Шығыстың шежіресі

Түркі жұртының түп қазығы болған Алтай – қаламгерлердің мәңгілік таусылмайтын тақырыбы. Осы бір мәңгілік тақырыпты өзіне арқау етіп, Алтай атырабының, шығыс даласының дастаны мен шежіресін жазып келе жатқан шежірелі басылымдардың бірі – облыстық Didar газеті. Биыл тарихи басылым тоқсанның төріне табан тіреп, жүзге жол тартыпты. Жолын Тәңір оңдасын!
Жүйрік жылдардың жетегімен жүзге қадам басып, толғақты тоқсан жылды артқа тастаған газет парағында кімдердің қаламының ізі қалмады дерсің?! Осы аралықта Didar газеті ұлттың үнжариясы һәм ұстазы бола білді. Өйткені қазақ руханиятының қазығына айналған талай-талай қаламгерлер осы газеттің шеңберінде жетіліп, шекпенінен шықты. Бұл басылым жазуға бейім жастардың белін буып, бағыт берер баспалдағы бола білді. Сонау 1960-1962 жылдары тарихи басылымда менің де қаламымның ізі қалған. Сол жылдары газеттің мәдениет бөлімін басқара отырып ұлттың рухани қазынасының насихатталуына өз үлесімізді қостық. Заман тынысы мен жылдар жылнамасын газет бетінде өрнектедік. Осылайша, тоқсан жылдық тарихы бар газет парағын уақыт шежіресімен қаттауға асталыстық.
Didar газетін Шығыстың шежіресі деп атауға болады. Өйткені газет парағы тақырып талғамайды. Басылым бетінде елдің руханияты, мәдениеті, әдебиеті, салты мен дәстүрі, шаруашылығы мен саяси тынысы, жаһандық қадамы туралы күнделікті жазылып отырады. Жыл аунатып жаңа айдарлар ашып, тасада қалған тақырыптарды толғайды. Қоғамдағы қай тақырып болмасын тілшілердің қаламынан қалыс қалмайды. Осындай жауапкершілік жүгін тоқсан жыл бойы тарихи басылым арқалап, жаңа параққа шежіресін жазып келеді. Тұғырлы тәуелсіздігіміздің тағаны берік болса бұл үрдістің жалғаса беруі заңдылық.
Тәуелсіздіктің 30 жылдық торқалы тойымен қанаттаса келген газеттің тоқсан жылдық тойы құтты болсын! Ой мен қырдың дәнекеріне айналған Didar газетінің әр парағы жақсылықтың жаршысына айналып, журналистері алымды, қаламдары қарымды болсын! Тарихи басылым әлі де «халықтың көзі, құлағы һәм тіліне» айналып, жүрегінен орын таба беруіне тілектеспін!
Уақап Қыдырханұлы,
жазушы, журналист