Шырайлы Шығыс ән мен жырдан шашу шашты
«ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі аясында шілденің 21-25 аралығында өткен облысымыздың Астанадағы мәдени күндері «Шырайлы Шығыстан – атағы асқақ Астанаға» атты гала-концертпен қорытындыланды.
Қалың жұртшылық бас шаһардың төріне бар сәнімен Алтайдың өзі ақтарыла көшіп келгендей әсер алды. Жалпы, елордасы Астанада Шығыс Қазақстан облысының мәдени күндері жыл сайын дәстүрлі түрде өтіп келеді. Өткен жылы бұл шара Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орайластырылып, «Мықты аймақ – мықты Қазақстан» акциясының аясында өткізілген болатын. Десе де, Шығыстың Астанадағы биылғы мәдени күндерінің жөні бөлек. «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» дегендей, биылғы шара төрткүл дүние көз тігіп, демін ішіне тартып, тамашалап отырған «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің аясында өтіп отыр. Мәдени күндерді астаналықтар мен қала қонақтары ғана емес, шетелдіктер де тамашалауға мүмкіндік алды. Сондықтан да болар, шығысқазақстандықтар да осынау жауапкершілікті жанымен, жүрегімен терең сезініп, бұған үлкен әзірлікпен келді. Бұл Шығыстың Астанадағы мәдени күндерін түйіндеген «Шырайлы Шығыстан – атағы асқақ Астанаға» атты гала-концерттен де айқын сезіліп тұрды.
Кешкісін ЭКСПО аумағындағы «Амфитеатрға» жиналған халықтың қарасы өте көп болды. Бәрі де шығысқазақстандық өнер ұжымдары мен осынау киелі өңірден шыққан қазақ эстрадасының жарық жұлдыздарының концертін тамашалауға ынтық жандар. Шіркін-ай, шырайлы Шығыстың, ұлылар туған ұлы мекеннің өнері мен мәдениеті де ерекше ғой. Мынау жиналған жұрттың жүрегін өр Алтайдың өзіндей асқақ, ерке Ертістің суындай мөлдір өнерге деген бір іңкәрлік жаулап алғандай. Тіпті, сібірлеп жауған жаңбырды да елер емес. Бәлкім, оны Алтайдың ақ жаңбыры деп қабылдаған болар.
Міне, сағаттап асыға күткен гала-концерт те басталды. Амфитеатрға жиналған жұртшылық бір сәт демін ішіне тартып, тына қалды. Шымылдық «Өр Алтай – Асқақ Алтай- Алтын Алтай» атты театрландырылған көрініспен ашылды. Қасиетті домбыра үнінің сүйемелдеуімен сахнаға көтерілген дана қарт Мәңгілік Елдің ұлы арманын паш етіп тұрғандай! Кейінгі ұрпаққа Алтайдан Атырауға, Арқадан Алатауға дейін созылып жатқан Ұлы даланы аманаттап жатқандай!
Десе де, күллі түркі жұрты үшін Алтайдың орны ерекше. Неге екенін қайдам, кейде маған адамдардың барлығы Алтайды аңсап жүретіндей болып көрініп кетеді. Олардың барлығы да Алтайдың ту биігіне көз талдыра қарағысы, ғажайып сұлулыққа армансыз жанарын суарғысы келетін сияқты. Таудан сылқ-сылқ күліп, сылдырлап аққан суына құлақ түріп, сыбдырлап аққан құрағына құлақ түргісі келетін секілді. Бір түрлі Алтайды сағынатын, аңсайтын, іздейтін секілді. Қалай десек те, «Кербез» фольклорлық-этнографиялық ансамблі, «Ғибрат шоу» би ансамблі, «Экстази» шоу-балеті мен Айдын Салбанның жетекшілігіндегі «Жастар театрының» әртістері осынау шағын ғана театрландырылған көріністе көрермендерге Алтайдың бар болмысын, табиғатын беруге тырысты. Содан кейін Облыс әкімінің эстрадалық-симфониялық оркестрі мен «Бибігүл» қазақ халық аспаптары оркесті Е.Какежановтың «Шабытын» дүркірете орындады. Өнер мен мәдениеттегі Шығыстың шабыты, Шығыстың арыны қашан да бөлек қой. Бұл – ән дүлдүлі Әміре Қашаубаевтың, бұлбұл дауысты Бибігүл Төлегенова мен Роза Рымбаеваның отаны. Сонау 1925 жылы Парижде өткен «ЭКСПО» көрмесінде Әміре Қашаубаевтың ән салғанын кейінгі ұрпақ біле ме өзі? Сол кезде «Париж апталығы» газеті «Ғажайып дауыс иесі Әміре Қашаубаев ұлт аспабы домбыраның сүйемелдеуімен өз елінің жан-жүйені балқытқан әндерін салып берді», – деп ерекше таңдана жазыпты. Бір қуанарлығы, Шығыс өнері сол биігінен төмендеді деп әсте айта алмаймыз. Ғажап өнер иелері өсіп келеді, ел өнерін өркендетуге үлес қосып жатыр. Есімі Шығыс еліне ғана емес, республикаға кеңінен танымал әншілер Альмира Нұрғожина мен Айжан Мазкенованың орындауындағы «Қуанамын» әнін де астаналықтар мен қала қонақтары ерекше ықылас қоя тыңдады.
