Қоғам

Шығыс жұртын тамсатқан Шемонайха шұжығы

Шығыс жұртын тамсатқан Шемонайха шұжығы


Шемонайха шұжығының атақ-даңқы аудан асып, облысқа жеткелі қашан?! Тіпті «Қайсыбір пысық саудагерлер шемонайхалық шұжық атын жамылып, ел арасында өз өнімдерін өткізіп кететін көрінеді» дегенді де ара-тұра есітіп қалатынбыз. Сол сөз рас болып шықты. Оны басқа біреуден емес, дәл осы атышулы шұжықтың қожайыны, Шемонайхадағы «Арарат» ЖШС директоры Қуаныш Нұқышевтың өз аузынан естідік.

КӨК ТУЫҢДЫ ЖЕЛБІРЕТКЕН АЗАМАТ

Қызық, кәсіпкер деп іздеп барған адамымыз спортшы боп шықты. Спортшы болғанда да, жан қинамай, мамыра-жай тыныштықта отырып ойнайтын шахмат, бильярд немесе қалталы азаматтарға тән гольф ойындарының табынушысы емес, кәдімгі көктемірді көкке көтеріп, көк туымызды желбіретіп жүрген ауыр атлет. Қазақы жалпақ тілмен суреттер болсақ, кейіпкеріміз нағыз бұқа мойын, бура сандының өзі екен. Өзіміз де спорттың ауылынан алыс болмағасын ба, әңгіме бірден спорт төңірегінде өрбіді. Қуаныш – аңыздар мен абыздар елі, ғашықтар өлкесі атанған Аягөздің тумасы екен. Алматының халық шаруашылығы институтының түлегі. Зілтемірді ұршықша иіріп жүрген азамат арысы шет елдерде, берісі Қазақстан бойынша өткізілген бірқатар жарыстардың жеңімпаз-жүлдегері боп шықты. Пауэрлифтингтен Ресей кубогының иегері, Азия чемпионы. Бір қайран қаларлығы, қазір неше батпан зілтемірді қиналмай-ақ көтеріп жүрген Қуанышқа бір кездері дәрігерлер бес келіден артық жүк көтеруге рұқсат бермеген көрінеді.

– Кез келген ауыл баласы секілді мен де жастайымнан спортқа әуес боп өстім. Содан мектеп қабырғасында жүргенімде классикалық күрес түрімен біраз айналыстым. Ол кезде жаспыз, бір-бірімізден қалып қоймас үшін намыстанып, өлген-тірілгенімізге қарамай ақ тер, көк тер боп жаттығып кеп жатқанымыз. Күрестің қыр-сырын бір адамдай меңгеріп, үлкенді-кішілі жарыстарға да қатыса бастағам. 16-17 жастағы кезім. Бір күні, сондай жаттығу кезінде секіріп кеп сальто (ауада бірнеше рет айналу) жасағанда, үлкен қателікке жол беріп алдым да, оңбай құладым. Кілемнен ауытқып, ашық еденге қатты құлағаным соншалық, асқазанымның тамырлары үзіліп кетіпті. Есімді жисам, аудандық ауруханада жатыр екенмін. Дәрігерлердің айтуынша, өте көп қан кеткен көрінеді. Сол кезде біраз жылға дейін спорттан шеттетіп, күрескен былай тұрсын, тіпті бес келіден ауыр жүк көтеруге болмайды деп, тыйым салып тастады ғой. Спортзалда алқын-жұлқын күресіп, жаттығып жатқан достарымды сырттай бақылап тұрып, «Енді спортпен мүлдем айналыса алмайтын шығармын» деп налитынмын. Кейін сырқатымнан әбден айыққан соң, спорттың пауэрлифтинг түрін таңдадым. Нәтижелерім жаман емес. Болашақта әлем чемпионатына қатысып, жеңімпаз атансам деген мақсатым бар. Ол үшін қажымай-талмай жаттығу керек. Мен биыл 42-демін. Бұл жастағылардың барлығы дерлік 30-35-тен асқасын спортпен шұғылдануды қояды. Жасымның ұлғайып (спорт үшін) қалғанына қарамастан рекорд жаңартып, қазақтың қайсар ұлы ретінде өзімді өзгелерге дәлелдегім келеді, – дейді өз-өзіне нық сенімді спортшы.

