ШЫҢҒЫСТАУДАН ШЫҚҚАН ШАЙЫР

Қоңыр үні мен тобылғы торы келбетіне отты жанары жарасып-ақ тұр. Біз сырласып, көп сөйлескен жандар емеспіз. Бірақ оның адамдық тұлғасы да, мінез-құлқы да өзгеше. Басқалармен салыстыруға келмейді, ерекше оқшау тұлға. Меніңше, бұл жігіт ағасы айналасындағылармен көп ренжіскісі келмейтін сияқты. Кең даланы құшағына сыйдыра алмай, құзар биікте қалқып бара жатқан киелі құсқа ұқсайды.
Ол құшағы жетсе, бар әлемді бауырына басып, бар адамды аялауға даяр жан. Жылуын кімге болса да тартынбай беруге әзір тұрған үлкен жүректі, мәрт жігіт. Күлбілтелемей ойындағысын ақтара салатын адал да ақкөңіл асыл жан.
«Сен де бір кірпіш дүниеге,
Кетігін тап та, бар қалан», – деп ұлы Абай атамыз айтқандай, өмірден өз орнын тауып, еліне адал еңбек еткенге не жетсін! Осындай жандардың бірі, көп жылдар мемлекеттік мекемелерде қызмет атқарған еңбек ардагері, Абай ауданының Құрметті азаматы, ел сыйлаған азаматтардың абыройлы да бірегейі Мұратбек Қабиденұлы 1962 жылдың наурыз айында Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданы, Қарауыл ауылында дүниеге келген.
Еңбек жолын 1979 жылы осы ауданның «Совхоз туы» аудандық газетінің редакциясында әдеби қызметкерліктен бастайды. Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін тәмамдаған жас журналист мемлекеттік жолдамамен облыстық «Семей таңы» газетіне жұмысқа орналасады. Кейіннен республикалық «Лениншіл жас» газетінде де қызмет атқарады.
Мектеп жасынан өлең-жырларын аудандық газетке бастырып жүрген жас ақын кейіннен студенттік кезінде өлеңдері 1984 жылы студент жастардың «Аудитория» деп аталған ұжымдық жинағына енген.
Қазір ол – республикалық «Абай» журналының бас редакторы. 1997 жылы «Сандықтас», 2004 жылы «Дүние дидар», 2005 жылы «Сүмбіле», 2008 жылы Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің арнайы тапсырысы бойынша «Уақыт және қаламгер» сериясымен «Таңдайдағы тамшылар» атты жеке поэзия кітаптары жарық көрді. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, атаулы министрліктің «Мәдениет қайраткері» белгісімен марапатталған. Бірнеше дүркін республикалық жыр мүшәйрасының жүлдегері.
Киелі топырақтың Шыңғыстауында кіндік қаны тамып, ес біліп етек жапқанда жүрегіне дарынды жыр ұялап өскен Мұратбек Оспанов биыл 26 наурызда 60 жасқа толады.
Мұратбек Қабиденұлы! Алда келе жатқан 60 жасың құтты болсын! Алар асу, шығар шыңыңыз әлі алда дей отырып, сүйікті жарыңыз Райхан Абылмансұрқызымен қыздарыңыз Әйгерім, Ақмарал, кенже ұлдарыңыз Еламанның қызықтарын көріп, немере-шөбере сүйіңіздер.
– Рахмет! – деп елгезек қозғалған сәтінде тобылғы қоңыр жүзіне сәл қызыл қан жүгіріп, күреңденіп кетті, оны мен жігіт ағасының туа біткен қарапайымдылығына баладым. Қайда еңбек етсе де, алдыңғы қатарда жүретін дарынды ақынның «Абай» журналына қосқан үлесі көп. Биыл данышпан ұлы Абай атамыздың журналына 30 жыл болады.
Редактор бауырымыздың осы отыз жыл қажымай-талмай өзі тікелей қаржы тауып жарыққа шығарып келе жатқанына, зор еңбегіне шалқар шабыт тілейміз.
Мәулітбек Омаров , Семей қаласы.