Қоғам

Шыр айналмай, Шармен қашан жүреміз?

Шыр айналмай, Шармен қашан жүреміз?


Шығыстың жұртына «Дүниенің кеңдігін қайтейін, аяқ киімің тар болсаның» кері келіп тұр. Сайрап жатқан «Өскемен -Шар» төте жолы бола тұра, облыс тұрғындары бір жылдан астам уақыттан бері Өскеменнен Нұр-Сұлтанға ( Астанаға ) жету үшін қайтадан Ресейді шыр айналып, жер-көкті шарлап жүр. Қос кеден бекетінен өтіп, текке қаңғымас үшін жұрттың жартысы Семейге екі есе қымбат бағаға такси жалдап барып, әрмен қарай пойызға үлгеріп кетуге жүгіріп, одан бетер сандалуда.

ЕНДІ МАМЫРДА БАРУЫ МҮМКІН ДЕП ОТЫР

Байтақ жеріміздің түкпір-түкпіріндегі өңірлерден елордаға сапарлаған халықтың жылдам да жайлы келіп- кетуі үшін теміржолдың маңызы зор. Басым бөлігі зейнетақы қорынан қаржыландырылып, салынуына 360 млн. АҚШ доллары көлемінде қаржы кеткен «Өскемен- Шар» теміржолы Шығыстан елордаға баратын пойыздың жолда жүру уақытын 27 сағаттан 17 сағатқа қысқартып, халқымызды жол машақатынан құтылдырған еді. Алайда елордаға баратын отарба бір жылдан бері төте жолмен жүруін тоқтатып, облыс тұрғындары қайтадан айналма жолмен қатынап келеді.

Облыстық жолаушылар көлігі, автокөлік жолдары басқармасы өткен жылы бізге пойыздың қаңтардан бастап жүретінін айтып, сендірген болатын. Бірақ төте жолмен пойыз қаңтарда да жүрген жоқ. Енді қашан жүрмек? Концессиялық негізде салынған төте жолдың иелері халыққа оның игілігін қалай, қашан көрсетпек сонда?

Осы сауалдарға жауап берген облыстық басқарма басшылығы бұл жолы да пойыздың әне-міне жүргелі жатқанын айтты. Нақтырақ айтқанда, мамырдан бастап жүруі тиіс.

– Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен келісімдер жүргізіліп бітті. Қазіргі уақытта төте жолмен жүру кестесі «ҚТЖ» ҰК-ның «Жолаушылар тасымалы» компаниясымен келісіліп, бекітіліп жатыр. Пойыздың жүру кестесі алдын-ала жасалып та қойды, енді бекітілуі тиіс. Қазір пойыздар қысқы кестемен жүріп жатыр, енді көктемгі-жазғы кестеге көшпек, сол кезден, яғни мамыр айынан бастап Өскеменнен шығатын «Өскемен-Нұр-Сұлтан (Астана)» бағытындағы пойыз Шар стансасы арқылы төтелей жүретін болады, -дейді облыстық жолаушы көлігі және автокөлік жолдары басқармасының жолаушы көлігі бөлімінің басшысы Айжан Рахымбаева.

Сонымен, «Өскемен – Нұр-Сұлтан» пойызы Өскемен – Шар төте жолымен мамыр айынан бастап жүруі мүмкін. Басқарма жуықта Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне пойыздың төте жолмен нақты қай кезде жүретінін анықтау үшін қайталап сұрау хат та жолдапты. Анық-қанығы алдағы күндері белгілі болып қалар деген ойдамыз.

