Шығыс Қазақстан – медицинаға робот техникасын енгізген бірінші облыс

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапарымен облысымызда болып қайтты. Мемлекет басшысы облыс әкімі Даниал Ахметовпен бірге Ұлан ауданындағы «OstFish» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің, Өскемен қаласындағы «Силумин-Восток» кәсіпорны мен роботтандырылған хирургия орталығының жұмысымен танысты.
Әуелі Президент Ұлан ауданындағы бекіре еті мен уылдырық өндіретін \”OstFish\” ЖШС-нің жұмысымен танысты. 2016 жылы іске қосылған өндіріс ошағы жыл аяғына дейін алғашқы өнімін беруі тиіс. Ал толық қуатына 2022 жылы енеді деген жоспар бар. Бұл шақта кәсіпорын жылына 45 тонна бекіре етін, 4 тоннадан астам уылдырық өндіретін болады.
Серіктестіктің бас директоры Рашид Алшынбаев тоқтау суға салынған төрт кешеннің әрқайсысы қалай жұмыс істейтінін түсіндірді. Кешен құны 424 млн. теңге тұратын еуропалық Sia AquaFerma қондырғысымен жабдықталған. Ал жобаның жалпы құны 1,8 млрд. теңгеге бағаланып отыр. Оның 300 млн. теңгесін кәсіпкер өз қалтасынан шығарса, қалған бөлігін «Қазагроқаржы» АҚ қаржыландыруда. Облыс әкімі Даниал Ахметов «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында кәсіпорынға өңір бюджетінен инженерлік инфрақұрылым тарту үшін 40 млн. теңге, құрылыс шығындарының субсидиясы ретінде 317 млн теңге бөлінгенін атады.
Өндіріс алпауыттарына инжинирингтік қызмет көрсететін «Силумин Восток» кәсіпорны Елбасы ат басын бұрған екінші нысан болды. Аталмыш серіктестік 2002 жылдан бері энергетика, тау-кен және мұнай-газ өндірісіне қажет сорғылар мен мойынтіректер, электр-қалқанды құрылғылар дайындап келеді. Кәіспорынның басты ерекшелігі – өндіріс процесі бастан-аяқ цифрландырылған. Автоматтандырылған жүйенің ақаусыз жұмыс істеуіне жауапты мамандар арнайы кабинетте өндірісті монитор ақылы бақылап отырады. Зауытта 240 адам жұмыс істейді. Кәсіпорынның бас директоры Олег Фроимчуктің айтуынша, жұмысшылардың орташа жалақысы 220 мың теңгеден асатын көрінеді. Мемлекет берген қолдаудың арқасында компания жыл сайын табыс көлемін арттырып, өндіріс аясын кеңейтіп келеді. 2016 жылы 597 млн. теңгенің өнімі шығарылса, биыл бұл көрсеткіш 1,4 млрд. теңгеден асуы тиіс.
-Өңірде өнеркәсіп саласы өркендеп, индустриялық бағдарлама аясында 46 жоба жүзеге асырылды. Жаңа жұмыс орындарымен қамтамасыз етіп жатқан кәсіпорындар салынуда. Атап айтқанда, 7500-ге жуық адам жұмысқа орналасты, – деді Президент.
Құлтемірдің қолынан шипа көрген
Облыста цифрландыру ісі медицинаға да дендеп енуде. Осыған дәлел ретінде Елбасы назарына Өскемен қаласының №1 ауруханасындағы роботтандырылған хирургия орталығы ұсынылды. Мыңнан астам адамды жұмыспен қамтып отырған аурухана соңғы 2-3 жылда материалдық-техникалық жабдықталу жағынан үлкен өзгерістерді басынан кешірді. Соның ең елеулісі – роботтандырылған ота орталығы. Оның жұмысын жүргізу үшін төрт маман іріктеліп, Италия мен Алманиядан қосымша білім алған болатын. Ал «оташы роботты» іске қосып, жергілікті мамандарды үйретуге Италиядан Стефано Джидаро есімді профессор шақыртылған. 27 наурыздан бері аталмыш маман Өскеменде еңбектенуде. Оның басқаруымен «оташы робот» 36 науқастың алғысына бөленіп үлгерді. Жуықта ғана бұл ауруханада әлемде тұңғыш рет бүйректі алып тастау отасын робот атқарды. Келешекте роботтың көмегімен жылына 500 ота жасау көзделген. Облыс әкімі Даниал Ахметов мұндай роботтандырылған орталық Қазақстанның өзге өңірлерінде жоқ екенін атады. Осы кешеннің арқасында Өскеменде медициналық туризм де қарыштап дамиды деген үміт бар.

Президентке медициналық қызмет сапасын арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде ақпарат ұсынылды. Облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова өңірдегі медицина мекемелерін заманауи материалдық базамен қамту үшін 2020 жылға дейін 23,4 млрд. теңге бөлінетінін атады.
