Шынашақтай қыз

Индира Ибраеваны алғаш рет Астанадан келген мобильді топ өкілдерімен болған кездесу кезінде жолықтырдым. Жиынға оны «Азина» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Күлзипа Куниярова қолынан жетектеп әкелген-ді. Бойы бар болғаны 117 сантиметр қыздың үлкен проблемалары жайында айтып, көмек сұрай келіпті.
Алайда елордалық қонақтар жұрттың арыз-шағымын қарауға келмегендерін айтқанда, онсыз да ыңғайсызданып отырған қыз одан сайын төменшектеп, мүлде жасып қалғандай көрінді маған…
Индира менімен әңгімелесуден қашқақтамай, бірден келісті. Содан-ақ оның қаншалықты қиын жағдайда екенін түсіндім.
Таңертеңгісін ояна сала, біз күніміздің сәтті болуын тілейміз. Тілейміз дегенім жай сөз, көбіміз солай болатынына сенімдіміз. Әп-сәтте төсегімізді жинап, жуынып-шайынып, таңғы асымызды ішіп, шаруаларымызбен жүгіре жөнелеміз. Бәрі оп-оңай! Ал енді бір сәт көзіңізге елестетіп көріңізші, төсегіңізді жинайын десеңіз, ана басы мен мына басына қолыңыз жетпейді. Жуынатын бөлменің жарығын жағу үшін, алдымен орындықты сүйреп әкелуіңіз керек. Оның үстіне шығып барып, шамды жағасыз. Ал жиһаздары бойыңнан асып кететін ас үйде тамақ істеу одан бетер күрделі…
Бұл айтқандарымыз –Индира үшін күнделікті кездесетін кедергілердің бір шеті ғана.
Ешкімге тәуелді болмаған қандай жақсы!
Индира қазір мүмкіндігі шектеулі қыз-келіншектердің «Азина» қоғамдық бірлестігінде тігінші болып істейді. Ол маған өзінің қолынан шыққан, пэчворк әдісімен ( қиындылардан құрақ құрау) жасалған бұйымдарды көрсетіп отыр. Осы бұйымдарды тігудің өзі Индирадан көп күш-жігерді қажет етеді. Ұжым мүшелері ерекше қыздың жағдайын ескеріп, іс тігетін машинкасын да бойына шақтап, орналастырып беріпті. Биік үстелге отыру үшін оған арнайы орындық жасатқан.
Өскемендегі қызмет көрсету саласы колледжін тәмамдаған қызға қалалық жұмыспен қамту орталығы бірлестікке қоғамдық жұмыс ретінде жолдама беріпті. Осы жұмыстың өзі – жас қыз үшін үлкен олжа. Өйткені ол колледжге түспей тұрғанда бірнеше жыл жұмыссыз отырған. Анасы Шынар Индира он үшке толар-толмаста ауырып, қайтыс болады. Үлкен әпкесі мен ағасы, інісі бар. Олардың барлығының дені сау. Іштерінде бой кемістігі өзінде ғана байқалады. Анасынан айырылған жеткіншек қыз бірнеше жыл бойы анасының сіңлісі – нағашы апайының үйінде жүреді.
Қазір Индираның туыстарына еш өкпесі жоқ. Керісінше, нағашы апайын ризашылықпен есіне алады. Кезінде ол кісіге «сіңліңді арнайы интернатқа өткізуіңе болады» деп кеңес бергендер де болыпты.
-Бірақ туысқаным мені ешқайда тапсырмады, ол кісіге рақмет. Туғандарыммен алыстан сыйласқан дұрыс екен. Енді біреудің қас-қабағына қарағым келмейді, өз күнімді өзім көрсем деймін. Осы колледжге оқуға түскелі қыздармен пәтер жалдап тұрдым. Сонда ғана алғаш рет сезіндім, еркіндіктің не екенін. Ешкімге тәуелді болмаған қандай жақсы! Тек баспана жағынан қиналам. Шіркін, өз пәтерім болса ғой, – деп армандайды Индира. – Бұл жерге бір жылға жіберген. Сосын қайта құжаттарды жинап, тағы сол жұмыспен қамту орталығына барам. Ыңғайлы жұмыс табылмаса, тосуға тура келеді. Ал келешекте тырнақ жөндейтін шебердің оқуын оқып алсам деймін. Маған отырып істегенге оңай болар еді. Бірақ ондай курстардың барлығы да ақылы екен.
«Балалар бар жерден аулақ жүруге тырысамын»
Жас қыздың өмірге деген құлшынысы, талабы таудай болғанымен, көп нәрсеге денсаулығы жарамайды. Мүмкіндігі шектеулі қыз бала кезінен құрбы-құрдастарының келемеждеуін көріп өскенін жасырмайды. Ұлан ауданының Қызылсу елді мекенінде туып-өскен Индира орта мектепті үйден оқып, бітіріпті. Қазақша, орысша біледі, оқып-жаза алады, компьютерді меңгерген, жалпы ақыл-есінің кемістігі жоқ. Бірақ қоғамның өзі сияқты жандарды дұрыс қабылдамайтынынан әлі де жапа шегіп келеді. Әсіресе балалар әлі күнге саусақтарын шошайтып, мазақтайды, кейбіреулері мұны бала деп қабылдайды. «Балалар бар жерден аулақ жүруге тырысамын» дейді мұңайып.
-Дүкенге барып, сауда да жасай алмаймын, өйткені бір килограмнан артық салмақ көтеруге шамам келмейді. Қоғамдық көлікке отырғанда да қиын. Көмектесіп жіберетін қайырымды жандар кездесіп қалғанда қуанамын, – деп жалғастырды әңгімесін Индира.
Индира өмірге деген көзқарасы оқуды бітіргелі мүлде өзгергенін айтады.
-Бұрын қорғаншақтайтынмын басқалардан, енді өзімді көрсеткім келеді. Менің де басқалар сияқты қызықты өмір сүруге құқым бар ғой. Бәріне өз күшіммен қол жеткізсем деймін. Осы жерден 32 мың жалақы аламын. Оның 20 мыңын пәтерге төлеймін. Төрт қыз бірігіп, жалдаймыз. Бірақ жиі-жиі ауыра берем. Кеудем қысып, ұзақ отыра алмаймын. Кейде тынысым тарылып, тұншыққандай боламын, – деп денсаулығына шағынды жас қыз. Жәрдемақысын толықтай денсаулығын түзеуге жұмсайды. Дәрігерлер жылына бір-екі рет ине мен көктамырына салатын дәрі-дәрмегін береді, массаж жасалады. Алатын барлық ем-домы осы.
Пәтерде бірге тұрған көршілерімен міндеттері де бірдей. Бір жақсысы – жұмыстан келгенде, есік ашатын кісі бар үйде, студент қыздар сабақтан келіп қояды. Ал үй жинастыру, тамақ әзірлеуде ешкімге масыл емес. Әрине, шаң сүрткені болмаса, еден жуа алмайды, өйткені шелекпен су әкелу қиындау. Дүкеннен азық-түлік тасудан да босатылған.
-Қыздар мені ренжітіп көрген жоқ. Кейде тұрмысқа қатысты келіспеушіліктер болып қалады. Күнделікті өмірде бойым жетпей жатса, қол ұшын беруден қашпайды ешқайсысы. Қалай десем де, маған өзіме-өзім қожайын болу, өз қалауыммен өмір сүру ұнайды, – дейді кейіпкерім.
Қыздар шақырса, киноға барудан, көшеге шығудан да бас тарпайды. Бірақ жалғыз жүру қауіпті болғандықтан, көбінде үйде отырады. Қолы бос уақытында тоқыма тоқығанды қалайды. Басқа көп нәрсемен әуестенбейді.
Индираның денсаулығындағы кінәрат тек бойының қысқалығында ғана емес. Омыртқа сүйегі майысқан, 4 дәрежелі кифосколиоз. Соның кесірінен ұзақ уақыт отырса, арқасы талып, ауырсынады. Алайда мүгедектігі үшінші топ болғандықтан, сегіз сағат жұмыс істеуге тиіс.
-Тез шаршайды, өзі ауыра береді, біресе суық тиіп қалады, енді бірде жөтеледі, құнарлы тамақ ішуге қаражаты жете бермейтіні де түсінікті,- деп сөзге араласты бірлестіктің төрайымы, – Біз оны жұмыстан ерте босата алмаймыз, өйткені бізге де өнімділік керек. Бірақ арасында ем-домын қабылдауға, массаж алуына босатып тұрам.
Өңірде бой кемістігімен 37 адам тіркелген
Шығыс Қазақстан облысы бойынша еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон департаменті басшысының медициналық-әлеуметтік сараптама мәселелері жөніндегі орынбасары Құралай Муффлинқызының берген мәліметтері бойынша, өңірде осындай бой кемістігімен 37 адам тіркелген. Демек осыншама жанның тағдыры, болашағы бұлыңғыр. Өңірде барлығы 56 мың мүмкіндігі шектеулі жан барын ескерсек, бұл сан көп емес. Олардың әрқайсысын жұмыспен, баспанамен қамтамасыз етуге мемлекеттің жағдайы әбден жетіп тұр деп ойлайсың. Күлзипа Куниярова Индираның жеңілдікпен пәтер алу кезегіне де тұра алмайтынын қынжыла жеткізді.

