Қоғам

«Шығысмашзавод» жаңа тапсырысқа қол жеткізді

«Шығысмашзавод» жаңа тапсырысқа қол жеткізді

Кеше облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ президенті Асқар Маминмен бірге «Шығысмашзавод» кәсіпорнының базасындағы бірлескен өндіріс цехтарын аралады.
Облыс басшысына зауыттың №6 және №10 цехтарындағы жұмыс барысы, қолданылатын технологиялардың тиімділігі, шығарылған өнімдердің сапасы таныстырылды. Аталмыш цехтарда вагонның қапталдық жақтаулары мен рессор арқалықтарын құю процесі көрсетілді. Мұндағы өндірісті қайта жарақтау барысында барлық технологиялар кедендік одақтың стандартына сәйкестендірілген. Зауыттың бас директоры Адай Хамзин жаңа өндіріс цехтары ашылуының арқасында жұмыс көлемі ұлғайып, жұмысшылардың еңбекақысы бір жылдың ішінде 76 мың теңгеден 90-95 мыңға жеткенін мәлім етті. Аймақ басшысы бұл өндірістің болашағы зор екенін атай келіп, аталмыш жобалар Мемлекет басшысының индустриялық-инновациялық даму идеологиясының үдесінен шығуға бағытталғанын атап көрсетті.
-Бүгін біз жұмысымен танысқан өндіріс бұған дейін Ресей мен Украинада ғана болған. Вагонның қапталдық қалыптары мен рессор арқалықтары – теміржолы темір жол саласында өте қажетті бөлшектер. Аталмыш бөлшектерді көрші елдерден айтарлықтай қымбат бағаға сатып алатынбыз. Бүгінгі келісім еліміздегі қос бірдей теміржол кәсіпорнын байланыстырып отыр. Енді жүрдек пойыздар қатынайтын болады. Бұл да «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы мен Шығыс Қазақстанның әр салада тығыз байланыста жұмыс істеп келе жатқанын көрсетеді. Зауыттың өндірісінде қазақстандық құрамның үлес алатыны да қуантады, – деді облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ.
Кездесу аясында «Шығысмашзавод» АҚ мен Екібастұз қаласының «Қазақстан вагон құрастыру компаниясы» ЖШС басшылары вагонның қапталдық жақтаулары мен рессор арқалықтарын шығару жөнінде ұзақ мерзімді келісімге қол қойды.

Есімжан Нақтыбайұлы

Осы айдарда

Back to top button