– «Арарат» деген сонау Қапқаздағы тау аты емес пе? Серіктестікке басқаша, қазақы ат таппадыңдар ма? – деймін, әңгіме ауанын шаруашылық жағына бағыттап.

– Рас айтасыз. Бұл өзі әуелде осында тұратын армян ағайындардың ашқан цехы болатын. Гагик Аржапетян деген азаматпен танысып, біраз жыл бірлесіп жұмыс істедік. Алғашқы жылдары мен бұларға ауыл-аймақтардан мал әкеп, ет дайындаумен айналыстым. Кейін олар басқа жаққа қоныс аударатын болғасын, цехты сатып алғам, – деген Қуаныш әңгімесін кабинетінде жалғастырды. – 1998 жылы іске қосылған бұл цех шағын болса да, содан бері үзіліссіз жұмыс істеп келеді. Негізінен еттен жасалатын шұжықтың 60-қа жуық түрі бар. Одан басқа еттен жасалатын деликатестер мен орамалар, қақталған, сүрленген, тартылған ет. Сондай-ақ, үйрек, қаз, тауық еттерінен де түрлі-түрлі өнімдер өндіреміз. Құдайға шүкір, сұраныс жаман емес. Қазір экономикалық дағдарысқа байланысты бірқатар кедергілер мен қиындықтардың туындап тұрғаны да жасырын емес. Болашақта серіктестіктің атауын қазақшалау да ойымызда бар.

ЕТ САҚТАУДЫҢ ДА ӨЗІНДІК ҚЫРЫ МЕНЕН СЫРЫ БАР

– Жалпы, тәуліктік өнімдеріңіздің көлемі қанша?

– Жұмыс жүріп, өнімдеріміз кедергісіз өтіп тұрған кездерде тәулігіне екі тоннадан бес тоннаға дейін өнім өндіретінбіз. Қазір бұрынғыдай емес, тәулігіне бір тонна, анда-санда тапсырыс түсіп жатса, бір жарым тоннаға дейін өнім береміз. Ұжымдағылар ұйымшыл, тапсырыс түскен кездері жас-кәрісі қалмай, күндіз де, түнде де жұмысқа шыға береді. Цехтағы жұмысшылардың барлығы дерлік – кешегі кеңес үкіметінің тәлім-тәрбиесін көргендер. Қайсыбірі зейнет жасынан асып кетсе де, өз жұмысына адал, ұрлық-қарлық жоқ.

– Сонда, мұншама көп өнімді қайда, кімдерге өткізесіздер?

– Осы уақытқа дейін өнімдеріміздің белгілі бір мөлшерін облыс орталығына жөнелтетінбіз. Онда өскемендік кәсіпкер А.Домахин деген азаматпен бірігіп он жылдай жұмыс істеген едік. Ол өз кәсібінің және осы саланың қыр-сырын жетік меңгерген, қылтың-сылтыңы жоқ, бірқалыпты әріптес болатын. Алған өнімдерінің ақшасын уақытынан кешіктірмей, дер кезінде есеп айырысып тұратын. Өніміміздің тағы бір бөлшегін осындағы шахталардың асханаларына, мектептер мен балабақшалардың, общепиттің асханаларына өткізетін едік. Оның сыртында аудан көлеміндегі қайсыбір ауылдардан да тапсырыс түсіп тұратын. Қазір тендер деген шықты да, жыл сайын алушы да, өткізуші де өзгеріп тұратын болды. Сосын, өнім өткізуде түсініксіз дүниелер көбейіп кетті. Қазір осы аталған мекемелерді етпен, шұжық өнімдерімен қамту лицензияларын жылда біреулер сатып алады. Олардың бірі алай, бірі бұлай. Қысқасы, тұрақтылық жоқ. Бүгінгі күні Алматының «Кең дала» деген фирмасымен жұмыс істеп жатырмыз.

