Шыны шөлмектерден монша тұрғызды
Семейлік Әленхан Зәкиев кәдімгі шыны шөлмектерден монша тұрғызды. Осылайша ол өз шаруасына қажетті нысан салумен қатар, қаланың тазаруына да өзіндік үлесін қосты.
Бес мыңға жуық шыны құтыдан қаланған монша құрылысына үш айдай уақыт кетіпті. Бүгінде күн нұрына шағылысқан монша семейліктер мен қала қонақтарының қызықтап қарайтын ғимаратына айналған. Тіпті, мұндай моншаны өз үйлерінің маңында салуға бекініп отырғандар да бар екен.
– Газет беттерін парақтап отырып, ғимарат құрастырудың ерекше жобасын байқап қалдым. Артынша құрылыс материалдарын іздестіріп, дереу іске кірісіп кеттім. Көшеде шашылып жатқан бос шөлмек көп болғандықтан құрылыс материалын табу жағы аса қиын болған жоқ, – дейді семейлік өнертапқыш.
Әленхан Зәкиевтің айтуынша, моншаның астыңғы едені де шөлмектермен төселген екен, оның қалыңдығы – 28 сантиметр. Ал шөлмектердің ішіндегі вакуум ауа күн қызуы арқылы ғимаратты жылылықта ұстауға мүмкіндік береді.
– Моншамыз отын жағынан да үнемді, лезде ысып шыға келеді, – дейді ол.
Шығыс-Ақпарат