Қоғам

«Шұғыл байланысқа» шығуға мүмкіндік бар

«Шұғыл  байланысқа» шығуға мүмкіндік бар

Жер реформасы жөніндегі республикалық комиссия құрамында біздің өңірден белгілі кәсіпкер Мұхит Тұмабаев бастаған бірнеше ауыл кәсіпкерлерінен құрылған комиссия да жұмыс істеп жатыр. Халыққа заңнамадағы өзгерістерді түсіндіру, азаматтардың Жер кодексіндегі мораторий жарияланып отырған бірнеше нормаларға, өзгерістерге қатысты ой-пікір, ұсыныстарын тыңдап, назарға алу мақсатында аймақта бір аптадан бері «Шұғыл байланыс» желісі ашылып отыр. Облыстық жер қатынастары басқармасындағы 702-391 «Шұғыл байланыс» телефонына осы уақытқа дейін 17 сауал келіп түсіп, жауап берілген. Диқаншы, малшы, кәсіпкер, барлық азаматтардың да «Шұғыл байланысқа» шығуына мүмкіндіктері бар.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Ербол Қуанышевтың және облыстық жер қатынастары басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ернар Бексұлтановтың журналистермен өткізген баспасөз мәслихатында белгілі болғандай, бүгінде аймақтағы 200 мың гектардан астам суармалы жерлердің 80 мың гектары ғана пайдаланылып жатыр. Мал тұяғы тимей, қаңбақтан көрінбей, тозып жатқан егістік, жайылымдық, шабындық жерлердің аумағы тіптен көп.
Бүгінгі күні Шығыста 10,3 млн. га ауыл шаруашылығы жері жалға беріліп отыр. Жер реформасының жүзеге аса бастаған кезеңінен бері аймақта жекеменшікке 78,3 мың га алқап берілген. Өткен жылы жалпы аумағы 6,4 мың га болатын 175 жер телімі жекеменшікке сатылған.
Облыста шетел азаматтарына 324 га ауыл шаруашылығы жерлері жалға беріліп отыр. Шетелдік тұлғалар жалдап жатқан алқаптар – Ұлан, Зайсан, Катонқарағай, Тарбағатай, Зырян аудандарында. Шетелдік жалгерлер мұнда негізінен көкөністер, өсімдіктер өсірумен айналысып жатқан көрінеді. Ресей, Украина, Қытай елдерінен келген шетелдіктердің алды телімдерді осыдан 15-20 жыл бұрын жалға алып, жұмыстарына кірісіпті.
Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Ербол Қуанышевтың айтуынша, облыстың жер қорының 200 мың гектарын суармалы жерлер құрайды. Алайда, оның 120 мың гектары әлі пайдаланусыз жатыр. Үржар, Зайсан, Көкпекті, Тарбағатай, Жарма аудандарындағы суармалы жерлерді игеру осы саланың күн тәртібінде тұрған өткір мәселенің бірі болып келеді. Суармалы жерлерге орнатылған суландыру жүйелерінің бәрі істен шыққан, қайтадан қалпына келтіру, алқапқа дейін электр энергиясын тарту, суландыру құрал-жабдықтарын орнатудың өзіне қыруар қаржы қажет. Сол себепті облыста суармалы жерлерге инвестиция салу, инвестор тарту арқылы оларды айналымға енгізіп, ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін арттырудың кешенді жоспары жасалынып отыр. Қазір 10 мың гектардан астам суармалы алқап (23 жер телімі) инвестициялық конкурс арқылы инвесторға беруге әзірленіп, даяр тұр. Мораторийге байланысты конкурс өткізу шаралары тоқтатылып тұр.
– Осы уақытқа дейін суармалы жерлерге инвестиция тек мемлекеттен ғана құйылып жатыр. Жеке тұлғалардың қаражат салуы жоқтың қасында. Мысалы, былтыр Қазақстан бойынша 167 млрд. теңге инвестиция ауыл шаруашылығына салынған. Бұл еліміздің өнеркәсіпке салынған қаржы көлемінен 23 есе аз. Сондықтан ауыл шаруашылығына қаржы салатын, оны дамытатын уақыт әбден келіп жетті. Елімізде 147 млн. гектардан астам жайылым, өріс иен жатыр. Егер оның бәрі тиісті иесін тауып, пайдаланылатын болса, ауыл шаруашылығының әлеуеті анағұрлым артатын еді. 2014 жылы көршілес Ресей мен Қытай еліне бізден төрт млн. доллардың сиыр еті экспортталған. Мұның өзі жаңағы жайылымдарды игеретін болсақ, ет экспортын бұдан әлдеқайда арттыруға әбден мүмкіндік барын көрсетеді, – дейді ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Ербол Қуанышев.
Облыстық жер қатынастары басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ернар Бексұлтанов 14-мамырдан бері басқармада Жер кодексіндегі өзгерістер мен толықтыруларға, жер мәселесіне қатысты туындаған барлық сауалдарға жауап беру үшін 702-391 «Шұғыл байланыс» желісі ашылғанын айтып, азаматтардың барлық мәселелер бойынша осы телефонмен хабарласуына болатынын хабарлады.

Жанаргүл Көкенай

Осы айдарда

Back to top button