– Енді нарық заманы болғасын ондай бәсекелестердің шығуы бір жағынан заңды да шығар?

– Әрине, оған дау айту қиын. Бұрынырақта ет дайындаумен айналысатындар бізді айналып өтіп, малдарын өздері сойып, еттерін сақтауды да өздері қолға алмақ болған. Бірақ, түптің түбінде, бәрібір бізге келуге, біздің қызметімізге жүгінуге мәжбүр болады. Ет алушылар да солай. Өйткені бізде малды сою да, оның етін стандарттық нормамен ұзақ уақытқа қатырып-сақтау да, қақтау, ыстау, т.б. операциялардың барлығы автоматтандырылған, жүйелі бір жолға қойылған.

– Сойылған малдың етін мұздатқышқа салып қатырып-сақтаудың айта қаларлықтай оқу-тоқуы жоқ шығар?

– Неге, көп мәселе осы жерден басталады. Мысалы, жаңа сойылған малдың жас етін жылы күйінде бірден мұздатқышқа салып, қатырып тастауға болмайды. Олай сала салсаңыз, еріген кезде ет ылбырап, су боп кетеді. Оны әуелі сорғытып, 0,5 градустық салқындықта ұстап, сүйегіне дейін салқындату керек. Сонда ол ет мұздатқышта қанша тұрса да, өзінің бастапқы қалпын сақтап қалады. Үсімейді де, сүрленіп те кетпейді. Соңғы бес жылда біздер кез келген малдың, құстың мүшеленіп бұзылмаған тұтас етін де, басқа өнімдерімізді де ас пленкасымен қаптап тастаймыз. Бұл әрі таза, әрі бір-біріне жабыспайды, алуға да, бөлуге де өте ыңғайлы.

– Аудандағы шаруа қожалықтарынан бөлек, жекеменшік иелері де малдарын сіздерге өткізе ме?

– Бүгінгі таңда олар бізге, біз оларға сеніп жұмыс істейміз. 2010-2011 жылдары, әсіресе «Ауданның оңтүстік өңірлерінің малдары жаппай бруцеллез екен» деген қауесет шығып, мал ұстайтындар не істерлерін білмей, дағдарып қалды. Осы кезде ойынға қаланың алып-сатарлары араласып, қаншама елдің қаншама малын су тегін арзанға әкетті. Халықты сол кезде бір үрей билеп алды да, қолдағы малдарынан тез арада құтылуды ғана ойлады. Біз осы кезде зертхана арқылы кез келген адамның малын кәдімгі нарықтың бағасымен алып отырдық. Кейін алғашқы алып-қашпа әңгіменің әсерімен асығыстық жасап, малдарын арзанға сатып жібергендердің өздері қалған малын бізге әкеліп, көңілдерінен шығатын бағаға өткізіп, рақметтерін айтып жатты.

БҮЛІНІП КЕТКЕН ӨНІМДЕР АРЗАН БОЛМАЙ ҚАЙТЕДІ?

– Сіздердің шұжықтарыңызды, әсіресе шпикачкаларыңызды «Бағасы көтеріңкілеу болса да, тұтынушылар талап әкетеді екен» деген сөз қаншалықты шындыққа жақын?

– Біздің Шемонайха шұжықтарын қазір көпшілік тұтынушылар тапсырыспен алады. Өскемен базарларында әсіресе шпикачкалар мен малдың ішек-қарнынан жасалатын ливер шұжықтары дүкен сөрелерінде көп жатпайтындығын өзім де талай көрдім. Осыны пайдаланған біреулер өз өнімдерін біздің атымызды жамылып өткізбек болатын көрінеді. Оны да біздің шұжықтарымызды күтіп жүретін өскемендік зейнеткерлер айтады. Өкінішке қарай, ондай пысықайларға еш шара қолдана алмай келеміз.

– Ал осы мақтаулы шұжықтарыңызды алам деушілер өзіңіз айтқан пысықайлардың өнімімен шатастырып алмай, қайдан барып, қалай таңдап ала алады?

