұйымдастырылған «Шахмат – ұлттың интеллектуалды дамуы» атты аймақтық турнирдің салтанатты ашылу рәсіміне облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ пен Халықаралық шахмат федерациясының (ФИДЕ) президенті Кирсан Илюмжинов қатысты.

Шығыста шахмат ойыны жаңа белеске көтерілмекД.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-дың табалдырығын аттаған қадірлі қонақты жиналған қауым ерекше бір қуанышты көңіл күймен қарсы алды. Шынында да аты аңызға айналған халықаралық ұйымның басшысының осынау оқу орнына, жалпы облысқа келуі үлкен құрмет екені сөзсіз. Мұндай қонақ қолға күнде түсе бермейді. Жұртшылық Кирсан Илюмжиновті ФИДЕ-нің ғана емес, Қалмақ Республикасының тұңғыш Пре-зиденті ретінде де жақсы біледі. Ол – әлемдегі өте танымал тұлғалардың бірі.

– Бүгін біздің облысымызда үлкен тарихи мейрам. Белгілі қоғам, мемлекет қайраткері, халықаралық шахмат федерациясының президенті Кирсан Илюмжиновтің облысымызға келуі шахматтың дамуына өзінің игі ықпалын тигізеді деп ойлаймыз. Осы кісінің арқасында халықаралық шахмат федерациясының абыройы күнненкүнге артып, дамып келе жатқанын сіздер жақсы білесіздер. Біз сіздердің аттарыңыздан құрметті қонаққа Шығыс жеріне хош келдіңіз деп айтамыз, – деді облыс басшысы Бердібек САПАРБАЕВ.

Әрине, шахмат – ақыл-ойдың ойыны. Бұл ойынның ең алдымен адамның миын шыңдаудағы орны ерекше. Шаршы тақта алдындағы шайқастан қорықпайтындар өмірдің де қиындығынан ешқашан қаймықпайтын болса керек. Осы орайда шаршы тақта алдындағы ойынның көрігін қыздырып, көкжиегін кеңейтуде Кирсан Илюмжиновтің қосқан үлесі орасан зор. Мұны атап айтқан жөн. Ол бүкіл әлемге беделді ұйымды 16 жыл басқарып келеді. Бір қуанарлығы, біздің елімізде де шахмат жақсы даму үстінде. Әсіресе, жастар жағы бұл ойынға ерекше бет бұрып, қызығушылық танытуда. Оның айқын дәлелі – қазақстандық 11 жасар жас шахматшы Жансая Әбдімәліктің Рио-де-Жанейродағы табысы. Жансая бүгінгі күні еліміздің ғана емес, әлемнің ең үздік шахматшыларының бірінен саналады. Облыста да жыл сайын шахматпен айналысушылардың қатары көбейіп келеді. Қазіргі күні 272 денешынықтыру ұжымдарында он мыңнан астам адам шахматпен шұғылданса, оның төрт мыңнан астамы – балалар мен жасөс іпірімдер.

Олармен әуесқойлық және кәсіби деңгейде 17 жаттықтырушы айналысады.

– Кирсан Илюмжинов тек шахматқа ғана емес, өңірімізде бизнестің, жалпы экономиканың дамуына да үлкен қолдау жасамақ, – деді облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ. – Осынау ынтымақтастықтың нәтижесінде біз екі жақты меморандумға қол қоймақпыз.

Өз кезегінде сөз алған қадірлі қонақ Кирсан Илюмжинов та жиналған жұртшылыққа Халықаралық шахмат федерациясы атынан үлкен ризашылығын білдірді.

Спортқа, оның ішінде шахматқа үлкен қолдау көрсетіп отырғаны үшін ФИДЕ президенті Кирсан Илюмжинов Қазақстан Президентіне, облыс басшылығына үлкен алғыс айтты. «Бір кездесуде Президент Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ Қазақстанда Халықаралық шахмат федерациясының көмегін қуана қабылдайтын көптеген қалалардың бар екенін айтып, аймақтарға баруға кеңес берген болатын» деді ол. Алдағы уақытта ФИДЕ-нің қолдауымен Астана мен Алматы қалаларында, содан кейін Шығыс Қазақстан облысы Әкімінің өтінішімен Өскеменде халықаралық шахмат академиясының бөлімдерін ашу көзделіп отырған көрінеді.

Осылайша шахматшылардың додасы да басталып кетті. ФИДЕ президенті Кирсан Илюмжиновтің өзі де осынау дүбірлі додадан әсте сырт қала алмады. Шахматтан халықаралық спорт шебері Анатолий Степовоймен ойнап, оны санаулы минуттарда-ақ жеңіліске ұшыратты. Ойынды тамашалаған жұрт Кирсан Илюмжиновтің шеберлігіне таңдай қақты.

Облыстың құрылғанына 80 жыл толуына орай ұйымдастырылған «Шахмат – ұлттың интеллектуалды дамуы» атты аймақтық турнирдің салтанатты ашылу рәсімінен кейін құрметті қонақ студенттермен, БАҚ өкілдерімен, зиялы қауыммен кездесіп, емен-жарқын әңгіме құрды.

– Мен атам мен әжемнің тәрбиесінде өстім. Шахматқа баулыған – өзімнің атам, – деді ол ағынан жарылып.

Кездесу соңында облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ пен Халықаралық шахмат федерациясының (ФИДЕ) президенті Кирсан Илюмжинов меморандумға қол қойды.

Сондай-ақ, қадірлі қонақ облыс Әкімімен бірге облыстық шахмат мектебіне бас сұғып, болашақта облыс орталығының сол жағалауында салынбақ республикалық Шахмат сарайына бөлінген жерді барып көрді.

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button