Шынайылықты тапқан фотосуретші
2022 жыл – Балалар жылы. Осыған орай облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасында газетіміздің фототілшісі, Қазақстан Журналистер одағының, Республикалық «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің мүшесі, облыстық, республикалық фотобайқаулардың лауреаты Тілеубек Шаяхметтің «Біздің болашақ» атты жеке көрмесі өтті.
Фотокөрмені Өскемендегі №45 орта мектебінің 3-сынып оқушылары және Глубокое ауданының Ахмет Байтұрсынұлы атындағы орта мектебінің бастауыш сынып оқушылары тамашалады. Көпшілік назарына автордың «Қыз-қымыз», «Гүлім», «Ел ертеңі», «Туған жердің тасы ыстық», «Қой баққан озар», «Болашақ бастық», «Алаңсыз ауыл», «Көңілді күндер», «Бір көшенің баласы бір үйдің баласындай», «Су жағасы салқын самал», «Атұстар», «Белес» атты туындылары ұсынылды. Бүлдіршіндердің бақытты, қызықты сәттерінен сыр шертетін фотосуреттер шынында да көрген адамның жүрегіне жылылық ұялатып, шабыт сыйлайды. Бір ерекшелігі, мұндағы фотосуреттердің дені тосыннан түсірілген.
– Баланы фотоға түсіру бір жағынан жеңіл болғанымен, өзіндік қиындығы да бар. Қазақ баланы «періште» деп айтады ғой. Сол рас. Бала өзінің ішкі сезімін жасыруды білмейді, жалғандықтан ада, ішкі дүниесі таза. Сондықтан да сәбидің бейнесі шынайы болып шығады. Тек сол қас-қағым сәтті қағып алып, шырт еткізіп үлгеру керек, – дейді фотосуретші Тілеубек Шаяхмет.
Бала тақырыбы – автор шығармашылығының бір бөлігі. Айтуынша, ол бұл тақырыпқа 2018 жылдан бастап ден қойған. Сол жылы Нұр-Сұлтан қаласында астананың 20 жылдығына арналған халықаралық фотофестиваль өтіп, сол бәсекеде Тілеубектің бала тақырыбына арналған туындылары жүлдеге ие болыпты.
Шара барысында автор қатысушылардың сұрақтарына жауап беріп қана қоймай, шеберлік сағатын өткізді. Фотоға түсудің және түсіре білудің құпияларын айтты. Сондай-ақ фотограф кітапханаға Өскемен қаласының көрікті жерлері мен әртүрлі мереке күндерінде түсірілген фотосуреттер жинағын сыйлады. Көрме алдағы уақытта Металлургтер саябағында өз жалғасын табады деп жоспарланып отыр.
Мейрам Екпін