Қоғам

Шығыс жұртшылығы жоғары саяси белсенділік танытты

Шығыс жұртшылығы жоғары саяси белсенділік танытты

Кеше елімізде тарихи маңызды оқиға – Парламент Мәжілісінің және барлық деңгейдегі мәслихаттардың сайлауы өтті. Шығыс жұртшылығы осы аса маңызды сайлауға біркісідей атсалысып, айрықша азаматтық белсенділік танытты. Атап өтерлік жайт, Шығыс Қазақстан – еліміздегі сайлау учаскесі ең көп облыс. Біздің өңірде кеше 1 075 сайлау учаскесі жұмыс істеді.
Облыс орталығында дауыс беру бүкіл еліміздегідей жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат 7.00-де басталып, 20.00-ге дейін жалғасты.
Өскемендегі С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің бас ғимаратында орналасқан №78 сайлау учаскесіне сағат 7.00-ге таман барғанымызда біршама тұрғынның жиналып, учаскенің ашылуын күтіп тұрғанын көрдік. Сайлау учаскесінің жұмысы ресми түрде еліміздің Әнұранымен салтанатты түрде ашылды. Сайлау учаскесінің төрағасы Әділ Сайлаубек жиналған қауымға дауыс берудің тәртібін түсіндіріп, көпшілік алдында бюллетеньдерді шығарып, дауыс берілген бюллетеньдерді салатын жәшіктерді мөрледі.
№78 учаскелік сайлау комиссиясының хатшысы Мөлдір Сайлаубекқызының айтуынша, өздерінде тіркелген дауыс берушілердің саны – 1 432 адам. Азаматтардың белсенділігі жоғары, 11 бақылаушы жұмыс істеуде, оның жетеуі – халықаралық бақылаушылар. Сайлауды байқау жөнін¬дегі республикалық қоғамдық ко¬мис¬сияның тәуелсіз бақылаушысы Махаббат Заданова өз міндетінің сайлау кезіндегі заңбұзушылық болмағанын бақылау, болып жатса, акт толтыру екенін айтады. Сайлау науқанына қатысу – әр қазақстандықтың азаматтық парызы. Өзім ШҚМУ-дың 1 курс студентімін, бүгін бірінші рет дауыс бермекпін», – деді ол.
Бюллетенін жәшікке салып жатқан зейнеткер Иван Полторанин өмір бойы сайлаулардан қалмай дауыс беріп келетінін айтады, ол 46 жыл білім саласында еңбек етіпті, өзі тамамдаған Өскемен педагогикалық инситутында тарих кафедрасында ұстаз болып қызмет атқарыпты.
Ал келесі болып өз таңдауын жасаған ШҚМУ студенті, болашақ бағдарламашы Мейіржан Роман алғаш рет дауыс беріп тұр екен. «Тұңғыш рет дауыс беруім өмірімдегі елеулі сәттердің бірі болып есімде қалары сөзсіз, халық қалаулыларын сайлау – ел тарихындағы аса маңызды оқиға, менің ойымша жастар осы науқаннан қалыс қалмай, белсенді атсалысулары тиіс. Өзім Жамбыл облысындағы Тараз қаласының тумасымын. «Серпін» бағдарламасы арқылы білім алып жатырмын. Алдында біздерге сайлау науқанының қалай жүретіні, қалай дауыс беру керек екенін үйреткен болатын «Бұл – менің сайлау учаскем» атты акция аясында. Соның көмегі көп болды, қобалжу, абдырау болған жоқ. Осы ШҚМУ-дың жатақханасында тұрамын. Оңтүстік өңірлерден келіп оқып жатқан студенттер саны 300-ден асады» дейді ол.
Облыстың бас имамы Ермек Мұқатай да осы учаскеде дауыс берді.
– Бәріміз мемлекеттің заңына бағыныштымыз. Сондықтан азаматтық борышымыз – саяси көзқарасымызды таныту. Бұл – болашаққа жасаған үлкен инвестициямыз. Ертең нәтижесін береді деп сенеміз. Бюллетенімізді салған сайын Алладан ел басқарып жүрген азаматтарды қысылтаяңда тайдырмасын, қадамдарын нық бастырсын деп тілек тілейміз, – деді бас маман.
Осы күні өз дауыстарын беруге енді шаңырақ көтеріп отырған жас жұбайлар Тимур Мұхамеджанов пен Дина Ибрагимова келді.
– Бұл күнді әдейі таңдадық, жалпы наурыз айында үйленеміз деп келіскенбіз, теледидардан қарап отырсақ, 20-сы сайлау күні болып жарияланды, сосын осы күнде үйленуге шешім қабылдадық. Өзіміздің болашағымыз үшін дауыс беріп, азаматтық борышымызды өтедік. Еліміздің болашағы жарқын боларына сенімдіміз! – дейді жас жұбайлар.
Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінің бас ғимаратында орналасқан №74 сайлау учаскесінде де дауыс берушілер саны көп болды. Дауыс беруші, «Восток котлы» құрылыс компаниясының директоры Серік Смағұлұлы таңертең ерте келіп еліміздің болашағы үшін дауыс бергенін айтып, халыққа жақын болатын, елді өркендетуге бар күш-жігерін салатын лайықты үміткерлер үшін таңдау жасағанына сенімді екенін жеткізді.
№74 сайлау учаскесінде халықаралық бақылаушылардың саяси науқан туралы пікірлерін білдік. Олардың айтуынша, өңірде Мәжіліс және мәслихаттар депутаттарының сайлауы жоғары қарқынмен өтуде. ТМД бақылаушылар миссиясының өкілі Юрий Сметанин таңертеңнен бері бірнеше сайлау учаскесін аралап үлгергенін, әзірге ешқандай заңбұзушылық байқалмағанын жеткізді.
