Шығыс цифрландыру саласында көш бастап тұр

Облыста алғаш рет өткізілген «Digital East – Болашаққа қадам» халықаралық ІТ-форумының екінші күні Өскемендегі Жекпе-жек сарайында жалғасты. Форумға облыс әкімі Даниал Ахметов, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев пен Үкімет басшысының орынбасары Асқар Жұмағалиев қатысты. Мәртебелі қонақтар «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында атқарылған жұмыстармен танысып, осы саладағы өңірдің жетістіктеріне назар аударды, «Үздік ІТ-шешімдер мен стартап – жобалар» байқауының жеңімпаздарын марапаттады.
Мәртебелі меймандар алдымен «Цифрлық Шығыстың жетістіктері» көрмесін аралап, цифрландыру ісі бойынша облыста қолға алынған тың идеялармен танысты. Оған «Самғау холдинг», «ЦУРС», «ЦИТ Даму», «Алсеко», «Силумин Восток» сынды серіктестіктердің цифрландыру саласындағы жобалары қойылды.
Жиында Мәулен Әшімбаев өңірде цифрландыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын берді.
– «Нұр Отан» партиясы биыл көктемде еліміз бойынша 1000 ІТ-сынып ашуды мақсат тұтқан-ды. Қазір республикада 782 сынып жұмыс істеп тұр. Соның 277-сі – Шығыс Қазақстанда. Осы ретте облыс басшылығының және облыстағы партия филиалының ерен еңбегін атап өткім келеді. Тез арада осыншама сыныпты ашу – оңай шаруа емес. Енді келер жылы облыстың барлық 662 мектебінде ІТ-сыныптары құрылмақ, – деді Мәулен Әшімбаев.
Расында да, соңғы кезде «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасына үлес қосу үшін партия нақты жобаларды қолға алған. Ол – жастарға бағдарламалау, робот техникалары, 3D модельдеу негіздерін үйретіп, сұранысқа ие мамандықтарды игеруге бағыттайтын тегін ІТ-сыныптар мен ересектердің цифрлық сауатын арттырып, жаңа мамандық игерулеріне мүмкіндік беретін ІТ-орталықтар ашу жобасы. Бұл бастамалар өз жемісін бере бастады. Қазір елімізде ашылған ІТ-сыныптарда 30 мыңнан астам мектеп оқушысы білім алуда. Шығыс Қазақстанда құрылған 277 ІТ-сыныптың 112-сі қалаларда, 165-сі ауылдарда орналасқанын атап өткен жөн. Жалпы, сыныптар саны бойынша өңіріміз көш бастап тұр.
Өңірде ашылған екі ІТ-орталық та жоғары деңгейде жұмыс істеуде. Бүгінге дейін бұл орталықтарда 544 азамат білімін жетілдіріп, жаңа мамандықтарды меңгерді.
Асқар Жұмағалиев еліміздегі Электронды үкімет жобасы ең алғаш Даниал Ахметовтің жетекшілігімен құрылғанын еске салып, аймақ басшысына атқарып отырған жұмысы үшін ризалығын білдірді.
– Елбасының мұрындық болуымен қолға алынған «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын іске асыру үшін Интернет керек. Өкінішке қарай, барлық елді мекендерде ол бар деп айта алмаймыз. Сол себепті Үкімет алдағы екі жарым жылда барлық елді мекендерді Интернет желісімен қамтып шығуды жоспарлап отыр. Ғаламтор жылдамдығы жоғары болады, – деді вице-премьер.
Елбасы бастамасымен «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы табысты жүзеге асырылуда, цифрландыру жұмыстары қолға алынып, жаңа жобаларға басымдық берілуде. Таяуда елордада ашылған «Astana Hub» стартаптар технопаркі осы бағыттағы жұмыстардың жаңа кезеңін бастады.
Жиын соңында форум аясында ұйымдастырылған үздік ІТ-шешімдердің республикалық байқауы қорытындыланды. Кәсіпорындардан келіп түскен 79 жобаның ішінен қазылар алтауын таңдап алыпты. Олар түрлі көлемдегі гранттармен қаржыландырылды. Сонымен, агроөнеркәсіп саласында «AV-Software» ЖШС-нің малды, техниканы және жер телімдерін есепке алудың «Смарт Агро» орталықтандырылған ақпаратты жүйесі, геоақпараттық жүйе саласында «ГеоКом Астана» ЖШС-нің жерге қатысты жобаларды оңтайландыру жобасы мен «Геоинфо» ЖШС-нің жер құнын онлайн бағалау жобасы, денсаулық сақтау саласында «Senymmed» ЖШС-нің «Сенімді дәрігер» ақпараттық платформасы, мәдениет саласында Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-дың мұрағаттар мен кітапханалар, мұражайлар қорларының цифрлық көшірмесін жасау жобасы, құрылыс саласында «Рейтинг» ЖШС-нің «Құрылыс бақылау» геоақпараттық жүйесі үздік деп танылды. Бұлардың бәрі де қазіргі кезде өте өзекті әрі қажет жобалар болып саналады.
Екі кезеңнен тұрған байқауға барлығы 1500 үміткер қатысыпты. Конкурс мақсаты тиімді ІТ-шешімдер мен стартап – бастамаларды іріктеп, қаржылай қолдау болды. Бұл ретте қатысушылардың дені жастар екенін және олар негізінен әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ететін, халықтың тұрмыс сапасын жақсартатын жобаларды ұсынғанын айта кеткен жөн.

Осы ретте Мәулен Әшімбаев байқауға арнайы кәсіпорындар мен ІТ-компаниялардан бөлек, студенттердің, колледждер мен мектеп оқушыларының да белсенді қатысуы қуантарлық жайт екенін ерекше атап айтты.
– Цифрландыру – заман талабы. Сондықтан қазір мемлекеттік қызметтің басым бөлігі цифрлық форматқа ауыстырылып, жаңа үрдістерге сай көрсетілуде. Тіпті ірі зауыттар мен өндіріс орындары да цифрлық технологияның жемісін көріп отыр. Мұның барлығы – Мемлекет басшысы ұсынған «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының нақты нәтижесі. Елбасы Жолдауында бұл салаға ерекше мән беріп, инновациялық және сервистік секторларды дамытудың тиімді тетіктерін анықтап берді. Нәтижесінде осы салада білікті, кәсіби мамандар даярлау ісі қолға алынды. Бүгінгі ІТ-форум да – сол бастамадан туындаған іс-шара, – деді Мәулен Әшімбаев.
– Бұл алғашқы форум, оны келесі жылы да ұйымдастырамыз, дәстүрлі түрде өтіп отыратын болады. Жылдан-жылға ауқымы кеңейіп, жобалар саны арта бермек. Биылғы байқауға қатысқан 10 оқушының да жобасын қолдап, гранттар бөлдік. Жастардың бастамасына жан-жақты қолдау көрсетуге шақырамын, – деді аймақ басшысы Даниал Ахметов.
Шығыс Қазақстан цифрландыру ісі бойынша көш бастап келеді. Бізде әсіресе медицина саласын заманауи техникамен жабдықтауда айтарлықтай нәтижеге қол жеткізілген. Ол үшін облыстық мамандандырылған медициналық орталықтың жұмысын айтса да жеткілікті. Аталған нысанда роботтандырылған хирургия бөлімі істеп тұр. Цифрландырудың жемісін көріп отырған өңірдегі медициналық мекемелердің тағы бірі – облыстық Ана мен бала орталығы. Жылына 9 мыңға жуық бала дүниеге келетін бұл нысан өткен жылы 45 заманауи құрылғымен жабдықталған.
Ержан Әбіш