Қоғам

Шығыста неге шаңғы туризмі шабандап тұр?

Шығыста неге шаңғы туризмі шабандап тұр?

Шығыс Қазақстанда қысқы туризм түрлерін дамытуға барлық мүмкіндік бар. Асқар таулы, шалқар көлді табиғатқа ие киелі мекеннің климаты да аталмыш саланы өркендетуге шақырып тұрғандай. Десек те, бүгінде облысымызда туризмнің бұл саласы әлі де болса кенжелеп тұр. Мамандардың айтуынша, бұған басты себеп – өңірдегі демалыс базалары туралы жарнаманың аздығы. Жақында Өскеменде осы тақырыпқа арналған семинар-кеңес өтіп, оған бірқатар облыстық басқармалар мен аймақтағы демалыс орындарының өкілдері қатысты.

Еуропада әрбір елді мекенде
демалыс орны бар

Шығыста неге шаңғы туризмі шабандап тұр?

Бір қызығы, облыста қысқы туризмді дамыту үшін ең алдымен жергілікті халық арасында лайықты насихаттық жұмыс жүргізілуі керек екен. Бұдан кейін ғана өңірге шетелдіктерді тарту жөнінде сөз қозғауға болады. Семинар барысында Өскеменнің іргесіндегі «Алтай Альпісі» тау шаңғы кешенінің құрылтайшысы Александр Чиликин бұл бағытта белгілі бір бағдарламаның болуы шарт екенін алға тартты.
– Биыл «Алтай Альпісі» кешенінде облысымызда тұңғыш рет креслолармен жабдықталған қанатты жол жұмыс істей бастады. Келер жылы базадағы шаңғы жолдарына жасанды қар төселетін болады. Алайда, мұның өзі де аздық етеді. Себебі, Шығыс Қазақстандай ірі облыста соңғы үлгідегі технологиямен қамтылған кем дегенде он шақты демалыс орны болуы керек, – деген ол осы орайда шетелдік тәжірибені мысал ретінде келтіріп өтті.
Мәселен, Франция, Швейцария, Австрия мен Италия сияқты бірқатар еуропалық мемлекеттерді алуға болады. Бір қарағанда, бұл елдерде біздегідей қыс, біздегідей қалың қар жоқ. Десе де, бүгінде олардың әрқайсысында ондаған, тіпті, жүздеген тау шаңғы базалары мен курорттар бар. Осы демалыс орындарының арқасында ел бюджетіне қомақты қаражат құйылуда. Жыл сайын бұл елдерге әлемнің түкпір-түкпірінен мыңдаған туристер келіп, демалып қайтады. Олардың ішінде біздің отандастарымыз да жетерлік. Осы орайда өзге елдің экономикасына пайда әкелмей, өз көсегемізді көгертуге не кедергі деген сауал туындайтыны рас.
– Қарап отырсаңыз, Еуропадағы шағын деревнялардың өзінде бір-бір демалыс базасы бар. Әрине, бұл елдерде қысқы туризм бірден дамып кеткен жоқ. Кез келген шаруа сияқты бұл салада да өзінің қиындықтары болды. Дегенмен, жоғарыда аты аталған мемлекеттер осы бағытқа қомақты қаражат құйып, тау шаңғы кешендерін салуға, олардың инфрақұрылымдарын қалыптастыруға және жаңа демалыс орындарын ашуға ниет білдірген кәсіпкерлерді қолдауға ақша аяған жоқ. Енді міне, сол жұмыстың жемісін көріп отыр. Сондықтан мемлекетіміз шетелдік демалыс орындарынан табиғаты жағынан еш кем түспейтін облысымыздағы Риддер қаласы, сондай-ақ, Зырян және Катонқарағай аудандарында қысқы курорттар салуға, оларды аяғынан тік тұрғызуға көмектессе, кейін сол шығынын еселеп ақтап алар еді. Өз басым бұл саланың жілігін шағып, майын ішкен маман болғандықтан, бізге шетелдік тәжірибеге сүйене отырып жұмыс істеу қажет деп санаймын, – деген А.Чиликин егер де мемлекет пен бизнес қысқы туризмді дамыту бағытында бірлесе жұмыс істейтін болса, және бұл шаруаға бұқаралық ақпарат құралдары мен туристік фирмаларды жұмылдырса, 10-15 жылда Шығыс Қазақстанды тау шаңғы спортымен айналысатын туристердің Меккесіне айналдыруға болатынын айтты.
Семинарға қатысушылардың айтуынша, бүгінде тау шаңғы кешендерінің маркетингі өте әлсіз жүргізілуде, яғни, еліміздегі туристік агенттіктермен демалыс орындарын жарнамалау жөніндегі жұмыс бір жүйеге түспеген екен. Осының кесірінен көп жағдайда отандастарымыз көрсететін қызметі жағынан әжептәуір деңгейге көтеріліп қалған өзіміздегі тау шаңғы кешендерінің орнына шетелдік курорттарға аттануда. Ал салыстырмалы түрде қарайтын болсақ, бұл салада біздегі сервис көрші Ресейдікінен қарағанда әлдеқайда жоғары әрі арзан саналады. Оны демалыс базаларымызға келіп қайтқан ресейліктердің өздері де мойындап отырған көрінеді.

