Қоғам

Шығысқа қаржы тартумен «Қазақ инвестің» өкілдігі шұғылданбақ

   Шығысқа қаржы тартумен «Қазақ инвестің» өкілдігі  шұғылданбақ


Бұдан былай облысқа шетелден инвестиция тартумен, әлеуетті аймағымызға әлеуетті инвестор іздеумен арнайы компания айналыспақ. Анығырақ айтсақ, «Қазақ Инвест» Ұлттық компаниясы» АҚ-ның облыстағы өкілдігі. Енді Шығысқа келген шетелдік қалталы бизнесмендер, компаниялар сабылып, сарылып Астанаға бармай-ақ, облыста жаңа өндіріс, жаңа қызмет көрсетуге қатысты барлық мәселелерін Өскеменде отырып шеше алады.

Қазақстан Президентінің тапсырмасына орай, 2017 жылдың наурызында елімізде Үкімет қаулысымен «KaznexInvest» компаниясы негізінде «Қазақ Инвест» ұлттық компаниясы құрылған болатын. Маусымнан бастап барлық облыстар мен Астана, Алматы қаласында компанияның аймақтық өкілдіктері өз жұмыстарына кірісті. «Қазақ Инвестің» өкілдігі Өскеменде де ашылды.

Облысқа келіп, бұрнағы күннен бері Шығыстың инвестициялық әлеуетімен, инвестициялық инфрақұрылымдарымен, кәсіпкерлер палатасының жұмысымен танысып, кәсіпорындарда болған, өңірдегі кәсіпкерлермен кездескен «Қазақ Инвест» ұлттық компаниясы басқармасы төрағасының орынбасары Біржан Қанешев кеше ішкі істер басқармасынан бастап барлық басқарма, департамент, ведомостволық органдар басшыларымен бірге кеңес өткізді. Кеңесте «Қазақ Инвестің» Өскемендегі өкілдігінің директоры Мақпал Байсалбаевамен таныстырып, өкілдік директоры болып тағайындалған жерлесіміздің осы салада қызмет етіп келе жатқан тәжірибелі маман, инвесторлармен жұмыс істеуге қабілет-қарымы бар екендігін де айта кетті.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағановтың төрағалығымен өткен кеңесте «Қазақ Инвест» компаниясы басқарма төрағасының орынбасары елге, облысқа инвестор тартып, қаржы әкелу, өндіріс ашу, әлеуметтік нысандар салу арқылы экономиканы өркендетуге орай Елбасының тапсырмасымен арнайы құрылып отырған ұлттық компанияның жұмысына –аймаққа инвестор әкелуге өңірдегі әр басқарма, ведомостволық орган мүдделі болып, ортақ міндетті орындауда бірлесе қимылдап, күш салуы қажеттігін атап айтты.

«Қазақ Инвест» компаниясының қызметімен, мақсатымен таныстырған Біржан Қанешев компанияның Өскемендегі өкілдігі облысқа келетін, келген шетелдік инвесторға тиімді, сапалы қызмет көрсете алуы үшін облыстағы қызмет көрсету нысандары, мемлекеттік органдар, соның ішінде кәсіпкерлерге, халыққа қызмет көрсету орталықтары, инвестициялық рәсімдерге қатысы бар өзге де қызметтердің жұмысы жоғары деңгейде жүргізілуі тиістігін, осы орайда, облыстағы халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызмет көрсету жүйесін автоматтандыру қажеттігіне назар аудартты. Қазіргі күні халыққа қызмет көрсету орталықтарының дәл осы инвесторлық іс-әрекеттер жүргізуге қатысы бар қызметтерінің біразы автоматтандырылмаған екен.

«Қазақ Инвест» компаниясы басшылығының айтқанындай, қазіргі күні Премьер-министрге елімізге келіп, жұмыс істейтін шетел инвесторларының қатарын молайту үшін қызметпен айналысуға рұқсат беру құжаттарын, басқа да регламенттердің жүргізілу, берілу мерзімін екі есеге дейін азайтуға ұсыныс жолданған, шетел қаражатының, шетелдік бизнесмендердің Қазақстанда жұмыс істеуіне барынша қолайлы жағдайлар туғызылып, мүмкіндіктер жасау қолға алынып жатыр.

«Қазақ Инвест» компаниясы, оның Өскемендегі өкілдігі тек қана шетелдік инвесторлармен жұмыс істемек. Еліміздегі инвестициялар жөніндегі комитет өз жұмысын жалғастыра береді.

-Компанияның мақсаты – Қазақстанға шетел инвесторларын тартуды мықтап қолға алу. Елбасының алдымызға қойып отырған тапсырмасы – елімізге, аймақтарға инвесторлар тартуда нақты нәтижеге жету. Қайта-қайта өткізіліп жатқан әр деңгейдегі инвестициялық форумдар өкінішке қарай осы күнге дейін ондай нақты нәтижесін бере алмай келеді. Біз жаңа құрылымның жұмысын бастан-аяқ жаңаша сипатта, шетел инвесторының келуіне, жұмыс істеуіне тиімді тұрғыда жүргізбекпіз. Компанияның қызметін тиімді жүргізу мақсатында шетелдік инвесторлармен сәтті жұмыс істеп жатқан мемлекеттердің, инвестициялық агенттіктердің жұмыс тәсілі зерттеліп, зерделенді. Өзге мемлекеттерде шеттен келетін инвестор қай жерге тұрады, балалары қайда барып оқиды деген мәселелерге дейін алдын-ала қарастырылып отырады, -деген «Қазақ Инвест» Ұлттық компаниясы» АҚ басқармасы төрағасының орынбасары Біржан Қанешев шетелдік инвесторлардың елге келуіне кері әсерін тигізіп келген жайттың бірі – еліміздегі бюрократиялық, әкімшілік кедергілер екендігін жеткізді.
Облыста шетел инвестициясын тартудың іс-шаралары, тәсілдері атқарылып, жасалып келеді. Семей мен Өскемен қаласында кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтары жұмыс істеп жатыр. Бірнеше жылдан бері аймақта облыс әкімінің төрағалығымен инвестиция тарту жөніндегі кеңес жұмыс істеп келеді.
Облыстың арнайы құрылған инвестициялық порталында шетелдік, отандық инвесторлар назарына жалпы сомасы 52 млрд. теңгенің 92 инвестициялық жобасы ұсынылып отыр. Көршілес Қытайдың ШҰАР аймағымен өзара ынтымақтастық, іскерлік байланыс орнатылған. 2013 жылдан бері екі жақ арасында ынтымақтастық, іскерлік байланыстың жол картасы жасалып, іске асырылып жатыр. Облыста Еуропалық даму және қайта құру банкімен бірге іске асырылып жатқан және асырылатын бірнеше әлеуметтік-экономикалық маңызы зор инвестициялық жобалар жасалынған. Шығыстың осы, өзге инвестициялық әлеуетімен, мүмкіндігімен таныстырған облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағанов «Әр инвестор үшін күресеміз» деп, жергілікті жерден ашылып отырған «Қазақ Инвест» компаниясының өкілдігі сол ізденістер мен істерді әрі қарай жеделдете, нәтижелі жүргізуге үлкен септігін тигізеріне сенімін білдірді.

Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button