-Облыстағы барлық медициналық мекемелердің жабдықталуына терең талдау жасаған болатынбыз. Сол талдаулар салаға 23,4 млрд теңгенің жабдықтарын алу қажеттігін көрсетті. 2019 жылдың аяғына дейін осы қажеттілікті 100 пайызға жапсақ деген жоспарымыз бар. Мамандарымызды шетелдің үздік медицина орталықтарына жіберіп, біліктіліктерін арттырып жатырмыз. Өңірлік бағдарлама аясында үш жылда 173 маманды ұзақ мерзімді оқу курстарына жібермекпіз» – деді Әсем Нүсіпова.
Инсульт орталығы аудандарда да бар
Биыл Шығыс Қазақстанның екі ауданында инсульт орталығы ашылған болатын. Аталмыш орталықтардың ұжымы Аягөз және Зырян қалаларынан Елбасымен телекөпір режімінде тікелей байланысқа шықты.
«Аягөздегі инсульт орталығынан Үржар, Тарбағатай және Жарма аудандарының халқы да ем алуда. Осылайша, 200 мыңнан астам халықты заманауи қондырғылармен жабдықталған орталықта емдейміз. Ең бастысы, халық бұрынғыдай Өскемен мен Семейге сенделмейтін болды», – деді Аягөз аудандық ауруханасының бас дәрігері Шалқар Омаров.
Ал Зырян ауданындағы орталық Катонқарағай және Күршім аудандарына қызмет көрсететін болады. Мұнда шалғай елді мекендердегі 180 мыңнан астам халық екінші деңгейлі инсульт орталығының қызметін пайдалану мүмкіндігіне ие болып отыр.
Мемлекет басшысы мұндай орталықтардың ұлт саулығын нығайтудағы маңызы зор екенін атады.
– Зырян қаласын жақсы білемін. Нағыз өндірістік қала. Облыс орталығынан алыс жатқандықтан, инсульт орталығының ашылуы – құптарлық іс. Қазір бүкіл әлемде адамзат өмірін ұзарту үшін күрес жүріп жатыр. Елімізде жүрек-қан тамырлар ауруларынан көз жұматындардың саны көбейген соң, барлық облыс орталықтарында инсульт орталықтарын ашқанбыз. Соның нәтижесінде қауіпті індеттен қайтыс болғандардың саны күрт азайды. Ана мен бала өлімін де төмендеттік. Әлемде өлім көрсеткіші жөнінен онкологиялық аурулар бірінші орында тұр. Онымен күрестің ең алғашқы қадамы – әркім өз денсаулығын күтуі қажет. Денсаулық сақтау ісінде медицинаның үлесі 10-15 пайыз ғана. Қалғаны адамның өзіне тікелей байланысты – деді Мемлекет басшысы.
Елбасы медицина саласына жаңа технологияларды енгізуде Шығыс Қазақстанның ілгері тұрғанын атады.
-Шығыс Қазақстанда ең алғаш рет медицицнаға робот техникасы енгізіліп жатыр. Бұл – жаңа технология. Мұны барлық жерге енгізуіміз керек. Біріншіден, робот адамға қарағанда нақты. Операция кезінде қиындық тудырмайды. Бұл ретте Шығыс Қазақстандағы атқарылған жұмыстарға жақсы баға беруге болады, – деді Президент.
Мемлекет басшысы шетелде оқып келген мамандардан біздегі және шетелдік жүйенің айырмашылығын сұрады. «Онда аурудың алдын алуға көп көңіл бөлінеді. Әйтпесе негізгі жұмыстарында біздегіден өзгешелік жоқ», – деді семейлік жас дәрігер Идалия Рахимова.
Елбасы мемлекет қаржысына алынып жатқан қымбат қондырғылардың ел игілігіне жарауы үшін дәрігерлердің білімі соған сай болу керектігін де атады.
– Ең әуелі дәрігер білікті болуы шарт. Дипломы бардың бәрі білікті маман деген сөз емес. Кейбір медицинасы озық елдерде студенттер 3-4 курстарда бейімдігіне қарай іріктеледі. Яғни, барлығына бірдей дәрігер дипломы берілмейді. Кейбірі медицина саласының менеджері болуы мүмкін. Қымбат әрі заманауи қондырғылардың болғаны жақсы, бірақ оны қолдана алатын мамандар болуы керек. Қазір ағза алмастыру оталарын өзімізде жасай алатын болдық. Робот техникасы медицинаға да дендеп енуде. Осының бәрі адамдардың өмір сапасын арттыруға бағытталып отыр. Соңғы 10 жылда халықтың орташа өмір сүру жасы 65-тен 72-ге жетті. Енді оны 80-ге дейін жеткізу міндеті тұр. Ол үшін дәрігерлер халыққа жақын болуы керек. Алдарыңызға келген науқасқа жылы қабақ танытып, сыпайы сөйлескеніңіздің өзі үлкен көмек, – деді Елбасы.
Есімжан Нақтыбайұлы