Қоғам

Шығыс жұрты ұлық мейрамды кеңінен атап өтті

Шығыс жұрты ұлық мейрамды кеңінен атап өтті

Тәуелсіздік мерекесі – қала жұртшылығы Өскемендегі Республика алаңына таңғы сағат оннан жинала бастады. Бұл күнгі мерекелік іс-шаралардың ең негізгісі осы жерде өткізілді.
Облыс әкімдігі ғимаратының алдындағы сахна төрінен шырқалған әсем ән мен күмбірлеген күй жиналған көпшілікке қуанышты көңіл күй сыйлады. Алаңның бір жағында азық-түлік жәрмеңкесі қызып жатса, енді бір шетінде спорттық ойындардан сайыстар өткізілді.
Республика алаңына жиналған қала тұрғындары мен қонақтары облыстағы көркемөнерпаздар ұжымдары, «Достық үйінің» ұлттық-мәдени орталықтары дайындаған мәні мен мағынасы терең мерекелік концертті тамашалады. Кешке таман алаңда жастарға арналған би думаны ұйымдастырылды.
Концерт шымылдығы жастар театрының «Өз елім» әнімен ашылды. Салтанатта жуырда ғана «Мәдениет саласының үздігі» кеуде белгісімен наградталған талантты өнерпаз Нұргүл Қабдоллаева «Сәлем саған, Туған ел!» әнін орындады. Ал жас жігіттерден құралған «Инкоро» тобы «Қазақстан», кішкентай әнші қыз Жанель Тоқан «Туған жер», Жансерік Әзизұлы «Елге тілек», Диана Кандикенова «Беу айдай», Әнел Құнанбаева «Туған елім», «Нұрорда» мектебінің солистері «Терме», Шалқар Мұхамғалиев «Батырлар» әндерін, кәріс бірлестігінің «Торади» тобы «Кым ган сан» әнін тамылжыта шырқады. «Үміт» би ансамблінің қыздары қазақ, өзбек, грузин халық билерін тамаша орындап шықты. Мерекелік думан соңы «Ертіс саздары» ансамблінің орындауындағы «Атамекен» әнімен аяқталды.
Тәуелсіздік күні некелерін қиғызған қос жұп үшін бұл мереке мәңгі есте қалары сөзсіз. Жас жұбайлар Абай ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, ақын рухына тәу етті. Әр жұпқа сыйлық ретінде Елбасының өмірі туралы сыр шертетін кітаптар табысталды.
– Бүгін еліміздің Тәуелсіздік алғанына 24 жыл толып отыр. Біз ырымдап дәл осы күні шаңырақ көтеріп отырмыз. Бұл – біз үшін ерекше мәнді әрі жауапты қадам. Біздің жас отбасымыз еліміздің дамуына өз үлесін қосады деп үміттенеміз, – деді жаңадан отау құрып отырған Ернұр мен Лаула Ахметовтер.
Осы күні Комсомол аралында аумағы төрт мың шаршы метрді құрайтын мұз айдынының ашылуы болды. Салтанатқа жиналған қала тұрғындары мен қонақтарына арналып көңілді сайыстар мен фигуристердің өнері ұйымдастырылды. Қыс бойы осы жерде барлық адамдар тегін коньки тебе алады. Сонымен қатар, Өскеменде «СноуРинг-2015» автожарысы, көркем гимнастика бойынша қала кубогы ұйымдастырылды.
Мереке күні облыс бойынша барлығы 200 мың адам қатысқан 250 іс-шара болып өтті. Қалалар мен аудандарда «Қазіргі заманның Қаһарманы», «Менің Тәуелсіз Қазақстаным» тақырыптарына арналған дөңгелек үстелдер, «Елбасының Қазақстанды дамытуға қосқан үлесі» атты көрмелер, сонымен бірге, түрлі жәрмеңкелер, концерттер, халықтық ойындар мен спорттық сайыстар кең көлемде ұйымдастырылды.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button