Айта кететін жайт, бұрын «Өскемен – Нұр-Сұлтан» бағытында Шар стансасы арқылы төте жолмен коммерциялық «Тұлпар-Тальго» жүрдек пойызы жүріп келсе, енді ол пойыздың орнына қарапайым «Риддер – Нұр-Сұлтан» бағытындағы пойыз жүрмек. Бұрын «Тұлпар-Тальго» жүрдек пойызы жол бойындағы стансалардың барлығына бірдей тоқтамай, жүйткіп отырса, қарапайым пойыз барлық стансаға тоқтап отырады. Дегенмен, төте жолмен жолаушылар бәрібір алты-жеті сағатқа ерте жетеді. Бұрын Астанаға арнайы «Өскемен-Астана» жүрдек пойызы шықса, енді оның орнына «Риддер- Нұр-Сұлтан (Астана)» бағытымен жүріп жатқан қарапайым пойыз ғана жүрмек. Бірақ халық бүгінгідей Ресейдің Локоть стансасы арқылы айналма жолмен жүрмейді. Бұл әлеуметтік пойыз қазір «Тальго» пойызының жаңа вагондарымен жүріп жатыр.

Айналма жолмен жүретін «Риддер – Нұр-Сұлтан» бағытындағы пойыздың жолындағы Шемонайха қаласы мен Глубокое ауылы және бұл аудандардағы темір жол стансаларының тұрғындары осы пойызға отырып, әрі-бері қатынап жүр. Алдағы уақытта пойыз айналма жолмен жүрмейтін болған кезде аталған елді мекендердің: Шемонайха, Аврора, Ауыл, Усть-Таловка, Рулиха, Предгорное, Глубокое стансалары тұрғындарының жол қатынасы да қиындап кетуі мүмкін. Басқарма басшылығының айтуынша, бұл елді мекендердегі жолаушы тасымалы ауданішілік автобус маршруттары арқылы жабылмақ. Егер аса қажеттілік туып жатса ол жерлерге Риддер мен Алтай қалаларына жүріп жатқандай, маусымдық ішкі пойыз қатынастары ашылуы мүмкін. Қазіргі кезде Шемонайха мен Глубокоеға тұрақты автобус бағыттары бар.

Өскемен мен Нұр-Сұлтан ортасына бұрынғыдай «Тұлпар-Тальго» жүрдек пойызы неге жүрмейді дегенге келсек, бұл пойыз бағытының тоқтап қалуының бір себебі жолаушылардың аз болуынан көрінеді. Түскен табыс коммерциялық пойызға кеткен шығынның орнын толтыра алмаған. Ал «Риддер – Нұр-Сұлтан» бағытындағы әлеуметтік маңыздағы пойыз бюджеттен субсидияланып отыр. Тоқтап қалған «Тұлпар-Тальгоның» жаңа вагондары министрлікпен жасалынып отырған келісімдегі міндеттерге сай (әлеуметтік пойызды жаңа вагондармен қамту міндеті) осы әлеуметтік пойызға жалғанып отыр.

Ал қазір Алматыға Өскеменнен «Тұлпар-Тальго» жүрдек коммерциялық пойызы да, әлеуметтік пойыз да жүріп жатыр. Жүрдек пойызға отырып жүрген жолаушылар көп.

АҚСУАТҚА, ҚАРАУЫЛҒА ДА АВТОБУС ЖОҚ

Тоқтап қалуының бір себебі жолаушылардың аз болуынан делініп отырған «Өскемен – Нұр-Сұлтан» бағытындағы жүрдек пойыздың бағасы біршама қымбат болғанын білеміз. «Тұлпар-Тальгоға» жолаушы толмауының себебі, жолаушылардың елордаға аз баруымен қатар, пойыз бағасының қарапайым халықтың қалтасына ауыр болғандығынан да шығар. Олай дейік десек, қазір тұрғындар бағасы тегінмен бірдей болып тұрған автобусқа да отырмай, қала мен ауданның ортасына таксилетіп жүр. Жолаушылардың автобусқа отырмай, бағасы қымбат болса да таксиді таңдауының салдарынан, облыс орталығынан аудандарға жүретін автобус бағыттары бірінен соң бірі жабылып қалып жатыр. Екі -үш жылдан бері Ақсуат, Ақжарға жүріп жатқан автобус бағыты тоқтап қалған. Қазір бұл екі ірі ауылға да автобус жүріп жатқан жоқ.

