Қоғам

Шығыс Қазақстанның Наурыз мерекесі Барнаулда жалғасты

 Шығыс Қазақстанның Наурыз мерекесі Барнаулда жалғасты

Облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ бастаған шығысқазақстандық делегация Кедендік одақ аясында, шекаралық аймақтар ынтамықтастығы шеңберінде Ресейдің Барнаул қаласына барып қайтты. Бір атап айтарлығы, осы сапар аясында барнаулдықтар ұлық мереке Наурызды тойлап, тамаша мейрамның куәсі болды.

Барнаулдың орталығында Семей қаласы, Шемонайха, Бородулиха, Бесқарағай, Көкпекті, Ұлан аудандары еңбеккерлерінің көмегімен бой көтерген киіз үйлер қалашығы көрген жанның көзін қызықтырды. Қалашықтың бір шетінде сауда жәрмеңкесі қызып жатса, тағы бір жерінде қолөнер бұйымдарының көрмесі ұйымдастырылды. Кең ауқымдағы мәдени, спорттық шаралар да Барнаул тұрғындарын таң-тамаша етті. Барнаулға Алтай өлкесінің Керей ауылынан келген Ресейдің еңбек сіңірген мұғалімі, қазақтардың «Болашақ» мәдени автономиясының директоры: «Барнаулдың орталығында мұндай Наурыз өткізу сіздердің үлкен ерліктеріңіз деуге болады. Осы шарада қазақ халқының ұлттық мәдениеті мен салт-дәстүрін тамашалауға мүмкіндік алып, қазақстандықтардың мызғымас достығының куәсі болдық. Наурыз мейрамын 25 жыл бойы тойлап жүрсем де, кең көлемдегі мұндай Наурызды бірінші рет көріп тұрмын» деді бізбен әңгімесінде.
Іссапар аясында іскер азаматтардың бизнес-форумы өтіп, жаңа келісімдер жасалды.
¬- Біз ресейлік «Электротехмонтаж» серіктестігімен Шығыс Қазақстанда шағын және орта қуаттағы жылу қазандықтарын өндіретін бірлескен кәсіпорын құру туралы меморандумға қол қойдық. Мұндай өндіріс біздің аймаққа өте қажет, – дейді Өскемендегі «Жанельхолдинг» ЖШС-нің бас директоры Жандос Смайылов.
Сондай-ақ, біздің шығысқазақстандық бизнесмендер «Алтайсельмаш» секілді тағы басқа кәсіпорындармен арадағы ынтымақтастықты кеңейтуді көздеп отыр.
Сонымен қатар, облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ пен Алтай өлкесінің губернаторы Александр КАРЛИН бірқатар нысандарды аралады. Әсіресе, Алексей Смертин атындағы жас футболшылар мектебі шығысқазақстандық делегация мүшелерін қатты қызықтырды. Мұнда жас спортшыларға арналған қонақүй, асхана дейсіз бе, қажетті инфрақұрылымның бәрі бар. Бір мезетте бірден 10 команданы сапалы жаттықтыра алады әрі жыл он екі ай қызмет көрсетеді.
– Алексей Смертиннің өзі қалай қатысады? деп сұрады облыс басшысы.
Алексей Смертиннің өзі барлық шараның белсенді қатысушысы екен. Ол қолдау көрсету қорын да басқарып, шеберлік сыныптарын да жүргізетін көрінеді. Жалпы Алтай өлкесіндегі үздік жаттықтырушылар губернатордың гранттарына ие болады екен.
«Алтай Тэнт» спорт мектебінің аумағында жабық хоккей алаңы да салыныпты. Мұнда мұзда сырғанау жас хоккейшілер мен сырғанақ тебуді ұнататын әуесқойлар үшін қаладағы мұз сарайындағы бағаға қарағанда төрт есе арзан. Мұндай тәжірибе шығысқазақстандықтардың да қызығушылығын туғызды. Шығын жоқ, ал хоккей алаңы толық жұмыс істейді.

