ҚұрметРуханиятТанымТарих

Шығыстың шырқау көкте самғаған перзенті

Ең алғашқы ұшақты американдық ағайынды Райттар 1903 жылы құрастырғаны белгілі. Ал арада отыз жыл өтпей жатып сол ұшақпен алаш баласының аспанға көтерілгенін біреу білсе, біреу білмес. Ол даңқты перзент қазақтан шыққан тұңғыш әскери ұшқыш Жақыпбек Малдыбаев еді.  

Жақыпбек Малдыбаев Шығыс өңірінде, Күршім ауданының Шеңгелді ауылында дүниеге келген. Ес біліп, еңбекке араласқаннан бастап қайнаған күрестің ортасында болған Жақыпбек өжет, санасы сергек болып ержетеді. Соның арқасында таңдаулы әскерилер қатарына алынып, түрікмен даласында басмашыларға қарсы шайқастарда бірнеше мәрте көзсіз ерлік көрсеткен. Кейін Испаниядағы азамат соғысынан елге оралып келе жатқанында Ташкент маңында, небәрі 31 жасында қазаға ұшырағаны тарихтан белгілі.

Ұшқыштың аға-бауырларынан тараған үрім-бұтақтарын айтпағанда, тікелей ұрпағы болмаған екен. Алайда Шығыс өңірі өз ісінің шыңына шыққан дара ұлын еш уақытта ұмытқан емес. Бүгінге дейін даңқты ұшқышты еске алу мақсатында өткізілген тағылымдық іс-шараларда есеп жоқ. Өскемен қаласының Аблакетка ықшам ауданында Жақыпбек Малдыбаев атында көше бар екені көңілді марқайтады. Дәл сол жерде ескерткіш-құлпытас та менмұндалап тұр. Ескерткіш-құлпытас ашылған кезде салтанатты рәсімге ұшқыштың ұрпақтары, Аблакетка кентінің тұрғындары түгелдей және облыс пен қала әкімдігінің өкілдері қатысып, гүл шоқтарын қойып, батыр рухына тағзым еткен еді. Жиында сөз сөйлеген мәртебелі меймандар мен ұшқыштың ұрпақтары оның жарқ етіп ерте сөнген өнегелі өмірінің анықтауды қажет ететін тұстары әлі де аз емес екенін айтқаны есімізде. Жақыпбек Малдыбаевтың есімін тарих пәнінің оқулықтарына енгізу туралы да дүркін-дүркін айтылып жүр. Бұл мәселе болашақтың еншісінде деу де бойкүйездік болар. Әрі шығыстың шырқау көкте самғаған даңқты ұлының есімін дүйім жұрт, тұтас ел ардақтасақ та артық болмас.

 

Оразай ЖЕҢІСҰЛЫ

Осы айдарда

Back to top button