Шығыс Қазақстанда тұңғыш рет «IT Шығыс-2013» көрмесі ұйымдастырылды
Кеше облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ Өскемендегі «Үлбі» мәдениет үйінде аймақта тұңғыш рет ұйымдастырылған «IT Шығыс-2013» көрмесіне қатысып, танымал халықаралық брендтер мен жергілікті фирмалар өкілдерінің жұмысына сәттілік тіледі.
Шараны ұйымдастырушылар, яғни, «Алтай» IT-паркі мамандарының айтуынша, болашақта дәстүрлі түрде өткізілетін «IT Шығыс» көрмелері облыстағы түрлі ұйымдар мен билік органдары өкілдерінің, байланыс және коммуникация саласы мамандарының қарым-қатынас алаңына айналмақ. Аталған көрме аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ тікелей бастамасымен ұйымдастырылыпты.
Жалпы, бұл көрменің еліміздің Шығысында, Өскемен қаласында өткізілуі кездейсоқ жағдай емес. Себебі, республика көлемінде шығарылатын IT өнімдердің басым бөлігі біздің облысқа тиесілі екен. Атап айтқанда, компьютерлік бағдарламалардан титтей болсын хабары бар жанға жақсы таныс 1С негізіндегі шешім мен тұңғыш қазақстандық «Альтаир» антивирустық бағдарламасы сияқты жаңалықтар Шығыс Қазақстанда жарық көрген.
Қазақстанда ақпараттық қоғам белсенді түрде қалыптастырылып, даму үстінде. Саланың ең басты міндеттері ақпараттық және заманауи телекоммуникациялық технологияларды білім беру, медицина, әлеуметтік қорғау салаларына енгізу арқылы халықтың өмір сапасын арттыру болып табылады. Бүгінде бұл бағытта еліміз аумағында көптеген шаралар жүзеге асырылуда. Ал Шығыс Қазақстанда электронды үкімет бағдарламасы аясында 30-дан астам жоба қолға алынған, дейді мамандар.
– Шығыс Қазақстан облысы – еліміздегі электронды үкімет бағдарламасын ойдағыдай енгізіп келе жатқан аймақтардың бірегейі. Облыстарыңызда көптеген жаңа қызмет түрлері электрондық жүйе арқылы көрсетіле бастады. Бұл – мемлекеттік қызмет органдары үшін де, қарапайым тұрғындар үшін де тиімді. Біздің компания «Smart City – шынайы IT-экономика» бағдарламасын жүзеге асырумен айналысуда. Бұған дейін Астана мен Алматы қалаларында нәтижелі орындалған бағдарлама енді «Smart Region» деген атаумен еліміздің өзге аймақтарында да жүзеге аспақ. Және де бағдарламаны енгізуді сіздердің облыстарыңыздан бастауымыз тегін емес. Облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВҚА осындай маңызы зор көрмені ұйымдастырғаны үшін алғыс айтқым келеді, – деді өз сөзінде «Dynamics Technologies» ЖШС жетекшісі Сергей Волков.
Қазіргі уақытта аймақтағы органдар 125 мемлекеттік қызмет түрін көрсетсе, олардың 28-і электрондық түрде ұсынылады екен. Ағымдағы он айдың ішінде 4 миллионнан астам мемлекеттік қызмет көрсетілсе, оның 8 мыңға жуығы электрондық жүйе арқылы жүзеге асырылыпты.
– Кез келген қоғамның, мемлекеттің дамуы онда жаңа технологиялардың, инновациялық идеялардың енгізіліп, қолданылуына тікелей байланысты. Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ еліміздің дамыған 30 елдің қатарына енуі үшін инновациялық технологияларды игеру қажеттігін айтып келеді, – деді облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ көрменің ашылуына байланысты ұйымдастырылған салтанатты жиында. – Соңғы он жылда бізде бұл бағытта қандай оң өзгерістер орын алғанын жақсы білесіздер. Осыдан бірнеше жыл бұрын аймағымызда санаулы ғана сайт тіркелген болса, қазір олардың саны 100-ге жетіп қалады. Мемлекеттік қызмет көрсету де біртіндеп элетрондық негізге көшірілуде. Мұның бәрі көрсетілетін қызметтің халыққа барынша ыңғайлы болуы мақсатында жасалуда. Аймақ басшысы сонымен қатар, жаңа инновациялық технологиялармен жұмыс істейтін мектептердің тәжірибесін көпке үлгі ретінде келтірді.
