Қоғам

«Шығыс-Ақпарат» бірінші орын алды

«Шығыс-Ақпарат» бірінші орын алды

Журналистердің төл мерекесі қарсаңында облыстық спорт және денешынықтыру басқармасының ұйымдастыруымен спартакиада өтті. Спорттың бес түрінен өткен жарыс қорытындысында «Шығыс-Ақпарат» ұжымы командалық есепте бірінші орын алды.
Жарғақ құлағы жастыққа тимей жаңалық іздеп жүретін, қаламгер Шерхан Мұртазаның сөзімен айтқанда, «жегені – жантақ, арқалағаны – алтын» болған ақпарат саласының өкілдері арасында облыстық деңгейде бұған дейін де бірді-екілі сайыстар өткізілгенімен, дәл биылғыдай бюджеттен екі миллион теңге бөліп тұрып, арнайы спартакиада ұйымдастырылмаған еді. Сондықтан да болар, командалар тас-түйін дайындықпен келіпті. Екі күнге созылған спартакиадаға негізгі құрамы «Дидар» және «Рудный Алтай» газеттерінің жас тілшілерінен құралған «Шығыс-Ақпарат» командасы, облыстық «Қазақстан-Өскемен» телеарнасының құрамасы, Көкпекті аудандық газетінің ұжымы, облыстық деңгейдегі баспасөз хатшыларының командасы бап пен бақтарын сынасты.
Жарыстың бірінші күнінде командалар Президенттік көпсайыс, шахмат, дойбы және волейбол бойынша өзара мықтыны анықтады. Аталған спорт түрлерінің алғашқы үшеуінен «Шығыс-Ақпарат» командасы бірінші орын алса, волейбол алаңында «Қазақстан-Өскемен» арнасының бағы жанды. Келесі күні жарыс көрігі шағын футбол алаңында қызды. Нәтижесінде бірінші орын «Шығыс-Ақпарат» командасына, екінші орын көкпектіліктерге, үшінші орын «Қазақстан-Өскемен» ұжымына бұйырды. Осылайша, бес түрлі спорттың төртеуінен бірінші орын алған «Шығыс-Ақпарат» командасы айқын басымдықпен спартакиада жеңімпазы атанса, командалық екінші орын Дархан Дүйсембаев бастаған көкпектіліктерге бұйырды. Үшінші орынды облыстық телеарна командасы қанжығаларына байласа, баспасөз хатшылары спартакиаданың төртінші орнын қанағат тұтты.
Шараның ұйымдастырылуы жайында бірер сөз айтар болсақ, төрешілер құрамының салиқалы жұмысы жарыстың өз деңгейінде өтуіне негіз болды. Әсіресе, волейбол сайысына қазылық еткен жоғары санаттағы ұлттық төрешілер Валентин Измайлов, Мамырбек Өтеев, Қуандық Оразханов, ұлттық төреші Марат Әубәкіров пен хатшы Борис Сергеев сынды мамандардың біліктілігін атап өткен жөн.
Спартакиаданың жабылу салтанатында командаларға әр сайыс түрі бойынша орындар тағайындалып, марапаттау қағаздары таратылды. Бірақ жеңімпаздықты айқындайтын құжаттарда ешбір команданың, ешбір журналистің аты жазылмапты. Бір сөзбен айтқанда, спартакиаданың күйінетін де, сүйінетін де тұстары көп болды. Ал командалар бұл бастама келер жылы жалғасын тауып жатса, «көш жүре түзелер деген үмітпен тарқасты.

Есімжан Нақтыбайұлы

Осы айдарда

Back to top button