Сайлау-2022ТОП

ШЫҒЫС ЖҰРТЫ ТАРИХИ ТАҢДАУ ЖАСАДЫ

 Елімізде кезектен тыс өткен Қазақстан Республикасының Президентін сайлау аяқталды. Бұл саяси науқанға Шығыс жұрты да белсенді қатысып, әрқайсы өз таңдауын жасады. Орталық сайлау комиссиясының 20 қараша күнгі түнгі сағат 22.00-дегі мәліметі бойынша, Шығыс Қазақстан тұрғындарының 79,49%-ы дауыс берген. Көппен бірге облыс әкімі Даниал Ахметов те Өскемендегі №9-шы сайлау учаскесінде өз таңдауын жасады. 

Облыстық сайлау комиссиясының ақпаратына сүйенсек, облыста барлығы 549 сайлау комиссиясы жұмыс істеді. Оның 12-сі аумақтық, 537-сі учаскелік комиссия. Осы 537 сайлау учаскесінің 32-сі азаматтар уақытша болатын жерлерде ашылды. Аталған комиссиялардың 3609 мүшесі, оның ішінде аумақтық сайлау комиссияларының 84 мүшесі, учаскелік сайлау комиссияларының 3525 мүшесі қызмет етті. Өңірдегі сайлау учаскелерінің жұмысы жергілікті уақыт бойынша таңертеңгі 7.00-ден бастап кешкі 20.00-ге дейін жалғасты. Облыста сайлау құқығына ие 500 мыңға жуық шығысқазақстандық тіркелсе, соның 79,49%-ы бюллетень алды. Сайлау барысын қоғамдық ұйымдар мен саяси партиялардың, Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидаттардың сенім білдірілген адамдарының байқаушылары бақылады.

Өскемен. Қарашаның 20-шы жұлдызы. Таңғы сағат 07.00. Облыс орталығының халқы өздерінің тұрғылықты жері бойынша орналасқан сайлау учаскелеріне қарай ағыла бастады. Бұл күні алғашқылардың бірі болып Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы әскери бөлімдерінің барлық жеке құрамы дауыс берді. Өз таңдауын бірінші болып Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы, генерал-майор Рүстем Ақбалин және жедел мақсаттағы екінші ротаның сарбазы, қатардағы жауынгер Сұлтан Асаубаев жасады. Сарбаз әскерге Орал қаласынан шақырылған және ол сайлауға тұңғыш рет қатысып отыр.

«Шығыс» өңірлік қолбасшылығы бойынша барлығы алты дауыс беру учаскесі жұмыс істеді, онда мерзімді қызметтің әскерилері ғана емес, офицерлер мен сержанттар да өз таңдауын жасады.

Жүз жастағы әжей дауыс берді

Ал Өскемен жоғары политехникалық колледжінің студенті Мәди Құдайбергенов үшін биылғы 20 қараша ерекше есте қалатыны рас. Оның туған күні Қазақстан Президентін сайлаумен тұспа-тұс келген екен. Осы күні жиырма жасқа толған Мәди өзінің және елінің болашағы жарқын болсын деген мақсатпен дауыс беруге келгенін айтты.

– Иә, бүгін менің туған күнім, мен сайлауға бірінші рет келдім, өз дауысымды беремін. Әркім өз елінің болашағы үшін дауыс беруі керек, – деді Мәди Құдайбергенов.

Бір ғасырлық ғұмырында талай сайлауды көрген өскемендік қария Анастасия Светочева да ел қатарлы таңдау жасады. Бірақ жүзге келген әжейдің жүріп-тұруы қиын болған соң жылжымалы сайлау жәшігі оның үйіне жеткізілді.

Ұлы Отан соғысының ардагері кезінде қалалық кеңестің депутаты болған Анастасия әжей 1922 жылы дүниеге келген, 11 қарашада 100 жасқа толды.

– Осы жасыма келгенше талай сайлауға қатыстым, дауыс беру сияқты маңызды саяси шаралардан қалып көрген емеспін. Жастарды да белсенді болуға шақырамын. Еліміздің ары қарай дамуы, тұрақтылығы, әділетті ел болуы дұрыс таңдау жасауымызға байланысты. Елімізде береке-бірлік, ұлтаралық келісім болып, Қазақстанымыз гүлдене берсін, – деді Анастасия Светочева.

