ЖаңалықтарТОП

Шығыс жұртшылығының рухани азығына айналған басылым

Бүгін, 2 ақпан – Ұлттық басылым күні. 90 жылдық тарихы бар кенді Алтайдың бас басылымының шежіреге толы 18 461  нөмірі оқырман қолына тиіп, Шығыс жұртшылығының рухани азығына айналды.

Әр жылдары «Жұмысшы», «Социалистік Алтай», «Алтай большевигі», «Коммунизм туы» аталған басылым қалың оқырманымен бірге талайлы тағдырды бастан өткізіп, қоғамдық формацияның өктем үнін де, жылымық жылдарындағы жылы лепті де жұртына жеткізіп отырды.

Қай кезде де қазақтың қамын ойлап, мүддесін көздейтін – ұлттық басылым. Кеше де, бүгін де «Дидар»  сол үрдістен жаңылмады.

Газеттің жолы даңғыл болды деп айта алмаспыз, басына оқтын-оқтын бұлт үйіріліп тұрды. «Жұмысшының» тұңғыш редакторы, Мағжан Жұмабаевтың туған бажасы, Алаш арыстарымен аралас-құралас болған Мақсұт Тайшыбаев «халық жауы» болып атылып кетті.

Газетіміздің он бірінші редакторы Айтмұхамбет Қасымов басылымның тарихи жолын ғылыми тұжырымдап, кандидаттық диссертация қорғады.

Басылымда ұрпақтар сабақтастығы жалғасты. Елімізге танымал қоғам қайраткерлері, талантты қаламгерлер түлеп ұшты. Бұл қара шаңырақта Әтина Жәкетова, Жұмағали Ысмағұлов, Шерияздан Елеукенов, Қапан Қамбаров, Ғаббас Қабышев, Уақап Қыдырханов, Кәдірбек Сегізбаев, Оралхан Бөкей, Кеңес Юсупов, Мүсілім Құмарбеков, Тұрғазы Нұқаев, Серік Ғабдуллин, Тоқтарбек Қызықбаев, Қапан Сапарғалиев, Қапар Қабаев, Тоқтархан Шәріпжанов, Ұлықбек Есдәулет, Дидахмет Әшімханов еңбек еткендігін мақтан етеміз.

Аға буынның тарихи жолын жалғастырып, қалам тартып жүрген журналистеріміз бүгінгі билік пен халық арасындағы алтын көпірге айналып, елдің шынайы өмірі, тұрмыс-тіршілігі, өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси, мәдени-рухани тынысын оқырманына жеткізіп келеді.

Жаңғырған ой-санамен бірге «Дидар» да қайта түледі. Бүгінде қарашаңырақ «Алтайньюс» медиа орталығына айналды. Ақпарат сәт сайын жаңаратын бүгінгі жаһандану заманында газеттің өз сайты, Фейсбук, Инстаграм әлеуметтік желілерінде өз парақшалары мен мыңдаған тұрақты оқырмандары бар.

Танымдық дүниелерді арқалаған қалың «Дидар» апта сайын сүйікті оқырманына жол тартады. Әдебиетке, мәдениетке, өнерге арналған топтамалардан басқа, еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін арнайы бет арнап келеді.

«Көкейтесті», «Әлеумет», «Денсаулық», «Білім», «Салауатты ұлт», «Ауыл шаруашылығы», «Руханият», «Экология» сияқты тұрақты айдарлармен қатар, қазіргі қоғамдағы өзекті тақырыптарға арналған бейнеролик, подкаст қатарлы тың жобаларды қолға алды.

Өңірдегі ұлттық басылым бұйырса, әлі талай жаңа жобаларды оқырман назарына ұсынады. Бұған «Дидар» ұжымының шығармашылық әлеуеті жеткілікті. Көкірек көзі ояу, жанашыр оқырманы барда, «Дидардың» таралымы артатынына сенімдіміз.

 

Айжанат Бақытқызы

Осы айдарда

Back to top button