Шығысқазақстандық оқушы “Батыр баянды” суретпен сөйлетті
Мектеп оқушысы Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдық мерейтойына орай сурет сөз-альбомын шығарды. Бұл 9 сынып оқушысының үшінші альбомы.
Жуықта «Ш.Уәлиханов атындағы №3 мектеп-лицейінің 9 сынып оқушысы Асыл Сұңғатқызының «Батыр Баян» атты сурет сөз-альбомы жарық көрді. Автор бұл альбомын Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдық мерейтойына арнап, «Батыр Баян» поэмасын суретпен сөйлеткен. Жас автордың бұған дейін «Алаш көсемі», «Ер Төстік» атты комикс-альбомдарының және «Мен жастарға сенемін» атты стикерпактысы жарық көрді.
– «Батыр Баян» сурет сөз-альбомы Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдығына арнап шығарылды. Ең бірінші осы шығарманы оқыған болатынмын. Шығарма ойда жүріп, соны таңдап, зерттеп, оқиға желісін ықшамдап, соны суретпен беруге тырыстым. Жалпы осы жоба өте қызықты болды, жүзеге асыруға жеті ай уақыт кетті, – деді Асыл Сұңғатқызы.
Жалпы комикс – суретпен салынған оқиға. Туынды әдебиет пен сурет өнерін ұштастырады. Шығарма кейіпкерлерін оқырман қауымға комикс форматында таныстыру – қазіргі таңда жасөспірімдер арасында танымалдылыққа ие болған шығармашылық ізденістің жаңа бір түрі.
– Бұл сурет альбом өте қызықты екен. Баламның қызығушылығын тудыра алды. Бала поэманың желісін сурет арқылы көріп, шығарма нұсқасында оқып есінде тез сақтап алды. Қазір балаларға кітап оқыту өте қиын. Осындай дүниелер көп болғаны дұрыс деп ойлаймын, – дейді Жансая Аманкелдиева.
Асылдың жаңа альбомында Мағжан Жұмабаевтың «Батыр Баян» поэмасы суреттелген. Альбом жастықтың албырттығын, сезімнің соқырлығы мен ақылға бағынбайтын асаулығын, ашу мен ақылдың, сана мен сезімнің таласын, әрі көзсіз ерлікті баяндайды.