Ұлы Отан соғысының ардагері Құрмат Рахимов та кезектен тыс Президент сайлауында ел қатарлы дауыс беру үшін сайлау учаскесіне өзі келді. Ол – Өскемендегі №21 сайлау учаскесінде таңдау жасаған жасы ең үлкен сайлаушының бірі. Қарт майдангер, II дәрежелі «Отан соғысы» орденінің иегері, «Багратион» операциясының қатысушысы, Кенигсберг шабуылының батыры, Шекара қызметінің ардагері, отставкадағы Ішкі істер министрлігінің полковнигі Құрмат қарияның жасы қазір 98-де. Қарттығына қарамастан сайлау учаскесіне өзі келіп, азаматтық міндетін орындаған жерлесіміз сайлауға ерекше мән береді екен. Өйткені ол мұндай шараларды, яғни азаматтық таңдау мен сайлау құқығын – қаншама боздақтың қанымен келген Ұлы Жеңістің тікелей жалғасы деп есептейді.

– Біз Тәуелсіз елді құрып, әділ қоғамда өмір сүру үшін күрескенбіз. Егер біз қоғамның тағдырына араласпасақ, тұратын елге қызығушылық танытпасақ не үшін соғыстық? – дейді ардагер.

Облыстағы, оның ішінде Өскемендегі сайлау учаскелерінде көпшілікке мерекелік көңіл-күй сыйлау үшін әртүрлі шаралар ұйымдастырылды. Кейбір сайлау учаскелерінде келушілерге арнап кәдесыйлар мен естелік сыйлықтар берілсе, енді бірінде азық-түлік өнімдерінің жәрмеңкесі қызды. Конкурстар мен акциялар да жалғасын тауып жатты. Учаскеге бірінші келген, сондай-ақ әрбір жүзінші, мыңыншы келгендерге, бірінші рет дауыс берген сайлаушыларға естелік сыйлықтар табысталды. Дауыс берушілердің саны ең көп учаскелерде медициналық пункттер ұйымдастырылды. Онда әркім қан қысымын, қандағы қант пен сатурацияны өлшетіп жатты.

Қарашаның 20-сы күні таңертеңнен Өскемендегі №27 орта мектебіне қарай ағылған жұрттың легі көп. Өйткені мұнда үш бірдей сайлау учаскесі орналасқан. Бұл таңдау бүгінім үшін емес, ертеңім үшін дегендер балаларын да ерте келіп дауыс берді.

Мұндағы №118 сайлау учаскесінде – 1939, №117 учаске бойынша – 1924, ал №116 сайлау учаскесінде 2107 адам тіркелген. Сайлау науқынының алғашқы сағатының өзінде 500-ден астам адам қалаған кандидатына дауыс беріп үлгерген.

– Мен өз басым еліміздің ертеңіне үлкен үмітпен қараймын. Сондықтан да бүгінгі күні өз таңдауымды жасап, дауыс беруді міндет деп санадым. Бұл елдің бүгіні бізбен байланысты болғанымен, ертеңі біздің ұрпағымыздың еншісінде. Сол себепті де бүгінгі сайлауға кішкентай баламды ала келдім. Осы балаларымыздың ертеңі алаңсыз, еліміздің іргесі тыныш болса екен деп тілеймін. Осындай мақсатта баламның болшағы үшін дауыс бердім, –  дейді қала тұрғыны Мақсат Болатбекұлы.

Бұл күні аталған сайлау учаскелерінде тұрғындарды әуезді әнмен қарсы алып, оларға қазақы дәстүрге сай ыстық шәй мен бауырсақ ұсынылды. Ал мектептің шыға берісіне арнайы Инстаграм экраны үлгісінде селфи жасау орны жасалған. Дауыс берген жұрт суретке түсіп, ыстық шәйін ішіп қайтып жатыр.

