Қоғам

Шығыс – адалдық алаңы

Шығыс – адалдық алаңы


Мемлекет басшысының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында берілген тапсырмаларды орындау мақсатында облыста «Шығыс –адалдық алаңы» жобалық кеңсесі ашылды. Жобаның мақсаты – азаматтардың мемлекеттік билік институттарына деген сенімін арттырып, жемқорлық деңгейін төмендету, сыбайлас жемқорлыққа жалпықоғамдық төзімсіздікті қалыптастыру.

– Қоғамда сыбайлас жемқорлықтың көздерін құртуда елеулі қадамдар жасалуда. Бүгінгі «Шығыс –адалдық алаңы» жобасы осы шаралардың жалғасы. Жұмыс нәтижелі болу үшін бүкіл қоғам белсене атсалысуы керек. Олай болса, ұлы Абай айтқандай, бес асыл іске асығып, халықты бес дұшпаннан аулақ болуға шақыру жолында бірлесіп жұмыс істеу керек. Көп нәрсе, әрине, тұрғындардың белсенділігіне байланысты болады. Мен жобаның дамитынына сенімдімін және сәттілік тілеймін, – деді облыс әкімі Даниал Ахметов жобалық кеңсенің ашылу рәсімінде.

Жобалық кеңсенің қызметі денсаулық пен білім салаларында, тұрғындарды әлеуметтік қорғау бағыттарында, жер қатынастары мен қала құрылысында қордаланған мәселелерді шешумен тығыз байланысты болады. Облыстық мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басқарма басшысы Ерхат Жалеловтың түсіндіруінше, жобалық кеңсенің жергілікті атқарушы билік пен орталық органдардың аумақтық департаменттерінің өкілдерінен тұратын төрт қызметкері бар. Бұдан басқа әр бағыт бойынша жобалық топтар құрылып, шешімін таппай жатқан мәселелердің түйткілін шешетін ұсыныстар талқыланып, атқарушы билікке жеткізіледі. Сонымен қатар, үкіметтік емес ұйымдар мен бизнес қауымдастығының өкілдерінен тұратын сарапшылар кеңесі жұмыс істейді. Жұмыстардың бірінші бөлігі тұрмыстық жемқорлықтың деңгейін төмендету мен азаматтарға қолайлы жағдайлар жасауға бағытталған. Екінші блокта қоғамдық қадағалау жұмыстары: қоғамдық бақылаудың картасы, қоғамдық бақылаудың интерактивті картасы және мемлекеттік сатып алуға мониторинг қаралады. Үшінші блокта азаматтарда қоғамның «бармақ басты, көз қысты» сияқты індетіне қарсы мәдениеттіқалыптастырып, ақпараттық қолдау көрсету қарастырылған.

-Осындай алғашқы алаң жыл басында Астанада ашылған болатын. Жұмыс қорытындысының нәтижелерін сараптай келе, Елбасымыз осы тәжірибені өңірлерге де енгізу жөнінде тапсырма бергені белгілі. Бұл – жауапты мәселе. Мемлекеттік кәсіби аппарат құру, сыбайлас жемқорлықпен бірлесе күресу қажет. Бірлесе көтерген жүк жеңіл болады, – деді Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің аппарат жетекшісі С.Ахметжанов.

Жобалық кеңсе ашу жобасының Жарғысына Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылагенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев пен облыс әкімі Даниал Ахметов ағымдағы жылдың қараша айында қол қойған болатын.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button