Шығысқазақстандық полицейлер отбасы жеңіспен оралды
Биыл «Мерейлі отбасы» байқауына еліміздің әр өңірінен 200-ден астам үміткер қатысты.
Шығыс Қазақстан облысының намысын қорғаған Макиленовтар отбасы жеңіспен оралды. Жеңімпаздарды әуежайдан туыстары мен әріптестері салтанатпен қарсы алды, деп хабарлайды Didar ақпарат.
Ернұр мен Әсем Макиленовтар ұзақ жылдар бойы халық игілігі үшін қызмет етіп келеді. Отағасы ішкі істер органдарында 20 жылдан бері жұмыс істеп жүр. Бүгінгі таңда ол Алтай ауданы Серебрянск қаласы полиция бөлімінің криминалдық полиция бөлімінің бастығы қызметін атқарады. Жұбайы Әсем – қазірдің өзінде ішкі істер органдарының зейнеткері, алайда құрметті демалыста да полицияда жұмыс істеуді жөн көрген екен. Қазір ол Серебрянск қаласының полиция бөлімінің ішкі және сыртқы коммуникациялар тобының жетекші маманы болып жұмыс істейді.
Макиленовтар отбасына “Мерейлі отбасы” республикалық байқауында жеңіске жетуге махаббат, өзара түсіністік және отбасылық бірлік көмектескен. Ерлі-зайыптылар 13 жыл бойы тату-тәтті өмір сүріп келеді. Бүгінде 3 бала тәрбиелеп отырған бақытты ата-ана. Ерлі-зайыптылар балаларын еңбекқорлыққа, алға қойған мақсаттарына жетуде табандылыққа үйретуде.
Жамал Ермен