Қатар келген қос мереке

Облыс орталығында енді ғана шаңырақ көтерген жас отбасы неке қию салтанатынан кейін бірден №49 сайлау учаскесіне барып дауыс берді. Отбасылық өмір жолын өзгеше бастамақ болған жұбайлар – Жәнібек пен Мадина неке қиғызғаннан кейін тойға емес, бірден сайлау учаскесіне келіп таңдау жасады.

– Бүгін біздің ел үшін тарихи күн. Сондықтан осы күнді тағдырымызбен байланыстырайық деп шештік. Біз әділ әрі жарқын болашақ үшін дауыс бердік, – деді Жәнібек Ахметов.

Сонымен қатар бұл күні өз таңдауын жасауға келген көпшілік қауым қазақтың ұлттық тағамдарынан дәм татты. Өскемендегі сайлау учаскелерінде тұрғындарға ақ дастархан жайылды. Осы мерекеге арнап бір тоннаға жуық бауырсақ пісірілген екен. Сайлау учаскелерінің мүшелері көпшілікті жылы қарсы алып, дәмнен ауыз тигізді.

– Сайлау учаскесіне келгенімде осындай тосынсый күтіп тұр екен. Бауырсақтан дәм таттық. Дәмі тіл үйіреді. Содан соң дауыс беріп, өз таңдауымызды жасадық, – дейді Әсел есімді қала тұрғыны.

Катонқарағай ауданындағы учаскелерде де сайлаушыларды ыстық шай мен жылы бауырсақпен қарсы алды. Үлкен Нарын ауылының кәсіпкері Айтжамал Нұрпейісова жерлестеріне өз өнімдерін ұсынды.

– Бүгін еліміз үшін маңызды күн. Барлық дауыс берушілерді жылы қабақпен қарсы алып жатыр. Көп рахмет. Республикамыз өркендеп, ел жастары өсе берсін! Мен еліміздің жарқын ертеңіне сенемін, – дейді катонқарағайлық Гүлнази Аманғұлова.

Сайлаудың да, сауданың көрігі қызды

Өскемендегі үш ірі сайлау учаскесінде азық-түлік жәрмеңкесі ұйымдастырылып, тұрғындар өнімдерді арзанға сатып алды. Нақтырақ айтқанда, облыс орталығындағы дауыс берушілер саны көп үш ірі сайлау учаскесінде осындай игілікті бастама қолдау тапты. Бұл қатардағы екі ірі: №30 және №31 сайлау учаскесі Шоқан Уәлиханов атындағы №3 мектеп-лицейінде орналасқан.

Қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі өкілдерінің айтуынша, таңғы сағат сегізден бастап білім ордасының кіреберісіне өз өнімдерін жайғастырған кәсіпкерлер келушілерге азық-түлік тауарларын әдеттегі бағадан 10-15 пайыз арзанға ұсынған. Көпшілікке арнап істелген жәрмеңкеге келген қала тұрғындары бірінші кезекте қажетті қант, өсімдік майы және шұжық сияқты азық-түлік тауарларын сатып алды. Осындай ерекше жәрмеңкелер арқылы өз өнімдерінің көпшілік арасында кеңінен танымал болатынын айтқан кәсіпкерлер де сайлаушылар тарапынан қызығушылықтың барын жеткізді. Дауыс беру басталған сәттен бері екі сағат ішінде саудаға шығарылған тауарлардың 30 пайызынан астамы сатылып кеткен.

– Біздің мектептің аумағында 30-шы және 31-ші сайлау учаскелері орналасқан, – дейді Шоқан Уәлиханов атындағы №3 мектеп-лицейінің директоры Қарлығаш Ғазизова. – Екі сайлау учаскесі бойынша сайлаушылар саны өте көп. Яғни, 30-шы сайлау учаскесінде сайлаушылар саны 1878 болса, 31-ші сайлау учаскесі бойынша – 1545 адам. Бүгін таңғы сағат жетіден бері ауа райының қолайсыздығына қарамастан сайлаушылар дауыс беруге келіп жатыр. Президент сайлауына байланысты барлық шаралар заңға сай әрі уақтылы орындалуда. Заңбұзушылықтар болған жоқ. Яғни, дауыс берушілер тарапынан ешқандай ескертулер келіп түскен жоқ.

