Шығыс Қазақстанда қанша бәйтерек бар?
Кең көсіліп жатқан қазақ даласының жүрек тұсынан ару Астана салтанат құрғалы елдің назары Сарыарқа төсіндегі бас қаламызға құлай ауған. Содан бері қабырғалы халқымыз Ұлт Көшбасшысы, XXI ғасыр басындағы ғажайып құрылыстың бас сәулетшісі Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ төл туындысы – Астананың әрбір жаңалығын қуанышпен қабылдап, жасанып-жаңаруының, гүлденіп-түрленуінің куәсі болып келеді. Ең бастысы, күн санап құлпырған Астананың сымбатына қарап еліміздің өзге елді мекендері еңсе түзеуде. Оның нақты мысалын өңірдің аудан-қалаларында бой көтерген Бәйтерек монументінің шағын көшірмелерінен-ақ көруге болады.
Иә, ұлттық құндылықтардан туындап, биік мақсаттар мен асыл мұраттарға жетелеген, бейбітшілік пен достықтың байрағы болған бірегей архитектуралық нысан – Бәйтерек монументі бүгінде Астананың ғана емес, Қазақ мемлекетінің символына айналды. «Әлемнің жеті кереметі» қатарына енетін Үндістандағы Тадж-Махал, Египеттегі Пирамидалар, Париждегі Эйфель мұнарасы сияқты монументалды архитектуралық құрылыстар дүниеге келгенде бір ғана мемлекеттің құндылығы саналғанмен, уақыт төреші оларды халықаралық мәдени мұралардың деңгейіне өзі-ақ көтерді. Сол секілді қазақ даласының әр түкпірінен көшірмелері төбе көрсете бастаған Бәйтерегіміз күні ертең Эйфель мұнарасындай жалпақ әлемге танылып, бүкіл адамзаттың асылына айналып жатса таңғалмаңыз. Олай дейтін себебіміз, 1898 жылы Парижде дүниежүзілік көрме қарсаңында белгілі инженер Гюстав Эйфель темір құрсаудан жасалған 300 метрлік мұнара жобасын таныстырғанда, бұл идеяға қарсы пікір айтқандар да болған. Кейін оның бәрі ұмытылып, әу баста Париж әкімшілігі «уақытша тұрады» деп есептеген мұнара уақыт өте келе «Эйфель» атанып, «Әлемнің жеті кереметінің» біріне айналды. Бәйтерек те дәл сондай ұлттық һәм интернационалды архитектуралық нысан.
Еліміздің өзге өңірлерін қайдам, біздің облыстың аудан орталықтарында, керек десеңіз тіпті кейбір ауылда Бәйтеректің шағын макеттері бар. Шығыстағы ең алғашқы Бәйтерек 2010 жылы Өскеменде орнаған. Артынша бұл игі дәстүр Семей, Риддер, Курчатов қалаларында, Зайсан, Тарбағатай, Күршім, Катонқарағай, Үржар, Аягөз, Көкпекті, Бесқарағай, Шемонайха аудандарында жалғасын тапты.
Айта кетейік, Өскемендегі Бәйтеректің көшірмесі – Астанадан кейінгі еліміздегі екінші монумент. Оның салмағы – 22 тонна, биіктігі – 28,5 метр. Оның негізгі биіктігі – 11 метр, салмағы – 15 тонна. Құрылысты салмағы төрт тонна болатын он метрлік тәж қоршап тұр, ал алтын түсті шардың салмағы үш тоннаға жетеқабыл. Жұмысты «Центрэнегоэкспертизы» ЖШС орындаған.
– Біздің шаһардағы Бәйтеректің астаналық түпнұсқадан ешбір өзгешелігі жоқ. Тек шағын демесеңіз. Бүгінде монумент қаланың көркіне көрік қосып, жастардың фотосуретке түсіп, тамашалайтын орнына айналған. Әсіресе, түнгі уақытта шамдары жарқырап керемет әсер туғызады. Айналасындағы жайқалған гүлдестелер, жасыл желек Бәйтерекпен жақсы үйлесіп тұр. Оны қаладағы тамаша сәулет құрылыстарының бірі деуге болады, – дейді Өскемен қаласының тұрғыны Саят Құмарбеков.
Қазір санап отырсақ, облыстағы елді мекендерде ұзын саны 15-тен астам Бәйтерек монументінің көшірмесі бар екен. Олардың кейбірі ауылдық жерлерде орналасқан. Мәселен, Тарбағатай ауданының Ақжар, Көкпекті ауданының Самар ауылдарында тұр. Ал енді Зайсан және Күршім аудандарының орталығында Бәйтерекпен қатар еліміздің айбарындай болған, жас буынға патриоттық рух сыйлайтын «Қазақ елі» монументінің шағын макеттері алыстан менмұндалайды.
– Тәуелсіз еліміздің дамуын, өсіп-өркендеуін бас қаламыз арқылы тануға болады. Сондықтан барша қазақстандықтар Астанаға қарап бой түзейміз, шамамыз келгенше құндылықтарын қабылдауға тырысамыз. Өйткені, Астана – еліміздің ордасы, ұлтымыздың келбеті. Ал ондағы Бәйтерек көпұлтты халқымыздың мақтанышы деуге болады. Теңдессіз монументтің көшірмелері облыстың елді мекендерінде, оның ішінде Зайсанда 2010 жылы орнатылды. Бір қуанарлығы, біз Астанадан Бәйтеректі ғана алған жоқпыз, сондай-ақ, көріктендіру, гүлдендіру, абаттандыру үлгілерін де қабылдадық. Қазір ауылдық жерлердің өзінде көркейту, абаттандыру, тазалау жұмыстары мықтап қолға алынған. Жаңадан кәсіпорындар ашылып, көптеген нысандар салынуда. Осының бәрі елордадан бастау алған игі істердің өңірлердегі жалғасы, – дейді Зайсан аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Зумрат Дүйсенбаева.
Осы орайда бәзбіреулер мұнша көп «бәйтеректердің» қажеті қанша деп те ойлауы мүмкін. Алайда, біз бұл істің астарында терең тәрбиелік мән, үлкен идеология жатқанын ұмытпауымыз керек. Бәйтерек тек темір құрсаулы ескерткіш қана емес. Шынтуайтында, ол – мәдениеттің нышаны, бейбітшіліктің белгісі. Бәйтерек – ол мемлекет дамуының айқын көрінісі. Ішкі және сыртқы саясатты көздейтін, елдің әлеуметтік жағын көрсететін, жастарды патриот болуға, отансүйгіштікке үндейтін идеология.
Қосымша дерек
Бәйтеректің биіктігі – 97 метр. Бұл Астананың еліміздің бас қаласы мәртебесіне ие болған 1997 жылмен байланысты. Кешен үш бөліктен тұрады: жер-асты бөлігі ұлтымыздың тамыр жаюын білдірсе, одан кейінгі жер беті мен аспан қабаты бөліктері – еліміздің өркендеу кезеңдерінің нышандары.
Серік Әбілхан