«Семей – Қарауыл» бағытындағы автобус қатынасы да былтыр тоқтап қалған. Жолаушылардың жоқтығынан автобус иесі табыссыз қалған. Жолаушы тарту мақсатында бұл бағыттағы автобустың бағасы да төмендетілген екен. Тасымалдаушы «Семей – Қарауыл» бағытында жүретін автобустың бағасын 1000 теңгеден 500 теңгеге, екі есе төмендеткен. Бұл да нәтиже бермей, ақыры бұл бағыт мүлде жабылып тынған.

Қазір тасымалдаушыларға жабылып қалған бағыттарды қайтадан ашуға ұсыныс беріліп жатқанымен, олар аса құлық танытып отырған жоқ.
Автобустардың жүйелі жүруіне кедергі болып тұрған – заңсыз таксилер. Оның үстіне бүгінде заңды түрде лицензия алып, такси қызметін көрсетіп жатқандар да үсті -үстіне көбейе түсуде. Бәрі де кәсіп көзін тапқысы келетіні түсінікті. Кәсіпкерлердің ішінде лицензия алып жеңіл көлікті қойып, «Газельмен», арнайы автобуспен таксилетіп жүргендер де бар екен. Қазір әсіресе Ақсуат, Ақжар, Зайсан жаққа жүретін таксилер есебінде шек жоқ…

Шыр айналмай, Шармен қашан жүреміз?

Айжан Рахымбаева, облыстық жолаушы көлігі және автокөлік жолдары басқармасының бөлім басшысы:

-Жолаушылар қалаған уақытында емес, тек арнайы кестемен жүретін, кез-келген жерге тоқтамайтын автобусқа отырудан гөрі таксиге отыруды қалап тұрады. Бізде мысалы, такси жүруге тиімсіз ауылдар бар. Оларға автобус жүйелі түрде жүріп жатыр. Бірақ көптеген аудандардың арасына жүретін бағыттар таксилердің көптігінен жолаушысыз қалып отыр. Облысішілік бұл маршруттар субсидияланбайды. Пайдасы жоқ болған соң автобус иелері бас тартуда. Бір автобус тұрса, сол жерде 20-30 такси тұрады. Бәсекелестік өте жоғары. Біз көліктік бақылау инспекциясы, полициямен бірлесе отырып іс- шаралар жүргізіп келеміз. Алайда нәтижесі аз. Олардың кәсіпкерлік қызметі заңды ма, заңсыз ба оны тексеру мемлекеттік кіріс департаментінің құзыретінде. Егер аса қажет болса тоқтап қалған бағыттарды қайтадан ашуға болады. Бірақ әңгіме тағы да ол жолаушыларға керек пе, оған халық отыра ма, тиімді ме деген мәселеге келіп тіреледі. Өйткені автобусқа халық көп отырмайды.

Әрине, автобус бағытын бір-ақ күнде жауып тастау оп -оңай, ал оны қайтадан ашуға қаншама уақыт кетеді. Сондықтан тиімсіз бағыттарды жаппас бұрын басқарма мамандары аудандарға барып, жұртпен кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Белгілі бір мерзім көлемінде уақыт беріп, автобус бағытын сақтап қалудың барлық мүмкіндіктерін қарастыруда. Егер жолаушы сол күйі отырмаса, бағытты жауып тастауға тура келеді. Қазіргі күні «Семей – Шүлбі», «Семей – Жезкент» бағытында да жолаушылар мүлде азайып кеткен. Бұл жаққа баратын адамдар да таксилермен жүруді жөн көреді. Үржар, Күршім, Қасым Қайсенов кенті жақтың жолаушы тасымалдаушылары да заңсыз таксилердің көптігіне арыздануда. Іргедегі Қасым Қайсенов кентіне әр жарты сағат сайын бағасы 120 теңгелік автобус жүріп жатқанымен, ел 200 теңгенің таксиіне отыруда.