Бұдан бөлек, сайлау учаскелерінде қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің ұйымдастыруымен дастархан жайылып, көпшілік ыстық шай мен бауырсақтан дәм татты. Сайлаушылармен ере келген балаларға түрлі-түсті шар мен ойыншықтар сыйға берілді.

– Өскемен қаласының байырғы тұрғынымын. Осында туып, өстім. Бұл жолғы Президент сайлауына дауыс беруге келіп, көңілім көтеріліп қалды. Күнделікті қолданатын азық-түлік тауарлары мен шұжықтардың бағасы көңілге қонымды екен. Қолөнер бұйымдарын да саудалап жатыр. Бұл жерге түрлі тоқыма өнімдерін ұсынатын әжелерді де отырғызып қойса артық болмас еді. Бұрынғы кезде осындай сайлауға келгенде өзімізді мерекеге келгендей сезінетінбіз. Бүгін де сондай атмосфера сезіледі. Жолдасым екеуіміз дауыс беруге келіп, бір аптаға жететін азық-түлікті әлеуметтік бағада сатып алдық, – дейді Марина Ефименко есімді қала тұрғыны.

Өскемен қаласының №112 сайлау учаскесіне әжелер әулеттік дәстүрге сай бала-шағасын, немересін ерте келіп дауыс беріп, береке мен бірліктің үлгісін көрсетті.

Бұл сайлау учаскесіне ағылған жұрттың қарасы көп. Солардың арасында қолдарына жалауша алып, бала-шаға, немересін ерте келген әжелер тобы саяси науқанды мерекеге айналдырды. Әні мен сәні жарасқан әжелер әлеуметтің көңілін көтерді. Жастарға ақыл айтып, жол көрсетер әжелер инситутының әлі де бар екенін паш етті.

Жалпы №112 сайлау учаскесінде 2236 адам дауыс беруге тиіс болса, таңғы 7.00-ден бастап бір сағатта 200-ден астам сайлаушы өз таңдауын жасап үлгерген.

– Осы елдің тұрғыны болғандықтан өз таңдауымызды жасап, дауыс беру міндетіміз деп ойлаймын. Бір адамның дауысы бәрін өзгерте алмас, ал бәріміздің дауысымыз біріксе қоғамды өзгерте алатынына мен сенемін. Сондықтан да әркім келіп өз таңдауын жасағаны дұрыс. Осы сайлаудан кейін көптеген өзгеріс болар деп үміттенемін және болғанын қалаймын. Елдің әлеуметтік жағдайы жақсарса екен деп тілеймін,– дейді қала тұрғыны Ғалия Асылбекқызы.

Қапалақтап жауған қарға қарамастан сайлау учаскесіне келіп жатқан жұрттың қарасы көп. Белсенділігі жоғары көрінді.

Облыс әкімі де өз таңдауын жасады

Облыс әкімі Даниал Ахметов Өскемендегі №42 орта мектепте орналасқан №9 сайлау учаскесінде дауыс берді. Аймақ басшысы бұл Президент сайлауы Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ерекше маңызды күн екенін атап өтті.

– Мен сайлау учаскесінде өз дауысымды бердім. Адамдардың өз таңдауларына сенімді екенін және еліміздегі тұрақтылық пен бейбітшілік үшін өз азаматтық ұстанымдарын белсенді түрде көрсетуге дайын екенін көру қуантады. Бүгінде Шығыс Қазақстанда 549 сайлау комиссиясы жұмыс істеуде, оның ішінде 12 аумақтық және 537 учаскелік комиссия бар. Олардың құрамына 3,5 мың адам енеді. Тәуелсіз байқаушылар да өз міндеттерін орындауда. Біз бірге дұрыс таңдау жасап, ел экономикасы мен халықтың әлеуметтік әл-ауқатының өсуі жолымен әрі қарай жүретінімізге сенімдімін, – деді Даниал Ахметов.