Сондай оқу ордасының бірі, Өскемендегі №25 мектептің 6- сынып оқушысы Малика Құнанбаева өзінің бауыры Алмаспен бірігіп, «Альфа Рекс» құтқарушы роботы» атты жобаны қолға алыпты.
– Туындымызды құтқарушы робот деп атауымыз тегін емес. Кейін мұндай роботтар түрлі табиғи не техногендік апаттан зардап шеккен аймақтарда адамдарды құтқару жұмыстарына атсалысады деп үміттенеміз. Жалпы, бұл роботты Lego конструкторларының көмегімен жасадық. Бұл бірінші роботымыз емес, бұған дейін де түрлі жұмыс атқара алатын құлтемірлер жасаған болатынбыз. Енді жұмысымызды көрмеге әкеліп, өзіміз сияқты жас робот жасаушылармен кездесіп, олардың жұмыстарымен жақынырақ танысуға мүмкіндік алып отырмыз. Мұндай көрмелер жиірек ұйымдастырылса, жақсы болар еді, – деген Малика мектептерде робототехниканың негіздерін үйрететін үйірмелер ашылса деген де тілегін жеткізді.
«IT Шығыс-2013» көрмесінің іскерлік бағдарламасы аясында қатысушылар үшін ақпараттық секциялар да ұйымдастырылды. Олардың ішінде «Microsoft» ұсынған бұлтты технологиялар негізіндегі кешенді шешімдер, деректерді қорғау, «Smart City», IT саласында бизнесті ұсынуға арналған шешімдер, бизнес инкубатор сияқты тақырыптық секциялар болды. Ал «Касперски зертханасы», «ESET», «1C», «2ГИС», «SOYLEM» және «Dr.Web» компаниялары тыңдаушыларға өздерінің соңғы өнімдерін ұсынды.
– Біздің компаниялар үшін мұндай көрмеге қатысу – ол жұмыстың жаңа бір кезеңі. Шыны керек, көпшілігіміз бірегей өнімдер шығарсақ та, ірі халықаралық шаралар ұйымдастырылғанда не көрсететінімізді, не айтатынымызды білмей қалып жатамыз. Яғни, өз өнімдерімізді тұтынушыға дұрыс ұсына алмай келеміз. Ал бүгінгі көрме IT-компаниялардың кәсіпқойлық деңгейін көтеруге, нарықта өздерін көрсете білуге тамаша мүмкіндік береді деп ойлаймын, – дейді «1С-Сапа» компаниясының серіктестермен жұмыс істеу жөніндегі менеджері Александр Степанов.
Ал облыстық телекоммуникация дирекциясының бас директоры Эрнест Еспенбетовтің айтуынша, осындай іс-шараларды өткізу өңірдегі ақпараттық технологияларды енгізу деңгейін нақты, объективті бағалауға жол ашады.
– «IT Шығыс-2013» көрмесіне қатысу әрбір ұйым үшін маңызды деп ойлаймын. Өйткені, бұл алаң – ақпараттық коммуникация нарығындағы кез келген құбылыстарға икемді, заман талабына сай қадам басқан компанияға өзін таныту үшін тамаша мүмкіндік. Бүгін біз көрмеге келушілердің әрқайсысына қызметтерімізді тікелей ұсынып, «ID TV», «ID Phone» және басқа да танымал қызмет түрлерінің басым бағыттарына өз бағасын беруіне жағдай жасадық, – деді Э.Еспенбетов.
Көрмені аралап көріп, оған қатысушы компаниялар ұсынған қызмет түрлерімен жақынырақ танысқан облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ кез келген жұмыс бірінші кезекте халық үшін жасалатынын, сондықтан жаңа технологияларды игеру кезінде осы мәселені назарда ұстау қажет екенін ерекше атап өтті.
Нұржан Кенжеұлы