-Үшінші топтағы мүгедектерге баспана кезегіне тұруда ешқандай жеңілдік қарастырылмаған. Өзіңіз көріп тұрсыз, бұл қыздың несиемен пәтер алатын шамасы тағы жоқ. Екі-үш жерде жұмыс істеп, қосымша жалақы табуға денсаулығы келмейді. Жеңілдікпен кезекке тұрғанда да, ол баспананың қашан тиері белгісіз. Әйтеуір, бір алар деген үмітсіз шайтан ғой менікі, – дейді жанашырлықпен Күлзипа Куниярова.
Біз Құралай Муффлинқызымен хабарласып, Индираның жағдайын айтып, кеңес сұраған едік.
Ол кісінің айтуынша, адам бойының қысқалығы анатомиялық кемістікке жатады. Бойы 90 сантиметрге дейін екінші топтағы, ал 140 сантиметрге дейін үшінші топтағы мүгедектік қарастырылған. Индира Ибраеваның бойы 117 сантиметр болғандықтан, үшінші топ белгіленіпті.

– Бізге Индира Ибраеваның тарапынан сараптама комиссиясының қорытындысына ешқандай шағым келіп түскен жоқ. Алайда ол кісінің денсаулығы нашарлап кетсе, тіпті мерзімсіз мүгедектік тағайындалғанына қарамастан, тұрғылықты жеріндегі емдеу мекемесінің дәрігерлер комиссиясы бізге мүгедектік тобын қайта қарауға жолдай алады. Медициналық-әлеуметтік сараптама комиссиясының эксперттері науқастың құжаттарын қайта қарап, тиісті шешім шығарады, – деп түсіндірді департамент басшысының орынбасары.
P.S. Біз бұл тақырыпқа әлі де қайтып ораламыз.
Айна Ескенқызы