Айта кетуіміз керек, облыстағы 300-ге жуық сайлау учаскесінде ерекше қажеттілігі бар адамдардың дауыс беруі үшін барлық қажетті жағдай жасалған. Мәселен, үздіксіз циклді өндірістерде еңбек ететіндер үшін, яғни металлургтер, вахталық режимдегі еңбеккерлер, сондай-ақ стационарлардың пациенттеріне уақытша сайлау учаскелері ашылып, жұмыс істеуде.

Көппен бірге есімі елге танымал тұлғаларымыз да дауыс беріп, өз таңдауын жасады. Солардың қатарында әйгілі жеңілатлет, Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова бар. Атақты спортшы Өскемендегі №47 орта мектепте орналасқан сайлау учаскесінде бюллетень алды. Сондай-ақ Ольганың 18 жасқа толған қызы Анастасия Рыпакова қазір Түркияда спорттық жиында жүргеніне қарамастан сол жерден дауыс беріп, өміріндегі алғашқы сайлауға қатысты.

– Қазір әлемде түрлі жағдайлар болып жатыр. Сондықтан еліміз үшін осындай тарихи күнде белсенді азаматтық ұстаным танытып, дауыс беру өте маңызды. Біз тұрақтылықты, экономиканың жақсаруын және азаматтардың әл-ауқатының артуын таңдаймыз, – деді Олимпиада чемпионы.

Жаңадан құрылған Тарбағатай ауданында ел Президентін сайлау науқаны қызу басталып, жоғары деңгейде өтті. Халық аса белсенді қатысты. Таңмен таласа тұрған тарбағатайлықтар өз таңдауын жасауға асықты. Бұл күні Тарбағатай ауданы бойынша 32 сайлау учаскесі жұмыс істеді. Онда барлығы 12 мың 558 сайлаушы тіркелген.

Тарбағатай ауданы, Тәуке ауылының ең қарт тұрғындарының бірі Биғайша Әлімбаева да саяси науқаннан шет қалмай, таңдаған кандидатына дауыс берді. Жасы 92-ге келген қарт әжейдің әлі де қимылы ширақ, Тәукедегі 919-сайлау учаскесіне өз аяғымен келді. Көпті көрген кейуананың ендігі арманы – елдің тыныштығы мен ұрпақтың амандығы.

Биғайша Әлімбаева ұзақ жылдар Тұйық деген жерде балық шаруашылығында еселі еңбек етті. Бүгінде немере-шөберелердің қызығын көріп, ауылдың қазыналы қарттарының қатарын толтырып, бақытты ғұмыр кешуде.

– Талай сайлауға қатыстық қой. Биылғы сайлаудың мәні де, жөні де бөлек. Жаңа Қазақстан құрамыз деп жатыр. Ауданымыз да ширек ғасырдан соң өз тізгінін қайта қолына алды. Тұрғындардың бойынан ерекше қуанышты байқаймын. Ертеңге деген сенім нығайды. Сайлауға қатысу әрбір елдің тұрғыны үшін маңызды. Біз сайлауға қатысып, дауыс беру арқылы болашағымызды таңдаймыз. Бүгін мен өз таңдауымды жасадым. Еліміз шүкір, өсіп-өніп келе жатыр. Заманымыз тыныш болсын. Айналамыздағы қаулаған өрттен елімді аман сақта деп тілеп жүреміз. Талай қилы кезеңді көзіміз көрді, енді ондай ауыртпалықтар болмасын! Ел ертеңі жастар аман болса екен, – деді Биғайша Әлімбаева.

Осы ауданның орталығы Ақжар ауылындағы №905-ші сайлау учаскесіне отбасымен барып дауыс берген Қ.Билялов атындағы мектеп-лицейдің жоғары санатты география пәні мұғалімі Өмірхан Қанағатов Президент сайлау жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті.

– Сайлау жақсы өтуде, жүйелі ұйымдастырылған. Жәрмеңке де болды. Отбасыммен сағат 9-дар шамасында бардым, кісі қарасы мол, бәрінің көңіл-күйі көтеріңкі. Азаматтардың жеке бас куәліктерімен тізімнен қаралып, дауыс беруі қадағаланып тұр. Заңға қайшы әрекеттер байқалмайды. Бақылаушылар да, сенімді өкілдер де өз жұмысын сәйкесінше атқаруда. Елдің, аудан тұрғындарының келешектен үміт күтіп, саяси науқанға зор ықылас танытқанын атап айтуға болады. Саяси-экономикалық, әлеуметтік салада оң өзгерістер болып, жаңғыртулар жалғасын табады деген сенімдеміз, – деді ол.

