ӨзектіТОП

ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАН – СЕЙСМИКАЛЫҚ ҚАУІПТІ АЙМАҚ

Жанаргүл МҰҚАТАЙ

Ай мен күннің аманында еңіреп, аңырап қалған бауырлас Түркия елінің, Сирия халқының көз жасы құрғамай тұр. Reuters агенттігінің хабарлауынша, қираған баспаналардың, ғимараттардың астында қалып, қайтыс болғандардың саны 50 мыңнан асты.

Біздің еліміздегі бірнеше өңір, соның ішінде біздің облыс  сейсмикалық белсенді, қауіпті аймаққа жатады. Қазақстанның сейсмологтары  Шығыс Қазақстаннан бастап Қызылорда облысына дейінгі аралықты, Алматы қаласын сейсмикалық қауіпті аймақтар қатарына жатқызып отыр. Мамандардың айтуынша бұл жақта магнитудасы  7,9-9 балға дейін жететін жер сілкіністері болуы әбден мүмкін.

 «ҚОРАП ҮЙЛЕРДЕН ҚОРҚАМЫН»

 Түркия мен Сириядағы зілзаланың салдарын талдап жатқан мамандар егер Түркияда баспаналар сапалы салынғанда жермен-жексен болмас еді дегенді айтуда.

Құрылыстардың, салынып жатқан жаңа үйлердің сапасына деген күмән сейсмикалық қауіпті аймақ саналатын шығысқазақстандықтарды да үрейлендіріп отыр. Жер сілкінбей-ақ, қабырғалары қақ айырылып, төбелерінен су сорғалап, төбе жабындылары, плиталары желмен бірге опырылып ұшып жатқан Өскемендегі жаңа үйлердің жағдайын жалпақ жұрт жақсы біледі. Құрылыстың бүге-шігесін білетін инженер мамандардың жоқтығынан, барының біліксіздігінен осындай  сапасыз үйлер салынып, көз жұма қабылдап алынып жатыр. Құрылысты жүргізген мердігерлер тұрғындар шырылдағанда соттың шешімімен  қайтадан жамап-жасқап «кемшіліктерін» жойған болады, әйтпесе ол да жоқ. Құдай бетін әрі қылсын, ертең апат болып жатса сол сапасыз үйлерді қабылдап алған біліксіз мамандар мен комиссия Түркия еліндегідей қала мэрінен бастап қамалып, жауапқа  тартылмайтын да шығар.

–  Өскеменнің орталығындағы ескі үйлер кеңес заманындағы құрылыс жүйесінің қатаң ережесімен салынған баспаналар болғандықтан біршама берік деп ойлаймын. Мен КШТ-дағы қорап үйлерден қорқамын.  Халық сапасыз екенін жақсы біледі. Бірақ амал жоқ алады. Басқа қайдан алады? Қазір елімізде құрылыста да, басқа салада да кәсіби маман жоқ. Тапсырылатын, салынып жатқан құрылысты мұқият тексеретіндей, бақылап, қадағалай алатындай мықты кадр жоқ. Зейнетке шығып жатқандардың орнын басатын мықты мамандар неге жоқ? Өйткені оларға ЖОО-да сол білімді беретін мықты оқытушының өзі жоқ, маман жоқ. Байқаған шығарсыз, Астанада жаңа пәтерлер қымбаттай бастады. Ол материалдардың қымбаттап жатуынан ғана емес, сейсмикалық жағынан аса қауіпті оңтүстік астана тұрғындарының жағдайы жеткендері Астанаға көшіп баруға қамдануда, сондықтан. Басшылық қызметтегілерден өзге жергілікті халықтың жалақысы төмен екендігіне қарамастан тамағы, киімі, барлығы қымбат және газдан арылмайтын Өскемен сейсмикалық жағынан қауіпті екені баяғыдан белгілі.  Соған қарамастан ешқандай қауіпсіздік шаралары жасалмай келеді. Алда-жалда жер сілкінісі бола қалса жойқын техногендік, экологиялық апаттар тудыратын, адам шығынына әкелетін аса қауіпті өндірістер, СЭС-тар бар қаланың өзінде. Оған не дейсіз? Қызығатын не бар біздің қалада? Сақтықта қорлық жоқ. Сақтансаң – сақтайды деген, – дейді 50 жыл өмірін құрылысқа арнаған зейнеткер Әлмырза Кәрімов.