– Біздің делегация тек Өскемендегі ғана емес, сондай-ақ, Семейдегі, Зыряндағы, Риддердегі және Глубокое мен Ұлан аудандарындағы бірқатар сайлау учаскесін аралады. Бәрінде ұйымдастырушылар қызметі, ондағы дауыс беру үрдісін жүргізуге жасалған жан-жақты дайындық ерекше әсер етті. Екіншіден, біз сайлау учаскелеріндегі комиссия өкілдерінің сайлауды өткізуге тыңғылықты дайындықтары барлығын байқадық. Олармен әңгімелесу барысында қандай да бір көңілтолмаушылық, көздеріне түскен құқықбұзушылықтар туралы сұрадық. Әзірге ондай келеңсіз оқиға тіркелмеген екен. Кандидаттардың сенімді өкілдерімен де сөйлестік. Олар да дауыс беру барлық заң талаптарына сай өтіп жатқанын атап өтті. Өңір тұрғындарында бірлік пен ұйымшылдық бар екені айқын аңғарылады. Аңғарғанымыз, сағат 7.30-да сайлаушылардың 3,5 пайызы дауыс беріп үлгерді, мұның өзі көп жайтты аңғартады. Өйткені, таңертең сайлау учаскелерінің алды толып тұрды. Халық әлі де кезек-кезегімен дауыс беріп жатыр. Бұл қазақстандықтардың өз келешектеріне жауапкершілікпен қарайтынын, азаматтық тұрғыдан белсенді екендігін көрсетеді. Сонымен бірге, бүкіл отбасымен, бала-шағасымен келіп жатқан тұрғындарды көргенімде, сайлау елдегі маңызды оқиғалардың бірі ғана емес, салтанатты мерекелерден де кем түспейтінін аңдадым. Көптеген учаскеде концерт ұйымдастырылып, сауда-саттық алаңдары жұмыс істеп тұр. Сондықтан сайлауда мерекеде жүргендейміз. Халық жайдары да көңілді қалыптарымен бізге де қуаныш сыйлады, – деді Ю.Сметанин.
Жалпы, саяси науқанға отбасымен келген өскемендіктер аз болған жоқ. Пушкин атындағы облыстық кітапхана ғимаратындағы №26 сайлау учаскесінің хатшысы Наталья Харламованың айтуынша, олар таңертең ерте келіп дауыс берген азаматтарға, тұңғыш рет дауыс берушілерге және егде адамдарға кітап, кеңсе тауарлары, шоколад сияқты сыйлықтар үлестіруде. Мәселен, 1928 жылы туған апамыз келіп азаматтық борышын өтеді. Дауыс беріп шығып келе жатқан қала тұрғыны Наурызбай Кемелов болса, бізге сайлауға өте жақсы көңіл күймен келіп тұрғанын айтты, бұрынғыдай ерте тұрып дауыс беруге үйреніп қалған ол түстен кейін отбасының да сайлауға келетінін жеткізді.
Сондай-ақ, сайлау учаскелеріне келген тұрғын өзінің аты-жөнін тізімнен таба алмаған жағдайда, комиссия тез арада халыққа қызмет көрсету орталығының базасы арқылы анықтама қағазын шығарып, кедергісіз дауыс беруге мүмкіндік жасап жатты. Сайлау учаскесі комиссияларының мүшелері денсаулығына байланысты үйлерінде отырған ардагерлер мен зейнеткерлердің де дауыс беруіне мүмкіндік туғызды.
Бұл күні облыс орталығының 19-шы ықшам ауданындағы жаңадан іске қосылған №46 қазақ орта мектебінің базасында орналасқан, биыл алғаш рет дауыс беру ұйымдастырылған №95 сайлау учаскесінде дауыс беру таңғы сағат жетіден басталып кетті. Аталған сайлау комиссиясының төрайымы Гүлфарида Ауғанбаеваның айтуынша, алғашқы болып Карл Маркс даңғылы, 7/4-84 мекенжайында тұратын Нұрбану Ахметова есімді сайлаушы отбасымен келіп таңдауын жасаған. Олардың бәріне де сайлау учаскесінің атынан естелік сыйлықтар табысталған.
Сайлау күні бұл учаскеде осы маңға жақын орналасқан Көкжал Барақ, Уәлиев көшелеріндегі, Карл Маркс, Есенберлин даңғылдарындағы үйлердің тұрғындары, әсіресе, жас отбасылар мен мемлекеттік қызметшілер, әскерилер үлкен белсенділік танытқанын атаған орынды. Олардың қатарында бірінші рет дауыс беруге қатысқан жас Әйгерім Раева да, ақ таяғына сүйеніп өзі келген, жасы биыл сексенге толатын тыл ардагері Гүлзипа Матаева да бар. Әжеміз еліміздің, немере-шөберелерінің жарқын болашағы үшін таңдау жасағанын айтады.
Сондай-ақ, Жібек маталар ықшамауданындағы №45 бейінделген орта мектепте орналасқан №7 және №1163 учаскелік сайлау комиссияларында да Қ.Сәтпаев даңғылының бойындағы үйлердің тұрғындары белсенділік танытып, түске дейін сайлаушылардың жартысына жуығы қалаған кандидаттарына өз дауыстарын берді. Ертемен келіп дауыс бергендердің арасында интернационал отбасылар да болды. Соның бірі – облыстық Достық үйіндегі «Арарат» армян этномәдени бірлестігінің жетекшісі Каринэ Козлованың жанұясы.
– Біз жолдасым екеуіміз ертемен келіп, сағат сегізде №1163 сайлау учаскесінде еліміздің дамуы жолындағы өз таңдауымызды жасадық. Бұл біздің отбасымызбен екінші мәрте дауыс беруіміз. Жолдасым орыс ұлтының өкілі. Қазақстанда тұрып жатқандықтан, өзімізді қазақ ұлтының өкілдеріндей сезінеміз. Қазақ достарымыз өте көп. Төрт жастағы қызым Светлана да қазақша тәп-тәуір үйреніп алды, – деді Каринэ Козлова.
№7 учаскелік сайлау комиссиясының хатшысы Жадыра Болатқызы сайлаушыларға барлық жағдайлар туғызылғандығын, қажетті көмектер көрсетілгендігін айтады. Мұнда да жәрмеңке, түрлі мерекелік, концерттік шаралар ұйымдастырылды.

