Қоғам

Шығыста NЕЕТжастар аз ба, көп пе?

Шығыста NЕЕТжастар аз ба, көп пе?


Шығыс Қазақстанда NЕЕТ жастардың, яғни не жұмыс істемейтін, не оқу оқымайтын, не біліктілігін арттырмайтын және оған талпынбайтын жастардың саны аз. Облыс әкімдігінің кезекті мәжілісінде ішкі саясат басқармасының басшысы Ирина Смит осылай деп мәлім етті.

Жалпы, NEET жастар деген кімдер? NEET – халықаралық аббревиатура. NEET – Not in Empoloyment, Education or Training, яғни не сабақ оқымайтын, не жұмыс істемейтін, не тренингке қатыспайтын жастар категориясы. Статистика 2018 жылдың екінші тоқсанында елімізде 300 мыңнан астам «NEET жастар» бар дейді. Бір қарағанда NEET жастар – қылмыскер емес, бұзақы емес, ешкімге зияны да, пайдасы да жоқ, ештеңеге құлықсыз, бос жүрген жастар. Ал ақылға салып қарасақ, бұл – сұмдық көрсеткіш. Себебі, бұл – әртүрлі қылмыс, бүлік, теріс діни ағымдарға тартылу, суицидке бару қаупі жоғары категория.
Жиында Ирина Смит өңірде жастарға қолайлы жағдайлар жасау бағытында түрлі шаралар қолға алынғанын атап көрсетті. Басты күш жастарға сапалы білім беруге және оларды лайықты жұмыспен қамтуға жұмылдырылып отыр.

Сонымен қатар жас отбасыларға және жас мамандарға «7-20-25» бағдарламасы бойынша несиелік тұрғын үйлер, ал студенттерге жатақханалар салынуда.
Басқарма басшысы өткен жылы мемлекеттік қолдау шараларымен 21 мың адам қамтылғанын және жұмыссыз жастар үлесі 3,8 пайызды құрағанын атап өтті.
Мәселен, «Жас Проджект» жобасы аясында 265 миллион теңгенің 149 әлеуметтік жобасы жүзеге асырылған. Бұл облыстағы NЕЕТ жастардың санын 4,8 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік бермек, ел бойынша бұл көрсеткіш – 7 пайыз. Тағы бір қуантарлық жайт, өңірде жастар арасындағы қылмыстылық 29 пайызға кеміп отыр.

«Тасада қалған» жастарға жіті назар аудару, оларға қолдау білдіру үшін мемлекет қосымша шараларды да қолға алуда.

Өз-өзін жұмыспен қамтып отырған тұрғындар біртіндеп әлеуметтендіріліп келеді. Осы жылы көптеген қыз-жігіттер «Еңбек жастары», «Жігерлі жастар ауылға» жобаларын атқаруға тартылмақ, жастардың осы тектес жұмыс орындарымен қамтылуы олардың әлеуметтік жағдайын жақсартуы тиіс.
– Жыл басынан бері еңбекпен қамту мекемелеріне 1426 адам жүгінген. Олардың 449-ы тұрақты жұмысқа орналасса, 182-сі жастар іс-тәжірибесіне, 79-ы әлеуметтік жұмыс орындарына, 453-і қоғамдық жұмыстарға жіберілген, – деді Ирина Смит.

Өңір басшылығы жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған жастарды «Еңбек» тиімді еңбекпен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында қолдауды жалғастырмақ. Жаңа бизнес-идеяларды, олардың ішінде жастар бастамаларын іске асыруға берілетін гранттар саны 727-ге арттырылды, әр жобаға 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріне дейін қаржы бөлу қарастырылған.

Сондай-ақ «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы шеңберінде осы жылы 256 жас маманға жалпы сомасы 969 миллион теңгені құрайтын бюджеттік несие беру жоспарланыпты.

Жастардың көбі жазғы каникул кезінде аз да болсын табыс тауып қалуға ұмтылатыны белгілі. Осыған орай, «Жасыл ел» жобасы аясында 1475 жас еңбекпен қамтылмақ, жасақтар қатарына 16 мен 29 жас аралығындағы жұмыссыздар, мектеп оқушылары мен студенттер тартылады.
Жастардың күші «Жас Өркен» атты жаңа жобаны іске асыруға да пайдаланылады. Аталмыш жоба ауыл-қалаларды абаттандыруды және көгалдандыруды көздейді.

– Биыл біз қосымша кем дегенде 600 көшет егуге тиіспіз. Мұнымен қоса, осы жұмысқа тартылатын балаларға, әсіресе көпбалалы және аз қамтылған отбасылар балаларына ақы төлеу барысын қадағалау керек. Егер осы жобаға бөлінетін қаражат көлемін арттыру қажет болса айтыңыз, арттырамыз, – деді аймақ басшысы Даниал Ахметов.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button