Тәуелсіздік - 30ТОП

Шығыста «желтоқсан алауы» жанды

Қызырбек ДҮРГІНБАЙҰЛЫ

Биыл Тәуелсіздік мерекесінің мазмұны артып, мәні ашыла түскендей. Жыл сайын жасыл шыршаның көлеңкесінде қалып қоятын 16 желтоқсанды өскемендіктер өзгеше жаңалықтармен қарсы алды. Желтоқсан қаһармандарының атына көше беріліп, тарихи кітап жарық көріп, кабинет ашылды. Ертістің жағасында «Желтоқсан алауы» атты композициялық мүсін бой көтеріп, көпшіліктің көптен бергі тілегі орындалды.

Тәуелсіздік күні қарсаңында облыс орталығында көптеген іс-шаралар өтіп, игілікті жобалар жүзеге асты. Оның әуелгісі – боздақтар рухына арналған «Желтоқсан алауы» атты мүсіндік композиция. Бұл мүсіндік композиция Ертіс жағасындағы ғашықтар аллеясының төрінен орын алды. Қала әкімшілігінің хабарлауынша, бұл көшеге жуықта «Желтоқсан» атауы берілетіні туралы шешім шыққан. Ұсынысты республикалық ономастикалық комиссия мақұлдаған. Осылайша түрлі композициялық мүсіндер қойылған аллеяны жалпақ жұрт ендігі жерде «Желтоқсан жағалауы» атайтын болады.

– Қалада атқарылып жатқан әрбір іс-шара болашақ ұрпақ үшін жасалып жатыр. Жас ұрпаққа жақсы дүниені үлгі ете білуіміз керек. Соның бір парасы желтоқсан құрбандарына арналып өтіп жатқан іс-шаралар. Бұл – біздің желтоқсаншылардың ерлігіне деген құрметіміз, құрбан болған боздақтардың алдындағы парызымыз. Елдің еңсесін тіктеу, мемлекеттің іргесін нығайту үшін тек өткенді еске алу жеткіліксіз болар. Сондықтан Отан үшін от кешкен батырлардың ерлігін айғақтап, өскелең ұрпаққа үлгі ете білуіміз керек, – деді Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар.

Бұның идеологиялық тұрғыдан да игілікті іс-шара болғандығын композициялық мүсіннің ашылуына қатысқан жұрт тілге тиек етті. Жалпы облыс орталығында идеологиялық тұрғыда ескірген көше атауларын жаңартып, қазақтың ұлы тұлғаларының есімдерін жаңғырту біртіндеп жүзеге асып келеді. Ал бұл жолғы Желтоқсан көшесі мен композициялық мүсіннің ашылуына желтоқсаншылар ұйымы түрткі болған. Желтоқсаншылардың тілегіне құлақ асқан қала әкімдігі ұсынысты ұтымды пайдаланып, бір жыл ішінде жүзеге асырып отыр.

– Композициялық мүсіннің ашылуы мен осы араға қойылуында мін жоқ. Бұл біздің қанды тарихымыздың бір парағы, қазақтың рухты жастарының жеңісінің көрінісі болып қала бермек. Ал мына Желтоқсан көшесін осымен шектемей соза түсу керек сияқты. Өйткені қазіргі біздің көше деп тұрғанымыз көше емес, жағалау ғой. Ол да болашақта жүзеге аса жатар деп үміттенейік. Тәуелсіздік тойы құтты болсын! – деді жазушы-журналист Әлібек Қаңтарбаев.

Ертістің жағасында бой көтерген «Желтоқсан алауы» атты бұл композициялық мүсін 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының құрметіне арналған. Биіктігі 5 метрге жететін мүсінді белгілі мүсінші Нұрбол Қалиев жасап шыққан. Мүсінде мұзды жарып шыққан алау от пен қыран бейнеленген. Осы бейнелер арқылы 1986 жылғы батыр жастардың рухын көрсетуді көздеген. Жаңа мүсіннің ашылу салтанатына қала тұрғындары қатысып, гүл шоқтарын қойып, өткен тарихқа құрмет көрсетті.

Тұрғындарды тағы бір қуантқан дүние желтоқсаншылар туралы кітаптың жарық көруі болды. Бұл кітаптың жазылуы өткен жылы Желтоқсан оқиғасына 35 жыл толу барысында қолға алынған екен. Осылайша бір жылдың ішінде желтоқсаншылардың тарихы түгенделіп, азапты күндердегі оқиға желісі оқырманға жол тартып отыр. Жинақ авторлары мен желтоқсаншылар кітаптың тұсаукесерін биылғы Тәуелсіздік күніне орайластырыпты. «Шығыстық желтоқсандықтар» атты кітаптың тұсаукесеріне Шығыстан шыққан желтоқсан батырлары түгел дерлік қатысып, өз естеліктерімен бөлісті. Игілікті шараға қала әкімі де арнайы қатысып, Желтоқсан батырларына алғыс айтты.

– Бұл оқиғаға қатысқандар тек 1990-шы жылдардың бас кезінен ақтала бастады. Бүгінде «ұлтшылдық көрініс» деген саяси бағаның қате тұжырым екені мойындалған. Осы кітапты құрастырған Болат Төлепбергеновке, Гүлбаршын Абылғазиновнаға және редакциялық кеңес құрамына ерекше алғыс айтқым келеді. Біздің парыз – өткенді ұмытпау және ұмыттырмау. Қаламыздағы бір көшеге «Желтоқсан» атауының берілуі, боздақтар рухына мүсіндік композиция қойылуы – соның бір дәлелі. Жастарымыз өткенін біліп, тарихымызды танысын деген мақсатта осы кітапты шығарып отырмыз, – деді қала әкімі Жақсылық Омар.

Қанды тарихпен қатталған кітапқа Желтоқсан оқиғасына қатысқан 188 шығысқазақстандықтың тағдыры мен ерлік істері енгізілген. Осылайша, Желтоқсан оқиғасының жасырылып келген тарихы Жаңа Қазақстанда оқырманға жол тартып отыр.

– Мен бұл кітапты жылап отырып редакторлап, құрастырып шықтым. Жүрегі бар адамның жыламауы мүмкін емес. Мұндағы естеліктер мен тағдырларды оқығанда еріксіз көзіңе жас келіп, ұйқың қашады. Тәуелсіздіктің бізге қалай жеткенін білгісі келген адам бұл кітапты оқысын. Сонда ғана бейбіт күннің қадірін түсінетін болады, – дейді кітапты құрастырушылардың бірі, кітапханашы Гүлбаршын Тілегенқызы.

Биылғы Тәуелсіздік тойының мазмұнының артуына желтоқсаншылар білек сыбана кіріскен сынды. Таңнан жиналған Желтоқсан оқиғасына қатысушылар Абай атындағы гуманитарлық колледжге барып, Сәбира Мұқамеджанованың рухына тағзым жасады. Жиналған жұрт Сәбира Мұқамеджанова атындағы кабинеттің ашылу салтанатына қатысып, бірнеше үздік студентке стипендия табыс етті.

Иә, бұл Тәуелсіздік күні қарсаңында облыс орталығында өткен іс-шаралардың бір парасы ғана. Жалпақ жұрт биыл Тәуелсіздік мерекесінің мазмұнын тереңірек сезінген сынды. Торқалы тойға білек сыбына кіріскен билік пен халық бірлесе отырып өткен тарихқа тағзым жасап, болашаққа қажетті игілікті іс атқарды. Осылайша Тәуелсіздіктің тағы бір парағына тарих таспаланып, уақыттың еншісіне тапсырылды.

Осы айдарда

Back to top button