БастыТОПФоторепортаж

Шындығатай

Алтайдың бауырында туып-өссек те біз баспаған жері көп әлі. Армансыз әр биігіне шығып, әр биігінен төменге көз салғың келеді. Осы жолғы бағытымыз – Шындығатай, Бұқтырма көлі. Тау басындағы көл ел арасында Шәңген аталып кеткен. Шәңген аталып кеткені, орыстың Шангин деген бір саяхатшысы ма, ғалымы ма сол көлді зерттеген көрінеді. Алайда дұрысы – Бұқтырма.

Көл Шындығатайдан ары үш шақырым. Шындығатайда қырқыншы жылдары кен орны болған. Қазір Раджан Батырханов атындағы застава мен екі-үш үй ғана.

Сонымен «сапарымызды құдай оң етсін» деп Шығыстың шығысындағы Шындығатайға жолға шықтық. Ол жақтың ой-қырын жақсы білетін Сырымды алға салдық.

 

Жолай Аршаты ауылындағы Ұлттық парк қызметкерлерінен билет алдық. Инспектор әр біреуімізді дәптеріне тіркеп алды-дағы, «орманды өрттен сақтаңдар» деген бір бет қағаз берді.

Таутекелі жазығын басып өтіп, Күрті жазығынан шыға келдік. Мұндағы қыштан соғылған төрт құлақты мазарларды ауданның басқа жерінен көрмеппін. Археолог Айдос Шотбайдың айтуынша, мөлшермен 17-18 ғасырда көтерілген мазарлар. Тоқсаныншы жылдарға дейін осы жолмен «скөтемпірт» Жазатырдан, Моңғолиядан мал айдап өте-тұғын.

Жол-жөнекей тау-тастардан аққан суқұламаларды көруге болады.

Шындығатайда әскери борышын өтеген солдаттар есімдерін жазып кететіндіктен шығар, «Дембель тас» деп аталады…

Шекара аймағы. Қабақтың үстінен ағараңдап застава көрінді. Фотоаппаратпен тартып көріп едім, мұнарадағы сарбаз біз жаққа дүрбі салып тұрды. (Стратегиялық нысан болғандықтан фотосын ұсынбадым)

Шың басына қар жауыпты.

Заставаға, содан кейін орманшының үйіне барып тағы тіркелдік. Заң солай. Орманшы: – Мынау жаңбырда көлге көтеріле алмайсыңдар-ау, – деді.

Шындығатай өзені. Өзеннің арғы беті шекаралық аймақ. Турасынан тартсақ, бес шақырымнан соң Ресей шекарасы. Оң түстігі Қытай.

Бұқтырма көліне қойшының қорасының өр жағымен шығады екен. Тізгіндегі  Сырым мен Төлеген тәуекелге бел буды-дағы қораның қасындағы өрге атылып-атылып шықты. Көл бар-жоғы үш-ақ шақырым жерде еді. Күн жаңбыр. Қия беткеймен ышқына қозғалған «Ниваларымыз» соңғы тіктен көтеріле алмады.

Біз қайтып қойшының қорасына қарай түссек, көлге кетіп бара жатқан Мейір аға «джибінің» дөңгелегіне шынжыр кигізіп қойыпты. «Шығып кетемін» деді сеніммен…

Көлге таң ата жаяу шығамыз деп шештік те, өзеннің жағасына палатка құрдық. Жігіттер от жағып, ет салды.

Әділ әп-сәтті бес-алты Хариусты суырып алды судан. Қуырса дәмі тіл үйіреді.

 

Көз байлана ұйқыға кетіп, жерге жарық түсе сала ояндық. Өзеннің тастай суына беті-қолымызды жуып, дастарханға жайғастық. Таудың тәтті шайынан қанып іштік. – Негізі көлдің Бұқтырма өзеніне бәлендей қатысы жоқ шығар. Өзені Қытайдың шекарасына жетер-жетпес жерінен тармақталып басталады. Ал көлден шыққан шүмек мынау Шындығатайға, Шындығатай Бұқтырмаға құяды, – деп деректер келтіре сөйледі Алмас.

 

Шайдан кейін Бұқтырманы бетке алдық. Қандай өр болғанымен, өкпеміз өше қоймады.

Жаяулатып бір-ақ сағаттың ішінде көлге жеттік. 2064 метр биіктіктегі көлдің бас-аяғы жеті шақырым.

Қайтар жолда сарқырамаға соқтық. Биіктігі мөлшермен 15 метрдей болар ма екен?!

Шекара болғандықтан шығар, аңы аяққа оралады. Әр-әр жерден аңқиттаған суыр көп.

Жаңбыр жауған сайын жолға тас құлайды екен. Қауіпті аймақ. Жол ашатын ауыр техника да жоқ. Қолмен тазалауға тура келді.

Бұқтырма көпірі. Жанындағы қаусап қалған ескі көпір. Бұйырса әлі талай барармыз Бұқтырмаға.

Мерей Қайнарұлы

Катонқарағай ауданы

 

Осы айдарда

Back to top button