– Біріншіден, біздің шпикачкалардың сыртқы қабығы кәдімгі ірі қара малдың ішегінен жасалған. Өзгелердікі олай емес, «искусственный» дейміз ғой, сондай пленка. Тұрақты сатылымда болатын жері Өскемендегі Мызы көшесіндегі № 6,8 толайым сауда базары. Сол жерде біздің тұрақты нүктелеріміз бар. Біреуі «Нұр», екіншісі «Мұхаметжанов» деп аталады.

– Қазіргі өнімдеріңіздің көлемінің азайып кетуінің бірден-бір себебі неден деп ойлайсыз?

– Неден деріңіз бар ма? Қазір нарықтың, бәсекелестік пен қулық-сұмдықтың, алаяқтықтың тасы өрге домалап тұрған заман. Сіз сенесіз бе, Қазақстанның өз қалаларын айтпағанда, сонау Мәскеуден, тіпті одан да алыс шет елдерден де шұжық өнімдерін әкеп сатады. Ал олар қаншама күн жол жүргенде, бұзылмайды дейсіз бе? Әсіресе жаз маусымдарында шұжық өнімдері шапшаң бүлінетінін білесіз. Бүлінген өнімді лақтырып тастайды деп ойласаңыз, қателесесіз. Олар оны жуып-шайып, тазалап, марганцовкалап, тұз сеуіп, қайтадан жылтыратып, дүкен сөрелеріне арзан бағаға қояды. Ал оны кім алады? Әрине, қалтасы жұқа студенттер мен зейнеткерлер, жағдайы нашар отбасылар тұтынады. Осыдан барып «Аллергия, гастрит секілді, т.б. түрлі-түрлі емі жоқ аурулар қайдан келді?» дейміз. Осыдан соң бізде қайдағы дені сау ұлт болады? Біздің өнімдеріміз олардың бүлінген өнімдерінен қымбат болатын себебі де сол. Бірақ біз қандай жағдайда болмасын өнімдерімізді өз шығынымызды ақтайтын бағаға қоямыз және ең бастысы – өніміміздің сапасы мен нәрлілігіне жауап бере аламыз.

Ал өнім көлемінің азайып кетуінің тағы бір себебі, қазір Павлодар бізден ет, шұжық өнімдерін алуды тоқтатып қойды. Өйткені өздерінікі жетіп артылады. Мұндағы ел өздері өсіріп, бағып-қаққан малдарын қайда өткізерлерін білмей, сенделіп жүр. Қойдың етін келісін 750 теңгеден өткізуге бар. Қазір мал аламыз десек, мына цех толып қалары сөзсіз. Бір аптада бес-алты тонна етті тек қана меншік иелері әкеліп тастауға әзір. Бірақ менің өнімім өтпей жатса, соншама етті мен қайда жіберемін?

– Өнімдеріңіздің сапасын зертханадағылар тексеретін шығар?

– Мына қызыққа қараңыз. Айталық, біздер қазір өз өнімдерімізді Ресейге апарайықшы. Олар бас салып, асты-үстіне түсіп, ар жақ, бер жағына дейін зертханалық сараптаудан өткізеді. Сосын, міндетті түрде бір ши шығарып, өніміңді жарамсыз етіп тастауы да мүмкін. Сондықтан ол жаққа өнім апармас бұрын әбден ойланамыз. Өйткені өніміңді өткізбей тастаса, ол бұзылады деген секілді. Ал бізде ондай зертханалық қатаң тексеріс жоқ. Жоқ емес, бар. Бірақ… Зертхана қызметкерлеріне аздап ет, шұжық немесе ақша бере салса болды. Рұқсат қағаз қалтаңда, базарға бар да талтаңда…

– Әңгімеңізге рахмет! Еңбектеріңіз жемісті болсын.

Шығыс жұртын тамсатқан Шемонайха шұжығы

Серік Құсанбаев
Шемонайха ауданы.

Осы айдарда

Back to top button