Шетелдегілер де шет қалмады

Сайлау күні облыстық ана мен бала орталығының №60 жабық сайлау учаскесінде ерекше атмосфера орнады. Орталықта Қазақстанның келешегі үшін 250 болашақ ана мен жас босанған әйел өз таңдауын жасады. Айтпақшы, 20 қарашада өңірімізде 15 нәресте дүние есігін ашты. Олардың алтауы – атұстар, тоғызы – кестетігер.

Облыстағы 11 мыңға жуық медициналық қызметкер еліміздің ертеңі анықталған күні белсенді азаматтық ұстанымдарын көрсетті.

– Бүгін қазақстандықтар үшін ерекше күн – ел Президентін сайлау. Әркімнің дауысы маңызды. Облыстық фтизиопульмонологиялық орталықтың барлық қызметкері өзінің конституциялық құқығын пайдаланды. Біз еліміздің болашағына сенімдіміз. Отанымызға бейбітшілік пен өркендеу тілейміз! – дейді облыстық ФТПО дәрігерлері.

Ақ халаттылар өздерінің азаматтық борышын жұмыстан қол үзбей орындағанын атап өткен жөн.

– Біздің өміріміздегі маңызды оқиға – Президент сайлауы өтіп жатыр. Облыстық онкологиялық орталық ұжымы белсенді азаматтық және саяси ұстанымын көрсетті. Бүкіл ұжымға сәттілік, денсаулық тілеймін! Біздің әрқайсымыз дауыс бере отырып, Отанымыз – Қазақстан мен орталығымыздың одан әрі өркендеуіне негіз салдық, – деді облыстық көпбейінді онкология және хирургия орталығының директоры Анна Кухарева.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі хабарлағандай, қазіргі уақытта шетелде оқуда жүрген шығысқазақстандық дәрігерлер де кезектен тыс президенттік сайлауда дауыс беру құқығын алғашқылардың бірі болып пайдаланды.

– Сайлауға қатысу әрбір азаматтың мемлекет алдындағы борышы деп ойлаймын. Біз өз таңдауымызды жасай отырып, мемлекеттік іске белсенді қатысуымыз керек. Біздің мемлекетіміздің орнықты дамуы мен нығаюына әркім өз үлесін қосуы керек деп санаймын. Сондықтан мен облыс әкімінің қолдауымен үшдеңгейлі оқу бағдарламасы бойынша шетелде оқып жүрсем де, азаматтық парызымды орындап, еліміздің болашағы үшін өз дауысымды бердім, – деп ойымен бөлісті №4 қалалық аурухананың анестезиолог-дәрігері Қанат Алтынханов.

Өскемендегі төрт қалалық аурухананың 13 қызметкері Мәскеу мен Санкт-Петербургтің жетекші клиникаларында тағылымдамадан өтуде.

Айта кетейік, облыс бойынша әрбір емдеу мекемесінде стационар жағдайында пациенттер дауыс бере алатын жабық сайлау учаскелері ұйымдастырылды.

Тұрғындар белсене атсалысты

Президент сайлауы барлық саяси науқандар сияқты Күршім ауданында барша рәсім-дәстүрлерді сақтай отырып, салтанатты түрде өтті.

– Таңғы алтыда келіп, дайындық шараларына кірістік, – дейді Күршім гимназиясында орналасқан №720 сайлау учаскесінің комиссия төрағасы Жасұлан Нұриманов. – Сағат тура жетіні соққанда еліміздің гимні ойналып, бәріміз құрметті сапта тұрдық. Салтанатты жиынды өзім ашып, жиналғандарды осынау жауапты да қадірменді мерекемен құттықтадым. Бұдан соң әдейілеп шақырылған еңбек ардагері, Күршім ауданының құрметті азаматы Бақытхан Өлмесеков қарияға сөз беріліп, ол кісі өзінің осы сайлау жайлы пікірін ортаға салды.

