ҚоғамТОП

Шығыста Ханбалық шаруашылығы қарқынды дами бастады

Шығыста құбылмалы бақтақ – ханбалық `(форель) шаруашылығы қарқынды дами бастады. Өскеменнен 35  шақырым жерде, Новотроицк  ауылы маңындағы Өскемен су қоймасында өсіріліп, өңделіп жатқан ханбалық балықтарының 90 пайызы Қазақстан нарығына жөнелтілуде. Өскемен су қоймасында өсіріліп жатқан айрықша балықтар күн сайын, апта сайын шығыстан оңтүстікке, батысқа, Ақтау, Атырау қалаларындағы тұтынушыларға дейін жеткізіледі. Төрт-бес жылдың жүзінде  шаруашылығын дөңгелетіп үлгерген «Шығыс Универсал» ЖШС осылайша шығыста ханбалықтың қайталанбас брендін қалыптастырып жатыр, деп хабарлайды Didar ақпарат.

Құт әкелген кәсіп

Ұры айдап әкетпейді, жоғалмайды, қасқыр да жеп кетпейді. Көз алдыңда, көк айдында, шарбақты тоғанда шоршып жатқан көп балықты өсіру мал баққаннан қиын болмаса, оңай емес екен. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының бастамасымен ұйымдастырылған баспасөз турында ханбалық деп аталатын көктеңбіл балықтың шығыста, Өскемен су қоймасындағы Масьянов шығанағында қалай өсіріліп жатқанын көрудің  сәті түсті.

Дернәсіл кезінен әкелініп, алдымен шаруашылықтың инкубаторында, одан соң қарақанаттанып шабаққа айналған шағынан бастап шарбақты тоғандарда күтіліп, бапталып өсірілетін ханбалықтардың 2,5 келі салмаққа жетіп, тауарлы балық күйіне келуіне дейін екі, екі жарым жыл уақыт кетеді. Өсіп жетілген тауарлы балықтар осы шаруашылық тоғаны басынан мұз шақпақтарына оралған қалпында  Өскемендегі балық өңдеу цехына жіберіліп отырады. Одан әрі цехтан тапсырыстар бойынша өңделген немесе өңделмеген қалпында дәмхана, мейрамханалар мен әр өңірдегі, түрлі қалалардағы тұтынушыларға жөнелтіледі. Ішінара Ресейге де жіберіліп жатыр. Ол жақта мұндай балықты өсірушілердің қарасы көп болғанымен, Өскеменнен келген ханбалық өзіндік дәмімен ерекшеленіп, ресейліктердің сұранысына да ие бола бастапты.

– Алғашында ханбалық уылдырықтарын, олардан дернәсіл  шығаратын арнайы инкубаторлар сатып алдық. Одан әрі құртшабақтарды көбейтуге тиісті жағдайлар туғызып, шарбақты торлар құрып, олардың бәрін шабаққа толтырдық. Өскемен су қоймасы –шарбақты тәсілмен ханбалық өсіруге аса қолайлы су айдыны. Балықты жасанды су көздерінде өсіргеннен, табиғаттың өз ортасында, ауасы жеткілікті су айдынында табиғи жолмен өсірген барлық жағынан тиімді. Алайда ханбалықты баптап өсіріп, тауарлық салмаққа дейін жеткізудің өзіндік қиындықтары өте көп. Шабақтарды өсірудің температуралық талаптарын сақтап, суын таза ұстау, биологиялық нормаларын қатаң сақтаудан басқа да шаруалары жетіп жатыр. Тіпті бір шарбақта көлемі жағынан үлкенді-кішілі әртүрлі балықтарды бірге жүргізуге де болмайды, үнемі бақылап, бөліп алып отыру керек. Әйтпесе, ірі балықтар көлемі  кішкентайларын жеп қояды. Ірі балыққа, ұсақ балыққа өздерінің көлеміне сәйкес жем береміз. Мәселен, 4 мм-лік жем түйіршігін ірі балықтарға шашсақ олар оны көрмей қалады, оларға 6 мм-лік түйіршіктерді береміз. Егер кішкентай балықтарға ірі жем түйіршіктерін шашсақ, көлемі үлкен құрғақ жем олардың асқазанын жарып жіберуі әбден мүмкін, – деп түсіндірді бізге ханбалық өсірудің қызығы мен шыжығы қатар жүретінін шаруашылық басшысы Вячеслав Асанов.