Шығыс жұртшылығы жоғары саяси белсенділік танытты

Ұлан ауданындағы 51 сайлау учаскесінде Парламент Мәжілісіне және облыстық, аудандық мәслихаттарға депутаттарды сайлау таңертеңгі сағат жетіде басталып кетті. ЕХЫҰ-дан келген халықаралық бақылаушылар Михаел Франк және Клаус Тхомастың айтуынша, Ұлан ауданында сайлауға дайындық барысы жақсы ұйымдастырылған. Бұл сөзімізге таңертеңгі сағат 10.00-да ұландық 24031 сайлаушының 9132-сі өз таңдауларын жасап қойғаны дәлел бола алады.
Ұлы Отан соғысының ардагері Тоқтар Габдуллин ертеңгі болашағымыз, балаларымыздың бақыты, еліміздің тыныштығы, халқымыздың бірлігі мен достығы үшін дауыс беріп отырғанын айтады. Ал дәл осы 20-наурыз күні некелерін қидырып, шаңырақ көтерген, жаңа өмірлерін жарқын болашақ үшін дауыс беруден бастаған Қасым Қайсенов кентінің тұрғындары, жас жұбайлар Арман Тұрлыханұлы мен Айдана Жансарбаева да ел ертеңіне үмітпен қарайды.
Аудан бойынша жүз жастан асқан, өздерінің конституциялық құқықтарын пайдаланғысы келген бірнеше қария тіркеліпті. Учаскелік комиссия мүшелері Рашила Белдеубаева, Мария Глуходедова, Қайникамал Амирсанина сынды қариялардың үйлеріне барып, олардың ұрпақтарының келешегі үшін өз таңдауларын жасауға мүмкіндік берді. Бір ғасырдан артық өмір кешіп отырған аяулы әжелер бүгінгі тірліктеріне «тәубе» деп, артындағы ұрпақтарының тәуелсіз Қазақстанымыздың гүлденуіне үлестерін қосып, бақытты ғұмыр кешсе деген ақжарма тілектерін жеткізді.

\”Дидардың\” тілшілер тобы

Осы айдарда

Back to top button