«Шығыс ұландары» ант қабылдады

Аудан әкімі С.Шоқаевтың қолдауымен №1 Күршім орта мектебінде екі бірдей кадет сыныбының ашылып, балғын шәкірттерге тиянақты тәлім бере бастағаны көпшілікке мәлім. Бұл қадамның негізгі мақсаты балалардың жан дүниесін рухани тұрғыда дамыту, оларды қоғам өміріне бейімдеу, келешекте еліміздің іргетасын нығайтатын жас буынға әскери-патриоттық тәрбие беру екендігі белгілі.
Осы «Шығыс ұландары» сыныбына биыл келген жас өрендер салтанатты түрде ант қабылдады.
«Нұр Отан» партиясы Күршім аудандық филиалына қарасты «Маяк» спорт залында сап түзеген оқушылар, ұстаздар мен осы тамашаға жиналған ата-аналар арнайы шақырылған қонақтарды қол соғып, қошеметпен қарсы алды. Олардың қатарында аудан әкімі С.Шоқаев пен оның орынбасарлары, аудандық білім бөлімінің басшысы Б.Елеубаев, «Нұр Отан» партия Күршім аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Б.Нұрымова, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Е.Ақтекенов, №2535 әскери бөлім командирінің тәрбие және құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары майор Қ.Даңғылбеков бар болатын.
Тарих пәнінің мұғалімі Б.Қабдырахманова мазмұнды баяндама жасап, мектептің тыныс-тіршілігінен татымды мағлұматтарды жұрт назарына ұсынды.
Аудан әкімі бүгінгі таңдағы аудан, облыс көлеміндегі жетістіктер жайында, білім саласына қатысты негізгі жоба-жоспарлар туралы әңгімелей келе, көпшілікті Тәуелсіздік мерекесімен құттықтады. Одан кейін сөз алған мектеп директоры Е.Мәжібаев білім ордасындағы оң қадамдар мен мақсат-межелері туралы ой толғады.
Қазақстан Республикасының Әнұраны орындалып, соңынан кадет сыныбының оқушылары өз әнұрандарын шырқады. Осыдан кейін жұрт алдына шыққан сынып жетекшісі Үсен Қайролла өрендерді жеке-жеке атап, ортаға шақыра бастады. Мұндағы әскери тәлімнің ойдағыдай әрі барынша тиімді беріліп жатқанына жиылған жұрттың көзі анық жеткендей болды. Олай дейтініміз, шап-шағын формалары бойларына бек жарасқан, небәрі 5-сыныпта оқитын балғын шәкірттердің кәнігі әскери адамдай аяқтарын сарт-сұрт басып келіп, жетекшілерінің алдында мүдірместен тақылдап баяндау жасағандары сырт көзге өте жарасымды көрініп, тәнті болған көпшілік ду-ду қол соғумен болды.
Оқушыларға «Шығыс ұландары» сыныбының куәлігін аудан әкімі С.Шоқаев табыс етіп, келешектеріне сәт сапар тіледі. Куәлік алған «кішкентай жауынгерлердің» республика туы алдында тізелерін бүгіп, оны сүйгендері, одан соң «Қазақстан Республикасына қызмет етемін!» – деп сәби дауыстарын барынша нық шығарып, ант бергендері олардың әр қимылынан көз алмай отырған үлкенді-кішілі қауымды шынымен тебірентіп жіберді. Бұл сәтке куә болған аға буын өкілдері осынау балғын ұл-қыздардың келешекте анттарына барынша адал болатындарына қапысыз сеніп отырған еді.
Мерекенің салтанатты бөлімі аяқталған соң, ортаға шыққан мектеп өнерпаздары жиналғандарды әсем ән мен тәтті күйге бөледі. Балғын бишілер мың бұралып, түрлі ұлттардың билерін орындады. Содан кейін Талғат Рамазановтың жетекшілігіндегі 6 «а» кадет сыныбының тәрбиеленушілері автомат қаруын бұзып-жинап, шығыс жекпе-жегінен әдіс-тәсілдер көрсетіп, өз өнерлерін ортаға салды.
Хасен Зәкәрия
Күршім ауданы.