Қоғам

Шығысқазақстандық 1065 бала шетел асқан

Шығысқазақстандық 1065 бала шетел асқан


2015 жылы облыстағы жетім балалар үйінен 196 бүлдіршін асырап алынған. Былтыр 173 жетім бала ата-ана тапқан.

Соңғы жылдары жетім балаларды асырап алып жатқандардың дені өзіміздің облыстың, еліміздің азаматтары. 2015 жылы облыстан шетелдіктерге алты, өткен жылы екі бала ғана асырауға берілгендігі осының дәлелі.

Жетімдердің тілі жат, діні жат өзге елдің азаматтарына асырауға берілуі азая бастады дегенімізбен, осы уақытқа дейін шетел асып кеткен балалардың саны көз сүріндіріп, жағаны ұстады. Бір ғана біздің облыстан 1991 жылдан бүгінгі күнге дейін шығысқазақстандық 1065 сәбиді шетелдіктер асырап алған. Ойсыз анасы бас тартқан балалар Отан-анасының қамқорлығына алынғанымен, осылайша өзге елдегі өгей әке-шешенің асырауына берілген. Әсіресе, 1999-2011 жылдарда шет елдіктер жыл сайын облыстағы балалар үйінен 100-120 балаға дейін асырап алып отырған.

– Шетелдіктер еліміздегі балалардың құқығын қорғау комитетіне балалар 18-ге толғанға дейін олар туралы жылына бір рет есеп беріп отырады. Қазіргі күні қазақстандық жетім балалар арнайы агенттіктер арқылы Бельгия, Германия, Испания, Италия, Голландия елдерінің азаматтарына беріліп жатыр, – дейді білім басқармасының бас маманы Дмитрий Ошиток.

Әрине, агенттіктер арқылы келген шетелдіктерге баланы асырап алуға деген рұқсат түрлі органдармен жан-жақты тексеру жүргізуден кейін, сот шешімінен соң барып қана беріледі. Сол түпкілікті тергеу, тексеру жүргізілетіні шын болса, шетелде жүрген жетім балаларға қатысты өз ата-аналарының зорлық-зомбылықтары қайдан шығып жатыр? Шетелде жүрген қазақстандық, ресейлік жетім балалардың, жасөспірімдердің өздерін асырап алған ата аналарынан көрген қорлықтары туралы оқиғалар неге қайталанып жатыр? Осыдан бірер жыл бұрын Америкада қазақстандық жасөспірім жетім қыз бен жігітке өз ата-анасының көрсеткен жәбірі талайдың жанын түршіктірді.

Сауал көп болғанымен, жауап жоқ. Сала мамандары өз отандастарымыздың ішінде бала асырап алғысы келетіндердің көп екендігін атап көрсетсе де, әрине, көпшілігінің дені сау, 1-5 жасқа дейінгі сәбилерді асырауға құлшынатынын айтады. Қазіргі күні облыста 169 адам бала асырап алуға үміткерлер кезегінде тұрғанымен, барлығының тілегі осындай. Олардың ішінде бір балаға зар болып жүрген жас отбасылар өте көп.

– Өткен жылы асырап алынған 173 баланың он шақтысы ғана түрлі аурулары бар, науқас балалар, қалғандарының дені сау. Жетім балалардың үйде өсіп, ата-ана жылуын сезінуіне патронаттық тәрбие де көп көмегін тигізіп келеді. Қазір облыс бойынша патронаттық тәрбиеде 139 бала тәрбиеленіп жатыр.

Олардың 90 пайызы балалар үйінен алынып отыр. Былтыр-28, бұрнағы жылы 34 бала осындай тәрбиеге алынған. Балалардың көпшілігі Зырян, Үржар, Күршім аудандарында патронаттық отбасыларында тәрбиеленіп жатыр. Балалар үйінде тәрбиеленушілердің санын азайту мақсатында патронаттық тәрбиеге тек балалар үйінде тұратындар ғана беріліп жатыр. Сонымен бірге, 2017 жылдан бастап бала асырап алу, патронаттық тәрбие бойынша заңға «Қабылдаушы отбасы» бағыты енгізіліп отыр. Патронаттық тәрбиеге алушылар үш балаға дейін ғана бала алып, тәрбиелейтін болса, «Қабылдаушы отбасы» балалар үйінен 4 баладан 10 балаға дейін тәрбиеге алып, өсіре алады. Баланы тәрбиелеуге байланысты берілетін ақы асырап алушы анасына да, әкесіне де беріледі. Бұл жетім балалардың қазақы дәстүрде тәрбиеленіп, бір-біріне бауырмал, мейірімді болып өсуіне ықпал етеді деген үміттеміз, – дейді Дмитрий Ошиток.

Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button