Біз есік ашқан уақытта күннің ерте екендігіне қарамастан, жұрт сайлау учаскесіне ағылып келіп жатты. Сағат тоғызды соққанда жауапты адамдар осы учаскеге тіркелген 1480 адамның 400-і дауыс беріп үлгергенін мәлім етті. Бұдан соң біз сайлау науқанын жіті назарда ұстап отырған бақылаушылармен тілдесіп, олардың пікірлеріне құлақ түрдік. Мұнда біз үш бақылаушымен жолыққан болатынбыз.

– Сайлау басталған сәттен осындамыз. Бұл учаскеде қандай да бір заң бұзушылық немесе басқадай келеңсіздік болған жоқ. Саяси науқан барлық талаптарға сай өтіп жатыр, – деді «Аманат» партиясы атынан келіп отырған бақылаушы Бақытгүл Байдолдинова.

Бақытгүл Зейнелғабитқызының бұл сөзін Партиялық емес байқау орталығынан келген бақылаушы Ербол Қабатов пен «Кәсіби-әлеуметтік қызметкерлердің ұлттық альянсы» ұйымының бақылаушысы Кәдірбек Ескендіров те қуаттады.

Осыдан соң біз Күршім аудандық аумақтық сайлау комиссиясына барып, осы комиссияның төрағасы Шәкерхан Тойбаевпен жолыққан едік.

– Бізге әзірше мөлшермен ғана жобаланған мағлұматтар түсіп жатыр, – дейді Шәкерхан Мамырханұлы. – Жалпы алғанда, аудан көлемінде осынау жауапты науқан ойдағыдай өтіп, бәрі межеленген тәртіп аясында жүріп жатыр. Ешбір учаскеден «заң бұзушылық байқалды, тәртіпке қайшы әрекеттер жасалды» деген хабар түскен жоқ. Тұрғындар өздерінің шынайы қалауын жасап, сайлауға барынша белсене қатысуда.

Кешкі сағат сегізде барлық учаскелердегі қызмет аяқталып, олардағы комиссия төрағалары өздерінің есептерін беру үшін аудандық аумақтық сайлау комиссиясына ағыла бастады. Бұл есеп түні бойы жалғасып, сайлау қорытындылары таң ата белгілі болды.

– Қорыта айтар болсам, – дейді аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Шәкерхан Тойбаев, – бұл саяси науқан ауданымызда өте ұйымшылдықпен өткізілді. Ешқандай бұра тарту, тәртіп бұзушылық болған жоқ. Аудан бойынша сайлауға 15 856 адам қатысуға тиіс болса, жауапты науқанға осылардың 95%-ы атсалысып, тамаша белсенділіктің үлгісін көрсетті. Сайлауға тұңғыш рет қатысып отырған жастарға, әскерден келген азаматтарға, ардагер қарттарға құрмет-қошемет көрсетіліп, сый-сияпаттар жасалды.

Аудандық Мәдениет үйінің өнерпаздары сайлау учаскелерін аралап концерт қойып, жұрт көңілін көтерді. Сөйтіп, аудандағы 56 сайлау учаскесіндегі ахуал толықтай бақылауда болып, күршімдіктер бір жағадан бас, біржеңнен қол шығара отырып Президент сайлауын ойдағыдай өткерді.

Жалпы, кезектен тыс өткен Қазақстан Республикасы Президентін сайлау Шығыс өңірінде ерекше белсенділікпен, жоғары деңгейде, ешқандай заңбұзушылықсыз және барлық талаптарға сай жағдайда өтті деуге болады. Облыс орталығынан бөлек өңіріміздің Риддер қаласында және Зайсан, Алтай, Ұлан, Самар қатарлы басқа да аудандарында дауыс беру науқаны тұрғындардың белсенді қатысуымен өтті. Сөйтіп Шығыс жұрты кезекті рет өз таңдауын жасап, болашаққа деген сенімдерін нықтай түсті.

Әзірлеген – Didar газетінің журналистер тобы

Осы айдарда

Back to top button