 Шығыс Қазақстанның Наурыз мерекесі Барнаулда жалғасты

Барнаулдағы Индустриалды аудандағы №132 мектептің «2000» білім кластерінде де жаңалықтар жетерлік. Мектеп директоры Инна Борисенконың Бердібек САПАРБАЕВҚА айтқанындай шағын тұрғын ауданындағы кешенде заманауи мектеп пен балалар бақшасы, өнер мектебі, бассейн бар көрінеді. Және қандай десеңізші! Мұнда жас бүлдіршіндер көңілі қалаған өнер түрімен айналысуға мүмкіндік алады. Сонымен қатар, олар кітап оқуды да ұнатады. Бір сөзбен айтқанда, қызықты жобалар көп-ақ. Жаңалық та жетерлік. Мысалы, біздің облыстың мұғалімдері наурыз айында Алтай өлкесінің жаңашыл педагогтарының форумына қатысыпты. Ал қазіргі күні өлкенің белсенді жастары Семей қаласында өтетін студенттер конференциясына қызу әзірленуде. Сондай-ақ, мамыр айында АМТУ-дің қазақ тілі мен мәдениеті орталығы шығысқазақстандықтардың қатысуымен үш тілде конференция өткізбек.
Өңірдің клиникалық ауруханасындағы заманауи жабдықтар жоғары технологиялық оталар жасауға зор мүмкіндік бермек. Бүйрек ауыстыру, бастағы ми тамырларын емдеу күнделікті дағдыға айналған. Диагностика жасау мен емдеудің рентгендік ота әдісі бөлімі де ашылыпты. Күрделі оталар арзан емес, 400 мың теңгеден бастап 5 миллион теңгеден асады. Бірақ, бұл мақсатқа қаражат бөлінеді. Шығыс Қазақстан да үстіміздегі жылы бүйрек ауыстыру бойынша оталар жасауды қолға алуды жоспарлап отыр. Яғни, бұл істің қыр-сырын әлі де толық меңгеру қажет. Бердібек САПАРБАЕВ облыстың денсаулық сақтау саласы мамандарымен бірге өңірдің медицинасында жоғары технологияны дамытуда көршілердің тәжірибесін қалай енгізу қажеттігі жайына зор көңіл бөлді.
Осы арада Сахаров алаңында өткен шараны да айтпай кетуге болмайды. Барнаулдағы мерекеге Алтай аймағындағы барлық қазақ қауымдастығының өкілдері қатысты. Олар Семей қаласының құрған киіз үйіне кіріп, дәм ауыз тиді. Ал Бородулиха ауданы құрған қазақ үйде біздің облыстан шыққан барнаулдықтар бас қосты. Барнаулдағы қазақ мәдени орталығының директоры Мұрат Бекмұратов та облыс басшысына Алтай аймағының тұрғындары мұндай кең көлемде аталып өтіп отырған Наурызды тұңғыш рет көріп отырғандарын жеткізді. Міне, киіз үйлерде елге еңбектері сіңген қайраткерлерді күтуде. Олардың арасында Ғалдыбек Даутбаев, Ертай Қажикеев, Нұрғайша Баринова және тағы басқалар бар. Жалпы, Алтай аймағында 10 мыңнан астам қазақтар тұрады. Бұл күндері олардың кеуделерін мақтаныш кернегені сөзсіз. Олар облыс Әкімінің бастамасымен Барнаулда қазақ тілі мен мәдениетінің орталығы ашылғанына дән риза. Осы тойда біз Шығыс Қазақстаннан шыққан біраз жерлестерімізді де жолықтырдық. Олардың ішінде журналист, «Алтайская правда» газетінің бұрынғы редакторы Александр Козлов, бұрынғы Самар ауданының партия қызметкері Раиса Ковтун, «Малиновое озеро» сауда үйінің қазіргі директоры Игорь Қонақбаев және тағы басқалар бар. Жерлестер туған өлкенің басшысы Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ әр сөзін ықыласпен тыңдады. Бердібек САПАРБАЕВ оларды туған жерді түлетіп, дамытуға, шекаралық аймақтардың тұрғындары арасындағы достықты нығайтуға үлес қосуға шақырды. Туған жерді ұмытуға әсте болмайды, жиі келіп, қолдау көрсету қажет.
Ресми кездесуде Бердібек САПАРБАЕВ көршілерді Шығыс Қазақстанда өтетін шағын ЭКСПО көрмесіне, облыстан шыққан жерлестердің форумына белсене қатысуға шақырды. Мұнымен қатар, біздің өңір үстіміздегі жылы «Алтай ¬- біздің ортақ үйіміз» халықаралық үйлестіру кеңесінің кезекті отырысы мен халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясын лайықты өткізу үшін әзірлік үстінде.
Өлке әкімшілігінің үлкен залында 2010 жылы қол қойылған ынтымақтастық жөніндегі келісімдерді жүзеге асыру аясында атқарылған жұмыстардың нәтижесі шығарылды. Александр КАРЛИН Қазақстанмен экономикалық ынтымақтастықтың өлке үшін маңызы зор екенін ерекше атап өтті. Өткен жылы өлкенің тауар айналымынан түскен пайданың үштен бір бөлігі біздің республикаға тиесілі. Бірінші орында қашан да шығысқазақстандықтар тұрады. Аймақаралық байланыс та жақсы даму үстінде. Змеиногорск, Локтев және Третьяков аудандары Шемонайха ауданымен шекаралық ынтымақтастықты дамыту туралы екі жақты келісімдерге қол қойды.
– Көршілермен арадағы осынау жақсы істер қашан да өз жалғасын табады. Біздің достығымыз өзінің бастауын ғасырлар тереңінен алады. Берік байланыстың, сыйластықтың үлгісін екі мемлекеттің Президенттері – Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ пен Владимир Путин көрсетіп отыр. Біз аймақтық деңгейде көп іс тындыра аламыз, – деді өз сөзінде Бердібек САПАРБАЕВ.
Облыс басшысы бірқатар бірлескен жобалар туралы да айтып өтті. Екі аймақ та ядролық сынақ алаңының зардабын тартқаны сөзсіз. Бүгінгі күні Семейде арнайы медициналық кластер құрылуда. Шығысқазақстандықтар радиациялық ауруларды емдеуде айтарлықтай тәжірибесі бар алтайлық медицина мамандарын бірлесе жұмыс істеуге шақырды.
Облыс басшысы Алтай өлкесінің қазақ тілінде оқытатын мектептердің жұмысын жоғары бағалап, ризашылығын жеткізді. Әрбір адам өз ұлтының тілін ұмытпай, салт-дәстүрін сақтауы тиіс. Шығыс Қазақстанда да жүзден аса ұлт пен ұлыс өз салт-дәстүрін, тілін сақтауда. Облыста 10 Достық үйі мен этноауылдар бар.
Шығыс Қазақстан облысының Алтай өлкесіндегі мәдени күндері аяқталар тұста өткен баспасөз мәслихатында журналистер қауымы облыс Әкіміне өз сауалдарын қойды. Сондай сауалдардың бірі Алтай аймағындағы жоғары оқу орындарында қазіргі күні білім алып жүрген шығысқазақстандық 670 студенттің жағдайына байланысты болды. Егер олар туған жерге оралатын болса, жұмыс табыла ма?» деп сұрады. Бердібек САПАРБАЕВ аймақтағы өндіріс орындарына ең алдымен мықты инженерлердің қажет екенін атап көрсетті.

Владимир Никифоров
Барнаул – Өскемен

Осы айдарда

Back to top button