1964 жылы Өскеменде бес бірдей
шаңғы базасы болыпты. Ал бүгін ше?

Шығыста неге шаңғы туризмі шабандап тұр?

Сайып келгенде, семинардағы әңгіме облыс тұрғындары арасында тау шаңғы спорты түрлерін насихаттауға келіп тірелді. Еліміздің еңбек сіңірген бапкері Алексей Наконечныйдың сөзіне қарағанда, қазіргі уақытта ең негізгі мақсаттың бірі халықты, әсіресе, өскелең ұрпақты шаңғы спортымен айналысуға баулу болып табылады екен. Ол үшін бүгінде талай жарыстарда топ жарып жүрген шаңғышымыз Алексей Полтораниннің жаттықтырушысы мектептерде шаңғы спортының негіздерін үйрететін сабақтар жүргізілуі керек екенін айтады.
– Сонау 1964 жылы Өскеменнің өзінде ғана бес тау шаңғы базасы болып, онда 24 бапкер қызмет еткен. Қалада, жалпы облыс аумағында спортшыларды дайындаудың белгілі бір бағдарламасы жасалып, бар жұмыс жүйелі түрде жүргізілетін. Ал бүгінде сол бапкерлердің жартысы да қалған жоқ. Әрине, бүгінде мемлекет осы олқылықтың орнын толтыруға көңіл бөлуде. Дегенмен, елімізден әлем және Олимпиада чемпиондары шықсын десек, бұл жұмысты ширатуымыз керек. Мектептерде қысқы спорт түрлерінің негізі оқытылса және сабақтарды білікті мамандар, бұрынғы спортшылар жүргізсе, нұр үстіне нұр болар еді. Себебі, олар мыңның ішінен біреу болсын, әйтеуір шаңғы спортына қабілеті бар баланы таба алады, – деген бапкер бүгінде облыс орталығында шаңғы тебетіндердің үлесі бір пайыздан аспайтынын айтып қынжылды.
Бүгінде өскемендіктерге тау шаңғы спортымен айналысу үшін міндетті түрде қала сыртына шығу қажет емес. Шаһар аумағында, тоғызыншы шақырым деп аталатын жерде тау шаңғы трассасы бар екен. Тек мұнда бір гәп бар, аталмыш трасса осымен екі жыл бойы жұмыс істемей тұр. Кезінде бұл жерге мектеп оқушылары, жалпы кез келген адам келіп, тау шаңғы спортымен айналысушы еді. Ал бүгінде қажетті құрал-жабдықтардың жоқтығынан трасса келушілерді қабылдай алмауда. Семинарға қатысушылар осы мәселеге ерекше мән берілуі керектігін бір ауыздан қолдады.

Шығыста неге шаңғы туризмі шабандап тұр?

Ал Риддерде жыл он екі ай қызмет көрсететін «Анатау» тау шаңғы курорты құрылысының перспективалары туралы «Ridderhutte» кешенінің тау инженері Евгений Швагерус былай дейді:
– Курорт аумағында 100 шақырымға жуық тау шаңғы және қанат трассалары пайда болмақ. Аталмыш жобаны жүзеге асыруда курорттың маңындағы таудың сирек кездесетін еңістігіне ерекше иек артып отырмыз. Сондай-ақ, бұл жерде ыстық жән суық су, электр қуаты, автомобиль жолы мен теміржол да бар. Болашақта бой көтеретін курорттан бес шақырымдай қашықтықта Синегорье, Громатуха және Вертикаль қанатты трассалары орналаспақ. Сонымен қатар, бұл жерде қысқы спорт түрлері бойынша интернат та пайда болады. Бір сөзбен айтқанда, бұйыртса, облыс басшылығының қолдауымен «Анатауды», жалпы Риддер қаласының маңайын ірі халықаралық тау шаңғы курортына айналдырмақ ойымыз бар. Бүгінде біздің курортқа Шығыс Қазақстан мен өзге облыстардан бөлек, Ресейдің бірнеше аймағынан келіп қайтуға ниет білдіріп отырғандар да баршылық.
Жалпы, облысымызда қысқы демалыс маусымы 15-желтоқсанда ашылмақ. Алайда, бұл дата күн райына байланысты өзгеріп қалуы да ықтимал, дейді мамандар.

Нұржан Кенжеұлы

Осы беттің оспағы

Спорт комментаторы:
– Біздің спортшыларды бірден ажырата аласыздар. Олар жарыс жолына сары жейде мен көк шорты киіп шыққан. Өзге елдің шаңғышылары болса, әжептәуір жылырақ киініпті.

Осы айдарда

Back to top button