Қоғам

Шығысқазақстандықтар Абай ескерткішін тарту етті

Шығысқазақстандықтар Абай ескерткішін тарту етті

Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған торқалы той қарсаңында жыр алыбы Жамбыл жерінде әлем таныған Абай ескерткіші орын тепті.
Шығысқазақстандықтар тағылымы мол тойға осындай тарту жасады. Көне Тараз қаласының қақ төрінен орын алған ұлы ақынның ескерткіші өткен-кеткенге ұлағаты мен ғибратын ұқтырып тұратыны анық.
«Қазақтың бір мақалы: «Өнер алды – бірлік, ырыс алды – тірлік» дейді. Бірлік қандай елде болады, қайтсе тату болады – білмейді. Қазақ ойлайды: бірлік – ат ортақ, ас ортақ, киім ортақ, дәулет ортақ болса екен дейді. Жоқ, бірлік – ақылға бірлік, малға бірлік емес… «Ырыс алды – тірлік» дейді, ол қай тірлік? Жанын қорғалатып, жаудан қашып, қорқақ атанып, еңбек қылудан, қызмет қылудан қашып, еріншек атанып, ез атанып, дүниеде әлгі айтылған ырысқа дұшпан болады. Ол айтқан тірлік олар емес. Көкірегі, көңілі тірі болса, соны айтады».
Абай атамыз алтыншы қарасөзінде осылай деп толғапты. Ұлы ақынның бірлік пен ынтымақты ту еткен терең де мағыналы асыл сөздері атадан балаға, немереден шөбереге үзілмей сақталып, өз қасиетін жойған емес.
Иә, шынында бұл тойдың тарихта қалар орны, сипаты, ізі болу керек. Жамбыл жері ежелден ұлттық бірлікті санада сақтаған, татулықтың ордасы болған өңір. Тараз төрінде терең тарихымызды ұлықтауға бағытталып жатқан осынау тірліктердің бәрі көне қаланың жаңа заманға сай келбетін, сәулетін жасап, ажарын ашып, ел өткенін түгендей түсетіні анық. Тараз қаласындағы ең үлкен даңғыл Абай атымен аталады. Енді, міне, сол даңғылдың бойындағы Абай сквері қайтадан жаңғыртылып, еңселі ескерткішінің бой көтеруі қала халқын тағы бір қуантып тастады.

Шығыс-Ақпарат

Осы айдарда

Back to top button