Еліміздің «Сейсмологиялық тәжірибе әдістемелік экспедициясы» стансалар желісі 10 ақпан күні Астана уақытымен сағат 18.35-те Катонқарағай жақта, Қазақстан мен Ресей шекарасында магнитудасы 4,4 балдық жер сілкінісін тіркеді. Жалпы, шығыста жер сілкіністері туралы алғашқы дерек 1761 жылы тіркелген екен. Моңғолия аймағында болған 10-11 балдық жер сілкінісінің дүмпулері Семей, Өскемен жаққа жетіп, 6 балдық деңгейде сезілген.  1887 жылы Өскеменде,  1901 жылы Глубокое, Катонқарағай, Алтай аудандарында 6-7 балдық жер сілкінісі тіркелген. 1990  жылдың 14 маусымында Зайсан ауданында 7-8 балдық жер сілкінісі болып, Рожков ауылында  Біржан атты  бала қайтыс болды. Қазір бұл ауыл Біржан ауылы деп аталады.

Зайсандағы зілзаладан соң жер қыртысы бес ай бойы тоқтамай бес жүз рет сейсмикалық афтершок болып, екі рет 5-6 балға дейін жеткен. 2017 жылы Зайсан ауданында тағы да магнитудасы 5-6 балдық жер сілікінісі тіркелді.

Сейсмологтардың айтуынша, Шығыс Қазақстан еліміздегі сейсмикалық белсенді аймаққа жатады. Кешенді геологиялық-геофизикалық деректерге сәйкес облыстың жартысынан астам аймағында 6-9, Нарым, Рахман қайнарлары, Марқакөл, Сарымсақты, Қарабұлақ, Майқапшағай, Зайсан, Сауыр, Тарбағатай тәрізді бірнеше аумақта тоғыз балдық  жер сілкіністері болуы әбден ықтимал. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметі бойынша, өңірде 77 сейсмоқауіпті нүкте бар, олар: Өскемен, Риддер қалаларында, Самар, Алтай, Глубокое, Күршім, Зайсан, Катонқарағай, Тарбағатай, Ұлан, Шемонайха аудандарында орналасқан.

«ҚАУІПСІЗ ЕРТЕҢ» КӨРСЕТІЛЕ БАСТАДЫ

Түркиядағы жер сілікінісінен кейін Қазақстан Республикасы  Президентінің телерадиокешені деректі фильм әзірледі. 25 ақпаннан бастап қазақстандық телеарналардан Қазақстан Республикасы Президентінің телерадиокешені әзірлеген «Безопасное завтра», «Қауіпсіз ертең» атты деректі фильмі көрсетіле бастады.

Деректі фильмде жер шарында болып жатқан жер сілкінісі апаттары жайында баяндалған. Жыл сайын әлемде мыңдаған зілзала тіркеледі. Оның ішінде 100-ге жуық жойқын жер сілкінісінен адамдар қаза тауып, тұтас мегаполистер жермен-жексен болады.

Түркиядағы ірі зілзаланың салдары әлі күнге дейін жойылып жатыр. Біздің еліміз де сейсмикалық тұрғыдан қауіпті мемлекеттер қатарына енеді. Осы орайда,   «Қауіпсіз ертең» деректі фильмінде осындай апаттарға еліміздің, халқымыздың қаншалықты дайын екендігі, олардың алдын  алу бойынша атқарылып жатқан шаралар төңірегінде баяндалған.

Айтып келмейтін, алдын  ала «мына маусымда, бәлен күні» деп ешқашан болжап білмейтін апат – зілзала. Десек те, «Сейсмология институты» мамандарының айтуынша облыс орталығына соңғы екі жылдан бері жер дірілін, сілкінісін тіркейтін бірнеше сейсмикалық сенсорлық аппараттар қойылған. Бұл құралдардың деректері жер сілкінісін болжауға, қала аумағындағы тұрғын үйлер салуға қауіпті, қауіпсіз аудандардың, жерлердің сейсмикалық картасын анықтап, жасауға мүмкіндік бермек көрінеді.

Шығыс Қазақстан, Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Маңғыстау облыстары мен Алматы қаласы сейсмикалық қауіпті аймақта тұр. Жер сілкінісі қауіпті бұл аумақтарда ірі қалалар мен елді мекендер, гидротехникалық ғимараттар мен зиянды өндірісті өнеркәсіп орындары, жасанды су қоймалары, жарылыс қаупі бар және улы материалдар қоймасы орналасқан. Тұрғын үйлердің бұзылуымен қатар өнеркәсіптік, стратегиялық нысандардың кейбіреуінің бұзылуы ауыр апатқа, экологиялық өзгеріске алып келуі мүмкін.

