ТОПҰлттық рухани жаңғыру

Шығыстың алтын тайы

Катонқарағай ауылында  дүбірлі дода өтті. Ұлттық ат спортын дамыту мақсатында ұйымдастырылған аудан азаматтарының жүлдесіне арналған «Шығыстың алтын тайы-2022» атты республикалық бәйгесіне Шығыс Қазақстан, Абай, Алматы мен Жетісу, Батыс Қазақстан, Қарағанды облыстарынан, Нұр-Сұлтан қаласынан жеткен атбегілер 100-ден астам тұлпарды топқа   қосты.

Тамылжыған тамызда  «елім, жерім» деген  катонқарағайлық азаматтардың мұрындық болуымен  еліміздің әр түкпірінен Катонқарағайға ағылған атбегілердің желден жүйрік сәйгүліктері  мен тақымы тастай шабандоздарының естен кетпес дүбірлі  додасына куә болды қалың жұрт. Бұл Катонқарағайына деген сүйіспеншілігін дүниенің қай бұрышында жүрсе де жұдырықтай жүрегінде сақтап, туған еліне деген қайырымын жасауда еш аянбайтын абзал азаматтардың ісі деп түсіндік біз. Осындай игі істің өтуіне атсалысып, қаржылай қолдау танытқан Талғат Серменов, Азамат Нұрсұлтанов, Айдын Бәкімбаев, Дидар Имамбаев, Дәулетбек Исабаев, Дулат Ашоков, Архат Оқасов, Мерхат Бұлғынов, Аслан Түменбаев, Жәнібек Байғабылов, Медет Айқынов сияқты жерлес кәсіпкерлерді  атап өткен жөн.

«Тойдың болғанынан боладысы қызық» демей ме, Катонқарағай жерінде өтілер ұлан-асыр той туралы халыққа күні бұрын  хабарланды. Содан болар, «бәйге десе ішкен асын жерге қояр» атсүйер қауымның қарасы Катонқарағай ауылындағы орталық атшабарға молынан жиылды. Ең алдымен, жиналған жұрт осы күні таңғы жетіден көршілес Қызылжұлдыздан Катонқарағай ауылына қарай 51 шақырымдық қашықтықты бағындырған аламан бәйге жеңімпаздарын марапаттау сәтіне куә болды. Бұл іс-шараны Өрнек ауылының тұрғыны, кәсіпкер әрі атбегі Қайрат Серкенев дейтін азамат өзінің Хан-Шене есімді немересінің бір жасқа толуына орайластырып ұйымдастырды. Жарыс жолына барлығы 20-ға тарта тұлпар шығып, бір жарым сағаттай уақыттың ішінде мәрені бірінші болып Катонқарағай ауылынан Ержан Қышқашпаевтың «Аспархан» атты сәйгүлігі бағындырды. Екінші орынды Ақсу, үшіншіні Алтынбел ауылының тұлпарлары иеленді.

«Жерұйық» қайта оралды

    Бұдан кейін облыстық, Күршім ауданы мен жергілікті өнерпаздардың концерттік бағдарламасы ұсынылды. Бұнда көрермендер алдында кезінде жалпақ жұртқа өнерімен «Азия дауысы» атты бірегей ән фестивалі арқылы танылып, көптің сүйіспеншілігіне бөленген катонқарағайлық әйгілі «Жерұйық» тобы алғашқы болып концерт шымылдығын ашты. Көрерменнің көзайымына айналған өнерпаздарымыз өздерінің ән қоржынындағы  «Катонқарағай», «Аяулым», «Ағажай Алтай», сондай-ақ аудан тумасы, белгілі әнші, музыкант Дарын Қабдоловпен бірге «Құрбым-ай», «Өскеменім», «Алтайым», «Катонқарағай» сияқты танымал әндерін көпшілікке  тарту етті. Сол сияқты  өскемендік  «Ән.Сал.Дар» ансамблі,   Ержан Талапхан, сондай-ақ Ғибрат Азубаев, Махаббат Тұрарова, күршімдік Әсел Сайлаубекова, Дина Бақтахұнова, Еңбек ауылынан «Асыл мұра» әжелер тобы, аудандық Мәдениет үйінің әртістері де  өнерін ортаға салып,  Төр Атайдың даласын әуелеген әнге бөледі.

«Ақбастау» қара үзді

«Шығыстың алтын тайы-2022» атты дүбірлі додада сәйгүліктерін  тізгіндеген шабандоздар  «Тай жарысы», «Жорға жарыс», «Құнан бәйге», «Топ бәйге» және «Аламан бәйге»  сияқты бәйге түрлері бойынша сынға түсті.

