Шығыс жұрты көрнекті қаламгерін ақтық сапарға шығарып салды
Кеше Шығыс жұрты көрнекті жазушы, белгілі драматург, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Қалиқан Ысқақты туған жері –Катонқарағай ауданындағы Топқайың ауылында ақтық сапарға шығарып салды. Ал алдыңғы күні кешке Өскемен әуежайында Алматыдан әкелінген қаламгердің мәйітін облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ бастаған арнайы топ қарсы алды.
Одан кейін жарты ғасырдан астам уақыт төр Алтайын талмай жырлап өткен қаламгердің мәйіті кіндік қаны тамған Топқайыңға жеткізілді. Жанарларында жас боталап, иісі қазақтың асыл ұлын соңғы сапарға шығарып салуға облыстың, еліміздің әр жерінен асыға жеткендердің қарасы мол болды. Олардың арасында Қалағаны қаламдас, ең бір рухани жақын ағасы санайтын жазушылар мен журналистерден өзге, әртүрлі деңгейдегі билікте, басшылықта болған, қазірде де ел тізгінін ұстаған азаматтар жүрді. Сонымен қатар, бұрындары Катонқарағай ауданын басқарған Күршім, Үржар, Глубокое аудандарының әкімдері Алтайбек Сейітов, Серік Зайнулдин, Арман Бекбосынов және Аягөз, Зырян, Көкпекті аудандарының өкілдері болды.
Төр Алтайынан мұрты енді ғана тебіндеген бозбала болып кетіп, алты алаштың ардақтысына, қимасына айналған хас суреткерді соңғы сапарға шығарып салуға арналған қаралы жиынды оның соңынан ерген інісі, ауылдасы, жазушы-журналист Әлібек Қаңтарбай жүргізіп, алғашқы сөзді облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВҚА берді. Аймақ басшысы Қалихан Ысқақтың қаламгерлігіне, ерекше туған дарын иесі екендігіне, еліне, жеріне сіңірген өлшеусіз еңбегіне, тағы басқа да асыл қасиеттеріне кеңінен тоқталды (облыс әкімінің қаралы жиында сөйлеген сөзін газетімізде жариялап отырмыз).
Қаралы жиында Қаратай еліне жазушы-драматург Қалихан Ысқақтың қайтыс болуына байланысты көңіл айтқан Президент Әкімшілігінің, Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің, Парламент Сенатының төрағасы Қасымжомарт Тоқаевтың жедел хаттары оқылды. Бұлардан басқа Мұхтар Құл-Мұхаммед сынды танымал тұлғалардың да көңіл айтқан жеделхаттары бар екендігі ауылдастарына, жиналған қауымға хабардар етілді. Алматыдан Қалағаның мәйітін алып келіп, қайғыдан қабырғасы қайысып, қан жұтып отырған марқұмның туған туысқандарын, елін жұбата келген Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Жанарбек Әшімжан классик жазушының суреткерлігін, адамгершілігін, ағалығын жеткізе айтты. Сондай-ақ, ол иісі қазақтың ардақты ұлы болған жазушыны соңғы сапарға шығарып салуға көмек көрсеткен облыс, аудан басшылығына, ел азаматтарына, марқұмның жерлестеріне өз ризашылығын білдірді.
Қаралы митингіде Қалағаңның әріптес інісі, ауылдасы, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Дидахмет Әшімханов, марқұмның жақын досы, сыныптасы Фрунзе Жақсылықов, Катонқарағай аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Төлеген Бекішов, абайтанушы, жазушы Төкен Ибрагимов сөз сөйледі.
Қалиқан Ысқақтың туған інісі, зейнеткер-ұстаз Сайлаухан Қабатаев қорытынды сөзінде қайғыларын бөлісе келген, қол ұшын берген барлық ағайын-туыстарға, ауылдастарына, билік басындағы азаматтарға өз әулеті атынан ризашылығын білдірді.
Жәнібек Қызыр
Катонқарағай ауданы.