Әсіресе құбылмалы бақтақтың тамағы мен бабы қомақты қаржыны, көп еңбекті қажет етеді. Албырт тұқымдас балықтар жемінің құрамы өте күрделі болып келеді. Теңіз балығының дәмі атына сай теңіз балығыныкі екенін көрсетіп тұруы үшін оның тамағы да теңіздікі болуы керек дейді шаруашылық иесі. Сондықтан ханбалықтардың тамағы түгелдей Еуропа елдерінен сатып алынып отыр. «Шығыс Универсал» ЖШС теңіз балықтарын өңдеуден кейін қалатын, балықтардың сүбе етін алып тастағаннан кейін қалатын балықтың сүйектері мен сыртқы қабығынан жасалатын арнайы балық жемін шаруашылыққа шетелден жеткізіп отыр. Егер, ханбалықтарға теңіз балығы қалдықтарынан жасалған жемнің орнына өзіміздің өзендердегі көксерке балығын өңдеуден қалған өндірістік қалдықтардан жасалған жемді берсе, балықтың дәмі де өзгеріп, ханбалық ханбалық болмай қалатын көрінеді. Ханбалық жемінің қымбат болуының сыры осында. Қазір шетелден алып отырған балық жемінің келісі – 1200-1300 теңге. Ал майшабақтарға арналған жем бұдан да қымбат. Ханбалықтың өзіндік құнының бәрін алып тұрған мұндай жемді әзірге Қазақстанда  шығарып жатқан ешкім жоқ. Каспий теңізі бар болғанымен жоғары сұранысты ескеріп, елімізде теңіз балығының жемін шығаруды қолға алған кәсіпорын жоқ. Теңіз бен мұхитқа жақын Ресей бизнесмендерінің өзі де теңіз балықтарының жемін шығаруға енді ғана кірісіп жатқан жайы бар.

Ертіс суының тартылып, таязданып жатқаны өзен бойындағы Өскемен су қоймасына, осында орналасқан шарбақты тоған шаруашылығының балықтарына да кері әсерін тигізбей қоймаған екен. Жылда 700-800 тоннадан асып түсіп жататын ханбалықтың көлемі биыл азайып, тауарлы балық өсіру көлемі 500 тоннаға дейін төмендепті. Бірақ болашақта шаруашылық қайтадан өндірістік қуатына жеткізілмек. Айтпақшы, жазда осы шаруашылыққа балық аулап, демалуға келген қытайлық туристер шарбақты тоған шаруашылығының  құрылғанына небары алты-жеті жылдың жүзі ғана болғанын естіп, қайран қалыпты. Өндірісі даңғыл жолға қойылған өзгеше шаруашылықты көріп, 20 жылдай жұмыс істеп тұрғын байырғы шаруашылықтың бірі шығар деп ойлаған екен.

Елімізде аквамәдениет атауы, түсінігі бұған дейін болған емес, енді ғана дамып, өркендеп жатыр. Вячеслав Асановтың бұрын-соңды Қазақстанда болып көрмеген бұл салаға деген қызығушылығы өңірдегі балықшылардан балық жинап жүрген кезде туған екен. Әлемде халық тұтынып жатқан балықтың көбі қолдан, жасанды тоғандарда өсіріліп жатыр. Облыстың өзен, көлдерінде балық қоры барған сайын азайып, таусылып барады. Оның балық шаруашылығымен айналысуына осы ой түрткі болады. Кәсіпкер Зайсан көлінен балық аулайтын балықшылардың балығын Ресей мен Қытайға шығарып, экспорттап жүргенде, елімізде өткен көрмелердің бірінен аквамәдениеттің, шарбақты тоғандарда балық шаруашылығымен айналысудың жолдарымен, болашағымен танысып, ақыр соңында осы кәсіпке біржолата кіріседі. Өскемен су қоймасынан  жер учаскесін, су айдынын ұзақ мерзімге жалға алып, Түркиядан құрал-жабдықтар, тағы бір елден ханбалықтың дернәсілдерін сатып алып келіп, құжаттағы жобасын жүзеге асыра бастайды.

Аквамәдениеттің алғашқы қарлығашы

 Бастаған істері баянды болып, бүгінде «Шығыс Универсал» ЖШС Қазақстандағы аквамәдениеттің алғашқы қарлығашы атанып отыр. Шаруашылық жылдан-жылға өркендеп келеді.

Шаруашылықты кеңейтіп, одан әрі дамыту үшін инвестиция салуға несие қажет болғанда кәсіпорын «First Heartland Jýsan Bank»-тен 14% мөлшерлемемен 60 айға несие алады. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының қолдауымен «Бизнестің жол картасы 2025» бағдарламасы аясында алған несие мөлшерлемесінің 8%-ын мемлекет субсидиялап отыр. Қазір кәсіпкер банктен алған қарызын қалған 6%-дық сыйақы мөлшерлемесімен ғана төлеп жатыр.

Өскеменде кәсіпорынның шаян мен мұздатылған балық өңдейтін цехы бар. Цех ғимараты екі қабаттан тұрады, бірінші қабатта орналасқан екі бөлмедегі 16 бассейн-аквариумнің іші толы ханбалық шабақтары. Жалпы саны – 400 000 дана. Оның жанында төрт шкафты инкубатор тұр. Онда майшабақтардың дернәсілдері жетіліп жатыр. Шаруашылықтың осы инкубациялық цехында ханбалықтың уылдырығынан шыққан құртшабақтар шабаққа айналып өсіп-өнген соң, тауарлы балық алу  үшін бір айдан кейін судағы шарбақты торға жіберіліп отырады.