 УАҚЫТТЫ ӨТКІЗІП АЛМАУ КЕРЕК

Төтенше жағдайлар қызметінің мамандары жер сілкінісінің кез  келген уақытта болуы мүмкін екенін есте ұстап, зілзала кезіндегі қауіпті және қауіпсіз жерлерді алдын ала білу қажеттігін ескертеді. Тұрғынар алғашқы медициналық көмек қобдишасын әзірлеп, құжаттарды, ақшаны, ысқырықты, қалта шамын, қосалқы батареяларды ыңғайлап, бірнеше күнге жететін ауызсу, консервілерді де дайындап қоюы қажет. Жер сілкінген сәтте сіздің ой-әрекетіңіз бен іс-қимылыңызға 5-10 секунд қана уақытыңыз бар. Осы сәтте үрейленіп, абдырап қалсаңыз, арты қайғылы жағдайға душар етуі ықтимал.

Үйдің ішінде:

Сілкініс кезінде далаға жүгіріп шығуды немесе  үйдің ішінде қалуды пәтердің қай қабатта орналасуына байланысты шешуге тиіссіз. Егер сіз көп қабатты үйдің бірінші немесе екінші қабатында тұратын болсаңыз, далаға шығуға (1-2 минут ішінде) мүмкіндігіңіз бар. Айналсоқтап үйде жүріп, уақытты өткізіп алмаңыз. Далаға қашып шыққаннан кейін үйден аулақ тұрған жөн. Үшінші және одан жоғары қабаттардан қашып шығу қауіпті.

Сілкініс кезінде қауіпті және қауіпсіз жерлерді анық білген жөн. Қауіпсіз жерлер:

Үйде (ғимараттың ішінде): 1) Ішкі есіктің ішкі жақтауы,  2) Ішкі бұрыш, 3) Мықты қабырға, 4) Бел ағаш, 5) Тоңазытқыш маңы, 6) Қатты, емен ағаштан жасалған парта, үстел, кереуеттің асты.

Далада: 1) Ашық алаң, 2) Биік ғимараттардан  он метрдей аулақ болу, 3) Биік ағаштардан, салбырап тұрған электр сымдарынан, бағандардан аулақ тұру.

Қауіпті жерлер (үй ішіндегі): 1) Терезе жақтағы бұрыш,  2) Баспалдақ,  3) Лифт, 4) Жиһаздар, 5) Шам жағу қауіпті, 6) Соңғы қатардағы шеткі бөлмелер, 7) Электр көздеріне, ыстық су, газ құбырларына, терезеге жақындамаңыз. Тоқ ұруы, күйіп қалуыңыз, газдан улануыңыз, әйнек кесіп кетуі мүмкін. Барлық тұрғындармен бірге электр қуатын, суды өшіру керек.

Сілкініс басталысымен үй ішіндегі қауіпсіз деген орындарға тез жетуге тырысыңыз. Ішкі қабырғаның қауіпсіз тұсына, үйдің ішкі бұрышына, есік жақтауларының ортасына, тіреуіш ашалардың жанына тұрыңыз. (шкаф іші, кереует). Терезелер мен ауыр жиһаздардан алыс тұрыңыз, лифтті пайдаланбаңыз.

Автомобиль ішінде:

–  сілкініс басталған сәтте жүріп келе жатқан автомобильді ашық жерге тоқтатқан дұрыс. Транспорт ішінде отырып, жер сілкінісінің басылуын күткен жөн.

Жерасты дүмпуі кезінде қандай қосымша әрекеттер жасау керектігі жөнінде көптеген мәліметтер оқып-білу қажет. Тұрғын халықтың апаттан сақтану дайындығы  жоғары болуы тиіс. Тек осы шарттар орындалған жағдайда ғана зілзала, апаттардан адам өмірін сақтап қалуға болады.

Ибрагим Күлшімбаев, ҚР Төтенше жағдайлар министрінің орынбасары:

–  Алматыдан өзге тағы бірнеше сейсмикалық қауіпті аймақтар бар. Оған Алматы облысы, Түркістан облысы, ШҚО, Жамбыл облысы, Қызылорда облысы да кіреді. Әрқайсысында сілкініс болса, ұйымдастыру ретінде жоспарлар бар. Екі жыл сайын біз арнайы оқу-жаттығу өткізіп тұрамыз. Биыл Алматы қаласында қыркүйек айында осы дайындығымызды тексеру бойынша үлкен республикалық оқу-жаттығу өткіземіз.  Жер сілкінісі бола қалса, Алматы қаласының 60-70 пайызы қирандыға айналады деген пікірмен келісе алмаймын. Бірақ болжау дерегі бойынша, 9 және одан да жоғары апат зілзала болған жағдайда тұрғын ғимараттар 30 пайызға дейін қирауы мүмкін. Осыдан-ақ қандай шығын келетінін есептеуге болады.

 

 

 

Осы айдарда

Back to top button