Ал сахнаға Гүлмира Сарина «Шырайлы Шығысым» әнімен шыққанда, зал жұртшылық сілтідей тынды. Әннің сөзін Гүлмираның туған бауыры, ақын Қалқаман Сарин жазған бұл әннің қиялыңды алысқа қалықтатып алып кететіні ғажап-ақ!
…Қоғалы, қоңыраулы Зайсан көлі,
Марқакөл мөлдіреген ай сәулелі.
Шыңғыстау-Тарбағатай – қос биігім,
Жасай бер, туған жерім, жайсаң белім.
Шығыстың сұлу табиғаты бұл әнді тыңдаған жанның көз алдына мөлдіреп келе қалады. Ал ән қайырмасы тіпті керемет!
Кермиық кербез далам, тербетілген,
Айналайын келбетіңнен.
Қыран тау, құмай белді,
Шығыстай шырайлы елді,
Табам ба шыр айналсам жер бетінен?!
Сондай-ақ, Мапруза Утуленова, Дамир Шаяхметов, Нұрбол Шерубаев, Нұрлан Түтінов, Андрей Шагидевичтің орындауындағы Е.Шакеевтің «Родина моя» әні де өте сәтті шықты. Ал сахнаға Мәдениет қайраткері Ғибрат Азубаев көтеріліп, Б.Тәжібаевтың «Ақбұлағын» орындағандағы халықтың қошеметін көрсеңіз, музыка энергиясы дегеннің қандай қуатты күш екенін анық сезінгендей боласыз. Оның орындауындағы С.Мусалимовтің «Усть-Каменогорск» әні де жиналған жұртшылықты еліктіріп, елітіп әкетті.
Десе де, Амфитеатрға жиналған көпшілік қауымның күткені Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Роза Рымбаева болғанын ерекше атап айта кетелік. Роза – Шығыстың ғана мақтанышы емес, қазақ өнерінің көгінде жарқырап тұрған жарық жұлдызы ғой. Қазақ эстрада өнерінің бағындырған биігін, шыққан шыңын Розасыз әсте елестете алмаймыз. Розаға деген халықтың ықыласы мен көңілі де алабөтен. Розаның орындауындағы әрбір ән – қашанда хит. Бұл жолы халықтың сүйікті әншісі С.Жолбарыстың «Арманай», Т.Молдағалиев пен Ә.Бейсеуовтің «Шақырады көктем», Ш.Сариевтің «Балдәурен» әндерін нақышына келтіре орындады. Ал әншінің үлкен ұлы, қазақ эстрадасының бүгінгі танымал өкілі Әли Оқапов та анасынан қалыспай «Боз жорғаны» боздатты. Ал анасы мен ұлы қосыла шырқаған И.Ғайыптың сөзіне жазылған «Ертеңіме сенемін» әні халықтың көңілін тербеді.
Сондай-ақ, «In Coro», «Мирэн» топтары мен «Тұмар» би ансамблі, «Экстази» шоу-балеті де тамаша өнер өрнектерін көрсетті.
Қалай десек те, бұл жолғы Шығыстың Астанадағы мәдени күндері де өте сәтті өтті. Астаналықтар бұл шараны әлі талай аузынан тастамай айтып, Шығыстың сыйлаған шуағына жылынып жүретін болады.
Мейрам Екпін.