Мәдениет

\”Шығыс шынары\” мүшайрасы

"Шығыс шынары" мүшайрасыСаят ҚАМШЫГЕР, Алматы қаласы
(Ынталандыру сыйлығы)

Майталман

Сенің сөзің көркем сурет, жарасым,
Қатарыңнан оқтай озық, дарасың.
Асыл сөзің аралап жүр Қыдыр боп,
Алтай менен Атыраудың арасын.

Сен тілімнің ең бір биік шыңысың,
Ал мұраң ше?
– Баға жетпес ырысым.
Өлмегенсің, рухыңменен тірісің,
Көркем сөздің сәулесісің, нұрысың.

Қыран болып қалықтайсың көгімнен,
Жанарыңнан тазалығың көрінген.
Қаламыңнан жұпар иіс аңқыған,
Ал жүзіңнен иман нұры төгілген.

Сен, Ор-аға!
Қазағымның сертісің,
Сөз-әлемнің шаһарысың, кентісің.
Сені оқысам көңіліме көктем кеп,
Бұқтырмамен толыққандай Ертісім.

Сені оқысам «Мұзтаудағы» Ақтаның,
Жеңер, бәлкім Алтай жақтың ақпанын.
«Қар қызы» мен «Мынау аппақ дүние»,
«Құм мінезі» мамығындай мақтаның.

Ор-ағамыз!
Сені өлді деп айта алман,
Мұраң гүлдей жадыраған, жайқалған.
Жаның көктем,
көңілің жаз,
тұлғаң тау,
Сөзің жібек,
Ел үшін сен майталман!

Мыңбай РӘШ, Алматы қаласы

(Арнаулы жүлде)

Үлкен жүрек…

О, құдырет, сайрандап,
Қайтпақ едік жыр елін.
Үмітіңді ойрандап,
Кетті ау сыздап жүрегің,
О, құдырет келіп ек,
Фәтәлидің еліне,
Не ғажапты көріп ек,
Низамидің жерінде
– «Сорлы жүрек, – сыздайды!»
Деді бірде Оралхан.
Лап еткендей мұз қайғы,
Шошынумен мен аң-таң.
Көзін жұмған мәңгіге,
Ескерткіштің қасына.
Жеткен едік әлгінде,
Гүлшоқ қойдық тасына.
… Қонақ үйде тағы аң-таң,
Жүрек тағы шанышты.
Дәрі жұтып Оралхан
Ажалменен алысты.
Болған едім сапарлас,
Мен дарынды ініммен.
Жатқан едім қатарлас,
Көз ілмедім түнімен.
Тамылжып күй, ән күнде,
Таусылды той қызығы…
…Үндістанда мәңгіге
Үлкен жүрек үзілді.

Ғалым ҚАЛИБЕКҰЛЫ, Алматы қаласы

(Арнаулы жүлде)

МҰЗТАУДЫҢ МҰЗБАЛАҒЫ ОРАЛМАДЫ

Алтайдың тауы да алтын, тасы да алтын,
Кермарал күрең белде қасынатын.
Күрең күн күз басына асылатын,
Бұқтырма Қара Ертіске асығатын,
Қара Ертіс бұрқ-сарқ қайнап басылатын.

Қара сөз қара өлеңше өрілмеді,
Жұрты тұр Шыңғыстайдың өріндегі.
Мұзтаудың мұзбалағы оралмады,
Алтайдың кербұғысы көрінбеді.

Қайда жүр құлдыраңдап «Қасқа құлын»,
Жеміне айналды ма аш тағының.
«Жесірлер» көз жастарын ағызады,
Құшақтап боздақтардың жас қабірін.

Шыңғыстай – жер биігі, сайран мекен,
Бұқтырма – саумал ма екен, айран ба екен?
Бес күндік баяны жоқ дүниеге,
Шекеден қарайтұғын қайран көкем.

Сымбаты сымға тартқан бөлек еді,
Жол қалсын Қыз Жібектің Төлегені.
Жартасқа жалғыз біткен қарағайдай,
Қасқайып тұрғаны да ерек еді.

Шығыстың топырағына кұрық көктер,
Осы елде қырық «хан» мен қырық «бектер».
Ұлылар сүрлеуімен келе жатыр,
Қалихан, Әлібек пен Ұлықбектер.

«Өр Алтай мен қайтейін биігіңді»,
Сұрмерген атып алды киігіңді.
Тағдырдың салғанына шара бар ма,
Шыңғыстай кім басады күйігіңді?!

Күншілдер мұз жалады, тұз жалады,
Отыз қыз одан бетер қызғанады.
Жиырма жыл өтсе-дағы оралмады,
Алтайдың ақиығы – мұзбалағы!

Бағдат МҮБӘРАК, Қарағанды қаласы
(Арнаулы жүлде)

ҚҰБЫЛЫС

Жасыратын несі бар құбылыс ед,
Кеудесінде дүрсілдеп бір уыс ет.
Біз кімді жоқтамадық айлап-жылдап,
Тірілетін жан болса, тірілуші ед.

Тасымыз содан өрге домаламай,
Сұм тағдыр – көзді жапқан томағадай,
Жазғанын жалпақ жұртқа жайып тастап,
Жарасын көрсетпеген Орағам-ай.

