ҚоғамСпортТОП

Шығыстың шымыр жігіттері қайда?

Балауса Қожаева

Бокстан алтынсыз қайтпайтын еліміз биылғы Олимпиада ойындарында үш қоланы қанағат тұтты. Осы орайда спорт сарапшылары мәселені талқыға да салды. Алайда баршаның көңілінде «Қазақстанның бокстан «Алтын дәуірі» аяқталды ма?» деген сауал қалды. Бізді де осы сұрақ мазалайды.

Естеріңізде болса, 1996 жылғы жазғы Олимпиада АҚШ-та өткен. Бұл тәуелсіз Қазақстан қатысқан алғашқы Олимпиада болып тарихта қалды. Атлантаға ел намысын қорғау үшін сегіз боксшымыз аттанып, оның төртеуі жүлдемен оралды. Василий Жиров алтын медаль, Болат Жұмәділов күміс алды. Жартылай финалда жеңілген Ермахан Ибраимов пен Болат Ниязымбетов қола медаль тағынды. Ал 2000 жылғы Сидней Олимпиадасында төрт боксшымыз финалға шығып халықты қуантты. Ермахан Ибраимов Олимпиада чемпионы атанды. Бекзат Саттарханов та 20 жасында алтын медаль иеленді.  Болат Жұмәділов Олимпиаданың екі дүркін вице-чемпионы атанды. Олимпиадада олжа салған жүлдегер спортшылардың қатарына Мұхтархан Ділдәбеков те қосылды, қанжығасында  –  күміс. Бұл Қазақстан боксының тарихындағы ең табысты Олимпиада ретінде халық есінде қалды. Сөйтіп, XXI ғасырдағы алғашқы Олимпиадада боксшыларымыз елге төрт медаль алып келді. Ал Афина төрінде алауы жығылған Олимпиада ойындарында Бақтияр Артаев алтын медаль иеленген болатын.  Бейжің Олимпиадасында боксшыларымыздың көбі жарысты ерте тоқтатса да, алтынсыз қалмадық. Бақыт Сәрсекбаев 69 келіде чемпион атанды. Лондон Олимпиадасында Серік Сәпиев 69 келіде топ жарып, Вэл Баркер кубогына ие болды. Ал Әділбек Ниязымбет ел қоржынына күміс салды. Ауыр салмақтағы Иван Дычко қола медаль тақты. Командалық есепте Қазақстан 5-орын алды. Рио Олимпиадасында Данияр Елеусіновтің жұлдызы жарқырады. Ал Токиодағы Олимпиададан бокшыларымыз алтынсыз қайтты. Осы тұста чемпиондар да, спорт ардагерлері мен жаттықтырушылар да өз пайымын айтты. Ал бізде бір сұрақ. «Шығыстың боксшыларын неге Олимпиада ойындарынан көрмей кеттік?».

Жұмыс істемейтін бапкерлермен қоштасамыз

Иә, Данабек Сужановтан кейін біздің облыстың атынан шыққан боксшыларды көре алмадық. Оны сіз де, біз де білеміз. Бұған не себеп? Осыған орай  облыстық Спорт және денешынықтыру басқармасына сауал жолдаған едік.

– Қазіргі таңда басқармаға бағынышты 25 мекемеде 234 бокс бөлімшесі бар. Нақтылай кетсек, бұл бөлімшелерде 2756 спортшыны, 103 жаттықтырушы даярлайды. Сонымен қатар Қазақстанның Бокстан ұлттық құрамасында жеті спортшы бар. Бокстан ұлттық құраманың тізімі жасақталуда. Бапкерлер мен спортшылар жұмыс істеп жатыр, –  дейді басқарма басшысының орынбасары Серік Құсұмбаев.

Жеті спортшының Париж Олимпиадасына бару-бармауы үлкен сұрақ болып қала бермек. Алайда басқарма басшылығы спортшыларға жағдай толық жасалғанын айтты.

Иә, Париж Олимпиадасына дейін үш жыл бар. Осы уақыт аралығында бокшыларымызды баптап, рухын қайрайтын бапкерлер. Сол себепті Қазақстан бокс федерациясының бас бапкері, аягөздік Қайрат Сатжановтан Шығыс бокшыларының аяқ алысы жайлы сұрауды жөн көрдік.

– Данабек шаршы алаңға шыққан жылдары Қазақстан құрама командасының құрамында Мирас Жақыпов (51 келі), Манат Өмірзақов (69 келі), Айдар Әмірзақов (60 келі) сынды азаматтар шынығып, ел намысын қорғап жүрген болатын. Мәселен, Серік Сәпиев үшінші орын иеленген кезде, Манат бірінші орын алған еді. Айдар Әмірзақов Азия чемпионы болды. Мирас Жақыпов пен Мирас Байырханов Astana Arlans құрама командасында жүріп, Әлем чемпиондары атанды, –  дейді бапкер.

Орал қаласында ел чемпионатында жүрген бас бапкер уақытының тығыздығына қарамастан қазіргі Шығыстағы бокстың жағдайы туралы айтып берді.

– Қазіргі уақытта Қазақстан құрама командасында Ермахан Жакпеков, Бекнұр Ожанов шынығып жүр. Жаңа жылдан бастап, бүгін міне жұдырықтасып жақсы нәтиже көрсеткен төрт спортшымыз құрама командамыздың сапына енеді, –  дейлі Қайрат Сатжанов.

Дейтұрғанмен «Төртжылдықтың басты додасында Шығыс боксшыларының жұдырықтаспауына не себеп? Әлде бокс бөлімшелері дұрыс жұмыс атқарып жатқан жоқ па?», –  деген сауалға бапкер былай деп жауап қатты.

– Көтеріліп отырған мәселелеріңіз орынды. Себебі Шығыс Қазақстанда бокс нашарлап бара жатыр. Сондықтан біз барлық спорт мектептеріне хат жолдадық. Аудандық, қалалық спорт мектептерінің түгелі дерлік қамтылды. Мектептерде қанша жаттықтырушы жұмыс істейді, олардың дайындыққа жұмсалатын уақыты қанша, 2017 жылдан бері боксқа қанша қаражат бөлінді, мектептердің осы уақыт ішінде көрсеткен жетістіктері барлығын саралаймыз. Егер бөлінген қаражатқа қарамастан нәтиже төмен болса, арнайы жиналыста шешім қабылданады. Дұрыс жұмыс істемейтін бапкерлерді жұмыстан шығарамыз. Өйткені боксты қолға алу қажет, –  дейді білікті маман.

Отыз жылдан астам уақытын спортқа арнаған бас бапкер қызметіне тағайындалғалы бері спортшылардың физикалық даярлығына ғана емес,  рухын көтеруге де ден қойғанын айтады.

Спорттың 28 түрінен өтетін Париж Олимпиадасы 2024 жылдың 26 шілдесі мен 11 тамызы аралығында өтеді. Ол уақытқа дейін әлі талай дайындық пен іріктеудің болатыны белгілі. Дүбірлі додада жерлестеріміздің шаршы алаңға шығу-шықпауы әлі белгісіз. Дегенмен де аягөздік бапкер Шығыстағы бокс мектептері жаңа деңгейге көтерілетініне сенімді.

 

Осы айдарда

Back to top button