Қоғам

«Шығыс – адалдық алаңы» таныстырылды

«Шығыс – адалдық алаңы» таныстырылды


Газетімізде бұған дейін де жазғанымыздай, биылдан бастап өңірде қолға алынған «Шығыс – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің қызметі аймақтағы жергілікті атқарушы органдар мен қоғам өкілдеріне жақынырақ таныстырылуда.

Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚМУ-да Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаментінің басшылығы облыстық басқармалардың өкілдеріне жаңа жобаның жай-жапсары мен негізгі мақсатын түсіндірді. Жиынға облыс әкімінің аппарат басшысы Жасұлан Сәрсебаев қатысты.

Естеріңізге салсақ, былтыр Астана қаласында қанатқақты жоба ретінде алғаш «Астана – адалдық алаңы» жобасы қолға алынған еді. Аталмыш жоба аз уақыттың ішінде өзінің тиімділігін көрсетіп, Мемлекет басшысы республиканың барлық өңірлерінде осындай адалдық алаңдарын құруды тапсырған болатын. Соған орай, «Шығыс – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі Өскемен қаласында Қазақстан көшесі, 59/1 мекенжайындағы әкімшілік ғимаратында ашылып, іске кірісті.

– Шын мәнінде аталған жобалық кеңсе мемлекеттік органдарды қайта бейімдеуге мүмкіндік береді және еліміздің барлық өңірлерінде іске асырылып жатыр. Ол барынша жемқорлық жайлаған және әлеуметтік маңызға ие салаларда кешенді талдау негізінде жемқорлықтың алдын алу шараларын қабылдауға бағытталған. Жобаны жүзеге асыруға Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауы негіз болып отыр, – деді жиында Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаменті басшысы, әдеп жөніндегі кеңес төрайымы Жанна Қабдолдақызы.

«Шығыс – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Ренат Нәбиевтің айтуынша, жоба облыста өз қызметін үш блок бойынша іске асырады. Олар: тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты жою және азаматтарға қолайлы жағдай жасау, қоғамдық бақылауды жүзеге асыру және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру.

Бұл үш блоктың әрқайсысында бірқатар басым бағыттар да қарастырылған. Мәселен, бірінші блокта білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамтамасыз ету, сәулет, құрылыс және ТҮКШ, ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары, мемлекеттік кірістер органы, сот және құқыққорғау органдары және бірінші басшылардың дербес жауапкершілігі белгіленсе, екінші блокта қоғамдық бақылау картасы, қоғамдық бақылаудың интерактивті картасы, мемлекеттік сатып алуды бақылау кіргізілген. Ал үшінші блокта сыбайлас жемқорлыққа қарсы білім мен ақпараттық жұмыс қарастырылған.

Сондай-ақ жоғарыда көрсетілген міндеттерді жүзеге асыру үшін жергілікті атқарушы органдар және орталық мемлекеттік органдардың аумақтық құрылымдары басшыларынан, сонымен бірге қоғам өкілдерінен жобалық топтар құрылған. Атап өтерлігі, «Шығыс – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің үйлестірушісі облыс әкімінің бірінші орынбасары Ерлан Аймұқашев болса, жоба кураторы болып жоғарыда аталған департамент басшысы Жанна Қабдолдақызы анықталды. Ал облыс әкімінің аппарат басшысы Жасұлан Сәрсебаев облыс әкімдігінен куратор болып бекітілді. Сондай-ақ жобалық кеңсенің қызметкерлері ретінде департаменттен екі, облыс әкімі аппаратынан екі қызметкер және облыстық жастар ресурстық орталығының директоры анықталды.

Жиынға қатысушылар осыған орай өз мекемелерінде сыбайлас жемқорлықтың жолын кесу мақсатында қолға алынған жобалармен бөлісті. Мысалы, С.Аманжолов атындағы ШҚМУ ректоры Мұхтар Төлегеннің айтуынша, жыл басынан бері оқытушылардың жалақысы 30 пайызға көтерілген, оның үстіне барлық үстемелері сақталған, жылына бес рет сыйақы беріледі. Бұл өз кезегінде жемқорлықтың алдын алуға септігін тигізбек. Сонымен бірге оқу орнында «Парасат» студенттерге қызмет көрсету орталығы мен фронт-кеңсе жұмыс істеп тұр.

Өскемен қалалық полиция басқармасы бастығының орынбасары Марат Баяндиновтың ақпаратынша, басқармада былтырдан бері көші-қон қызметін көрсету орталығы ашылып, азаматтарға қолайлы болу үшін бір терезе қағидатымен жұмыс істеп тұр. Өскемендегі №4 қалалық аурухана 2017 жылдың қыркүйегінен бастап бірыңғай кешенді автоматтық жүйеге көшкен. Облыстық жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Дәулет Сарманов Өскемен мен Семей қалаларында бос жер телімдерінің электронды картасы жасалғанын алға тартты. Жиынға қатысқан Семей мемлекеттік медицина университетінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша қоғамдық кеңесінің төрағасы Қуантқан Талғатұлы «Университет жемқорлықтан тыс» бастамасы аясында биылдан бастап барлық медициналық іс қағаздар толықтай электронды форматқа өткенін мәлім етті. Облыстық Соттар әкімшісінің басшысы Ерғали Айтпай болса, облыс соттарын цифрландыру қазіргі таңда жүз пайыз іске асып жатқанын нақты мысалдармен атап өтті.

Жаңа жобалық кеңсенің жұмысына қатысты ойын білдірген облыс әкімі аппаратының жетекшісі Жасұлан Сәрсебаев сыбайлас жемқорлықпен күрестің басты тұғырнамасы – ол цифрландыру болу керектігіне, оны науқаншылдыққа айналдырмауға, жобаны БАҚ-та насихаттаудың маңыздылығына жиналғандардың назарын аударды.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button