Жалғанды о, тас керең, меңіреу де,
Меңіреуге бола ма еңіреуге.
Қайдағыға қайғырған қайран жүрек,
Қашанғы көтереді сені кеуде?!

Төбесінен жатса егер ақша құйып,
Ғазиз басын пенде өтер патшаға иіп.
Шалқайып жүрмегенің содан шығар,
Сенің еңкейетінің – басқа биік!

Тасын түгендесем де тәспіғымның,
Тілін табу қиын ғой тас тұғырдың.
Жүрегім тоқтап қалды – демесеңіз,
Үнемі басымдасыз жастығымның.

Сұстанып неге мынау түнерді аспан,
Сыпырылып қалардай жүген бастан.
Тартпасын босатса егер құранды ердің,
Қайдасың деп, тартармын күрең қасқам!

Роза СЕЙІЛХАН, Алматы қаласы
(Арнаулы жүлде)

ОРАЛХАН БӨКЕЙ РУХЫМЕН СЫРЛАСУ

Мазаны ала берді күдік келіп,
Дос анау бірін-бірі жығып беріп.
Алдымнан бір тосқауыл шығады аға,
Жүргенде жақсылықтан үміттеніп.

Өлген соң айтыла ма шынның бәрі,
Тірліктің тербеп жатыр мұңды ырғағы.
Сіз, аға, бақилықсыз, жаны нұрдан,
Мен болсам бір бейбақпын құрдымдағы.

Есіме түседі ылғи құлын күнім,
Мендегі өрт сезімге жылынды мұң.
Сіз жазған кейіпкерге ұқсап қалам,
Әттең-ай, ұғар бірақ сырымды кім.

Ұзақ түн, келмейді аға, ұйқым менің,
Жазғаның жанға жақын, сиқыр ма едің.
Қатыгез дүниенің көру азап,
Шырқырап, тозақ отта үйтілгенін.

Өр Алтай сыйлаған ғой Сізге бәрін,
Өзіңді тауып алған іздеп ағын.
Ағылып, төгілесіз нөсер болып,
Жемістей беретұғын күзде нәрін.

Арманның арғымағын таң асырдым,
«Тағандай» күйін кештім шарасыздың.
Өзімді-өзім таппай жарық күннен,
Тамшымен жуып көзді аласұрдым.

Шығыстың балқарағай, шыршалары,
Өзіңсіз енді кімге мұң шағады.
Алтайды мекен еткен кер бұғыдай,
Сананы қайта-қайта жыр соғады.

Қалқаман САРИН,(Астана қаласы
(Облыс Әкімінің арнаулы жүлдесі)

ШЫҢҒЫСТАЙ

О, Шыңғыстай, Шыңғыстай!
Саурағы едің өлкенің.
Шың бопты ғой өртеңің,
Ноқталаса қайтеміз?
Көңіл алаң не етеміз?
Хош, аман тұр, аман тұр.
Шешсе ноқта кетерміз,
Адаспасақ, жетерміз.
Көруге тағдыр жазбаса,
Көкіректегі арман сол!
Әбдікерім болыс

«Шыңғыстайға барайық…»
Оралхан БӨКЕЙ
Құдіретің бар қандай, уа, Шыңғыстай?!
Басқада жоқ бақыт тұр басыңда ұшпай.
Туды өзіңде Бөкейдің жалғыз ұлы,
Қағілез һәм қырағы лашын құстай.

Серік етіп арман мен үмітті асқақ,
Сенде ғазиз ғұмырын күліп бастап,
Қас-қағымда ғайыпқа сіңіп кетті ол
Жалғандықтың түндігін түріп тастап.

Күміс нұрмен келтіріп құздың сәнін,
Жарып шығып Мұзтаудың мұз құрсағын,
Күндей болып қарайтын көкжиектен
Сәуле шашып «әлемге» біздің шағын.

Тұлғасы ұқсап тәкаппар тауға биік,
Қара басын көрмеген ханға да иіп.
Асу бермес Алтайдың өр шыңындай,
Мәңгілікті мекендеп қалды ақиық.

Алтын бесік, атажұрт, көне қорым,
Жақынына жатсынбай береді орын.
Бұқтырманың тулаған толқынындай,
Бұғып қалар мінезі жоқ еді оның.

Інжу-маржан – Марқакөл, мөлдір сулы,
Жағасында қалды ізі көлдің шулы.
Өн-бойына сіңірген тазалықты,
Кербез еді ол білмейтін көлгірсуді.

…Мұзарт шыңның мұзбалақ зор құсына,
Аспан тектес бекзада болмысына
Өр Алтайдың өлкесі, орман, тауы,
Тектілігі – ұлы ұстаз болды, сірә!

Қысқа ғұмыр кешсе де ол қасіретті,
Кең құшағын ғаламға ашып өтті.
Қаламының ұшымен қасиетті,
Адамзатты Алтайға ғашық етті.

Жазда жайсаң жер – осы, күзде – дархан,
Кербұғысын тұрарсың іздеп әр таң.
«Суы – кәусар, жұлдызы – жауһар» мекен,
Шыңғыстайға шақырған бізді Оралхан!

Осы айдарда

Back to top button