Такси мен автобус бағасының айырмашылығы аз болса да, көп болса да халық таксиді қалап тұр. Такси бағасы қымбат болғанымен, ел неге бағасы арзан автобусқа бармай, таксиді таңдайды? Бұл мәселеге басқарма мамандары талдаулар жасапты. Түсінікті жайт. Аудан тұрғындары кез-келген уақытта алып кететін, айтқан жеріне жеткізетін таксиді хош көретіндігі белгілі болған. Автовокзалдың жанындағы таксилердің тұрақты тұрағы болған белгілі «Яма» жойылғанымен, жүргізушілер жолаушыларды басқа жерлерден немесе алдын-ала телефонмен хабарласып айтқан жерлерінен алып кетуде.

Облыста облысішілік-ауданаралық бағыттар субсидияланбағанымен, аудандарда ауданішілік бағыттарға субсидиялық қаржы бөлініп отыр. Аудан бюджеті қаржысы есебінен аз да болса жыл сайын аудан ішілік әлеуметтік маңызды бағыттар ашылып жатыр. Қазір 12 ауданда жергілікті бюджеттен бөлінетін қаржы есебінен субсидияланатын 65 әлеуметтік маңызды ауданішілік бағыттарға автобустар жүріп жатыр екен. Алдағы уақытта тағы да көбейтілмек. Басқарманың мәліметінше, Аягөзде -3 Глубокоеде -2, Жармада-5, Зайсанда – 6, Тарбағатайда -10, Шемонайхада-2, Катонқарағайда -6, Көкпектіде-3, Күршімде-6, Үржарда-7, Алтайда-11, Бесқарағайда-3 ауданішілік бағыт ашылған. Осы аудандар орталықтарынан ауылдарға автобустар шығарылып отыр. Биыл аудан әкімдіктеріне жергілікті бюджеттен аудан орталығынан ауылдарға жүретін бағыттарды тағы көбейтуге ұсыныс жолданып отыр. Жоғарыдағы аудандарда ең аз дегенде екі бағыттан болса, Абай, Бородулиха, Ұлан аудандарында бірде-бір аудан ішілік әлеуметтік автобус бағыты ашылмаған.
Облыста жолаушы көлігі тасымалы бойынша «Өскемен – Семей – Үржар», «Өскемен – Зайсан» әуе бағытына субсидия бөлініп келеді. Ұшақ екі бағытқа аптасына екі рет ұшуда. Субсидия тасымалдаушының шығыны мен табысының айырмасына төленіп отыр.

Сонымен қатар төрт теміржол бағытына: «Риддер –Өскемен», «Өскемен – Алтай», «Өскемен – Жалаңашкөл», «Семей – Жалаңашкөл» бағытына ( маусымдық кезеңде) субсидия бөлініп келеді. Биылғы 1 маусымнан бастап, Өскемен мен Семейден Жалаңашкөлге пойыз қайтадан қатынай бастайды. Бағасы Өскеменнен -2800, Семейден -2600 теңге болып келсе, биыл билет ақысы бес пайызға көтерілмек.

Әуе жолымен, теміржол, тасжол бойымен жүретін жолаушылар тасымалының жайлылығы, қауіпсіздігі бұл салалардағы қызметтің, сервистің мүмкіндігіне, сапасына тікелей байланысты. Мемлекеттің міндеті – тұрғындарды шаршатып, тоздырмайтын тиімді жолмен, көлікпен қамтамасыз ету болса, халықтың міндеті – өз өміріне қауіпсіз қызметті, көлікті таңдау. Үкімет, Ұлттық компания халықты қаңғыртпай, «Өскемен-Шар» төте жолымен пойызды қайта жүргізетін болса, жолаушы өз өмірін ойлап, таксиге жүгіргенін қойса ғана шешімін таппақ бұл міндеттер.

Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button