Өскемен су қоймасын бұған дейін сібір миногасы, хариус, шортан, көкшұбар балық, будан ақсақа, торта, тарақ балық, аққайран, оңғақ, табан, мөңке, алтын, күміс мөңке, сазан, көксерке, алабұға секілді балықтар мекендеп келсе, енді айдын шарбақты тордағы ханбалықтармен толыққан. Облыста ханбалықты шарбақты торда өсіретін  шаруашылықтардың  жұмысы  жылдан-жылға қарқын алып келеді. Айтып өткеніміздей, бұғанға дейін аймақта мұндай балық түрі өсірілмеген. Кәсіпкерлер ханбалық шабақтарын Алматы, Түркістан облыстарынан, сонау Польшадан әкеліп шарбаққа салып, көбейтіп жатыр. Тау бөктеріндегі Ертістің мұздай таза суы шабақтардың шығынсыз өсіп-жетілуіне аса қолайлы. Ханбалық шабақтары Ертістегі Өскемен су қоймасының ғана емес, Бұқтырма су қоймасы, Зайсан көліндегі тоғандарға да жіберіліп келеді. Жергілікті кәсіпкерлердің ішінде аталған шаруашылықтың қарқынын көріп, ханбалық өсірсем деп жүргендер бар. Осылайша, көксерке, сазанмен бірге мың құбылған көк теңбіл балық та Ертістің құтын кіргізіп, байлығын еселеп жатыр.

Балық ресурстарын пайдаланудың тиімділігін арттыру үшін 2006 жылдан бастап келісімшарт бойынша өңірдегі табиғат пайдаланушыларға балық шаруашылығы су айдындары бекітіліп беріле бастағанда табиғат пайдаланушылардың алдына су айдындарын таза ұстау, балық қорын молайту, су көздері жанынан спорттық балық аулауды ұйымдастыру сияқты бірнеше міндеттер де қойылған. Новотроицк ауылы жанындағы «Шығыс Универсал»  шаруашылығының балық өсіру  учаскесінен  спорттық балық аулау орындары да ашылыпты. Балық аулауды аңсап Ертіске келген ел бұл жерден қармақ салып ханбалық аулап қана қоймай, таза ауада демалып, жан сергітіп қайтуға қолайлы жағдай туғызылған. Жағалау инфрақұрылымын құру жұмыстары әлі де жалғасып жатыр. Спорттық балық аулауды ұйымдастыру үшін екі-үш жыл бұрын жағалауға демалыс күркелері қойылып, пайдалануға беріліпті.

Кәсіпкер шаруашылықтың санаулы жылда қол жеткізген табыстарын көрсете отырып, саланың қолбайлау болып отырған қадау-қадау мәселелерін де атап айтты.

– Елімізде, облыста  шарбақты тоған шаруашылығымен айналысуға қолайлы су айдындары жетерлік. Алайда аквамәдениеттегілерге жағдай толық жасалып отырған жоқ. Сумен мәселе жоқ болғанымен, шаруашылық жүргізу үшін оның жағасындағы жер учаскелерін жалға алу әлі күнге дейін аса қиын. Сала қаржылық, несиелік қиындықтарды да бастан кешіп келеді. Осы жерде жарты миллиард теңгенің құрал-жабдықтары тұр. Бірақ оны банктер кепілдікке алмайды. Су айдындарындағы жабдықтар мен құралдар банкке кепілдік бола алмайды. Банктерді тек қаладағы жылжымайтын мүлік қана қызықтырады. Сондықтан ауыл шаруашылығының айрықша саласы саналатын аквамәдениетті өркендетуге өз алдына жеке мемлекеттік бағдарлама қабылданса деген ойдамыз. Ресейде, Өзбекстанда, Қырғызстанда салаға көрсетіліп отырған мемлекеттік қолдау бізге қарағанда әлдеқайда нәтижелі, тиімді болып отыр,  – дейді шарбақты тоған шаруашылығын дамытудың болашағы жайында Вячеслав Асанов.

Елімізде үш жылдан бері балық шаруашылығын дамыту бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Бағдарламада межеленгендей елде балық өнімдерін ішкі тұтынуды арттырып, импорт көлемін азайтып, экспорттауды ұлғайту көзделініп отыр. Жоспарланған бағыттарды еңсеру үшін Қазақстанда балық шаруашылықтарының қауымдастығы құрылып жұмыс істеп жатыр. Осы қадамдар балық шаруашылығын, оның ішінде аквамәдениетті дамытуға айтарлықтай септігін тигізері сөзсіз. Ең бастысы, саланы өркендетуге кіріскен, табысты жұмыс істеп жатқан «Шығыс Универсал» ЖШС сияқты өз кәсібінің көшбасшылары қалыптасып үлгерді.

 Автор: Жамал Ермен

Осы айдарда

Back to top button