Шыршаны заңсыз кесу бір миллион теңге айыппұлға әкеліп соқтырады
Желтоқсан туа жер-жерде шамшыраққа оранған шыршалар қаптайды. Оның әдемілігінде дау жоқ. Бірақ адамның бір сәттік қуанышы үшін қылқан жапырақты орман алқаптары орны толмас шығынға ұшырап жатқанын ескере бермейміз.
Қазақ ежелден бір тал кессе, орнына он тал егуді өсиет қылған, табиғатқа етене жақын халық. Сондықтан тұрмыстық қажеттілік туындамаса, ағаш кеспек түгіл көк шөпті де жұлғызбаған. Ал наурыз мерекесін ең әуелі бұлақтың көзін аршып, жас көшет егуден бастаған. Тарихтың қалауымен біздің қоғамға Жжаңа жылды қыста тойлау дәстүрі енді. Сол мерекемен бірге ұлттық ұстындарымызға қайшы әдеттер де енді. Соның бірі – шырша кесу. Ең өкініштісі, қыста кесілген шыршаның орнына көктем туа жас көшет егіп жатқан ешкім жоқ. Тіпті, әр кесілген шыршаның орнына жаңа көшет отырғызған күннің өзінде табиғи шығынның орнын толтыра алмас едік. Өйткені, шырша өте баяу жетілетін, әрі күй талғағыш ағаш. Оның жыл сайын 30 см қарқынмен өсуі үшін 15-20 жыл қажет. Яғни, ол кезге дейін шырша өте баяу жетіледі. Шырша мал аяғы тиген жерге де көктемейді. Қандай да бір ағаш кесілген жерге қайтып шырша өнбейді. Қарқынды жайылым мен ағашты бейберекет кесу үрдістері қылқан жапырақты алқаптың тарылуына себепкер болып келеді.
Бүгінде шырша кесу маусымдық табыс көзіне айналғаны да жасырын емес. Бұл әрекетінің заңсыз екенін білсе де, жазықсыз ағашты ақшаға сатушылар тыйылар емес.
Адамның уытты қолынан қылқан жапырақтыларды қорғау үшін Үкімет тарапынан нақты ереже қабылданған. Биылғы жылдың 17-қарашасында Ауыл шаруашылығы министрлігінің орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті мемлекеттік орман қорының аумағында қылқан жапырақты ағаш тұқымдарының жас шыбықтарын заңсыз кесудің алдын алу және болдырмауға бағытталған іс-шараларды белсендіретін № 258 бұйрық шығарды. Сол бұйрыққа сәйкес жаңажылдық шыршалар тек арнайы плантацияларда ғана дайындалуы қажет. Яғни, Жаңа жыл мерекесіне арнап арнайы плантацияларда шыршалар өсірілуі қажет. Сондай-ақ, орманды санитарлық тазарту мақсатында кесілген шыршаларды мерекеге босатуға болады. Ал мектеп, балабақша сынды әлеуметтік нысандар мен басқа да мекемелерде мәдени шараларды жүргізу үшін шыршаны кесуге орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің рұқсат қағазы керек. Ұйымдар мен мекемелерге жаңажылдық шыршалар тек өтінімдер бар болған кезде ғана босатылатын болады.
-Қылқан жапырақты ағаш тұқымдарының жас шыбығын қазір ерекше қорғалатын табиғи аумақтар коммуналдық орман шаруашылығы мемлекеттік мекемелерінің орманды қорғау қызметкерлері, орман және аңшылық шаруашылығы жедел ден қою отрядының инспекторлары, полиция қызметкерлері қорғайды. Қылқан жапырақты тұқымдардың жас шыбықтарын заңсыз кесуден қорғау мақсатында ағымдағы жылдың қараша айының соңында орман алқаптарына апаратын негізгі жолдарда бақылау-өткізу пункттері ұйымдастырылды, жұмылдырылған топтар құрылды, – дейді облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясы бөлімінің басшысы А. Морозов.
Бұл ережені белінен басқандарды әкімшілік жауапкершілік күтіп тұр. Инспекцияның бас маманы Дина Алматова қылқан жапырақты тұқымдардың жас шыбықтарын заңсыз кескені үшін Қылмыстық кодекстің 340-бабына сәйкес жауапкершілік көзделетінін айтады. Бұл бап бойынша шыршаны заңсыз кескені үшін бір миллион теңгеге дейін айыппұл салынады.
Жаңажылдық шыршаларды заңсыз кесу фактісі анықталған жағдайда, инспекция мына телефондар бойынша хабарласуды сұрайды: 112 (құқық қорғау органдары) немесе (7232) 24-84-70, 25-73-02.
Бүгінгі таңда табиғи шыршаның орнына жасанды ағаштар құру үрдісі кеңінен таралып келеді. Оның аты жасанды демесеңіз, жарамдылық мерзімі тірі шыршадан әлдеқайда ұзақ. Ұқыптап ұстаса, бірнеше буынға жетеді. Жыл сайын ақша да шығындамайсыз. Осындай баламасы тұрғанда тірі шыршаны кесудің өзі қиянат деуге болады. Табиғатқа титтей де жаны ашитын әрбір адам осы жағын ойлағаны абзал. Бір күндік қызық үшін жүз жылдық шыршаны кесіп, өзімізге қастандық жасаудан аулақ болайық. Өйткені, жасыл шырша табиғи ауа баптағыш іспетті.
Есімжан Нақтыбайұлы