Тұлпарлар додасын ашқан бес жарым шақырымдық тай жарысына 45 тай шықты. Оларды тізгіндеген тақымдары мықты қаршадай ғана шабандоздар екі жарым айналымды құйғыта шауып өтті. Қарсыластарынан қара үзіп шыққан Аягөз ауданының Ақтоғай кентінен Дана Әлижанның «Ақбастау» атты тайы мәре сызығын бірінші кесті. Екінші орынды да аягөздіктер еншіледі. Бұнда Аягөз қаласынан Талғат Толқынбаевтың «Аягөз» атты сәйгүлігі  жүлделі болды. Үшінші болып Абай облысы, Көкпекті ауданынан Руслан Шайырғазинның  баптаған «Айерке» деген тайы мәреге жетті. Ұйымдастырушылардың ұсынысы бойынша тай жарысында жүлдеге тоғыз орын белгіленді. Осы ретте алғашқы үштіктен бөлек, қалған алты орынды Абай  (Көкпекті, Үржар аудандары) мен Шығыс Қазақстан облыстарының (Тарбағатай ауданы) тұлпарлары өзара бөлісті. Тай жарысының жеңімпазы бәйгенің бас жүлдесі «Шевроле нексиа» жеңіл автокөлігіне ие болды.

Бұдан кейін кезек 8 шақырымдық «Жорға», 10 шақырымдық «Құнан бәйге», 15 шақырымға созылған «Топ бәйге» және сәйгүліктер додасын тәмамдаған 25 шақырымдық «Аламан бәйгеге» келді.

Тоғыз тұлпар қосылған  жорға аттардың жарысында бірінші орынды Семей қаласынан Қымбат Аяпбергеневтің «Мырза торы» су жорғасы алдына қара салдырмады. Жүлделі екінші және үшінші орындарға Күршім ауданынан Базарбай Оразбектің «Салкүреңі» мен Әлихан Қамалхановтың «Мачо» атты тұлпары ие болды.

«Құнан жарыста» 10 шақырымды  қарсыластарынан бұрын бағындырып, мәреге жеткен Алматы облысынан Дәурен Серіковтің «Жезкиік» атты сәйгүлігі үздік атанды. Екіншіні Ақсуаттан Аян Сембаевтың «Бөртесі», үшінші болып  Катонқарағай ауылынан Ерасыл Тайжановтың «Ақбақай» атты сәйгүлігі келсе, төртінші және бесінші орындарды Үржардан Батырхан Тұрарбеков пен Аягөз қаласынан Талғат Толқынбайдың қылқұйрықтары иеленді.

Жиырма сегіз сәйгүлік сынға түскен «Топ бәйгеде» алғашқы екі жүлделі орынды Алматы облысының сәйгүліктері жұлып әкетті. Мұнда мәрені бірінші болып Алматы облысы, Жаркент қаласынан Самат Рустамұлының «Алматы» атты тұлпары кессе, екінші орынды Алматы облсының Көкбастау ауылынан Дәурен Серіковтің «Тайфуны» еншіледі. Үздік үштікті Күршім ауданынан Айдар Сексенбаевтың топқа қосқан «Әлішер» атты сәйгүлігі  аяқтады.

Бәйгенің соңы атсүйер қауымның асыға күтетін «Аламан бәйгеге» де кезек жетті. Мұнда жарыс жолына бабы мен бағы келіскен елуден астам тұлпар қатысты. Он айналымдық жарыста  үшінші орынды Ерлан Керейбаевтың «Аманат» атты сәйгүлігі иеленді, екіншіні Дастан Тоғызбаевтың «Ақмоншағы», аламанның бірінші орны мен бас жүлдесі, яки «Шевроле нексиа» жеңіл автокөлігін Қарағанды қаласынан  Жетпіс Божбановтың  тұлпары жеңіп алды.

Бәйгенің барлық түрі бойынша жүлделі орындарға ие болғандар грамота, медаль, кубок және 100 мың мен 2 миллион теңгеге дейінгі көлемде ақшалай сыйақыға ие болды.

Қой көтеріп, ат үстінде тартысты

Бәйгемен қатар, орталық атшабарға жиналған көрермен   бұқа мойын, шойын білек палуандардың ат үстіндегі тартысты жекпе-жегі мен  қой көтеру сайысына да куә болды.

Аударыспақта  палуандар 70, 90 және 90-нан жоғары келі салмақ дәрежесі бойынша сайысты. Аударыспақ спортын ауданымызда насихаттап, соның дамуына еселі үлес қосып жүрген аударыспақ спортының ардагері, Жамбыл ауылының тұрғыны Фархат Қайырбаев төрелік еткен жарыста 70 келіге дейінгі салмақта жармалық Руслан Құнанбаев үздік атанды, 90 келіге дейінгі салмақта Марқакөлдің палуаны Темірлан Байтоловқа тең келер ешкім болмады. Екінші және үшінші орындарды Аққайнардан Қайнар Жақыпов пен Жармадан Айдос Төкенов еншіледі. 90 кг жоғары салмақта тарбағатайлық Шыңғыс Манарұлы мықтылығын танытты, екіншіні Өрнектен Эльдар Бұтабаев, үшіншіні Катонқарағай ауылынан Абзал Бұтабаев иеленді.

Қой көтеруге қатысқан 10 сайыскердің ішінен 50 келі қойды  183 рет көтерген Жаңа Үлгі ауылынан Ерлік Мұратов жеңімпаз атанды.

Аударыспақ пен қой көтеруде жеңімпаз атанып, жүлдеге ие болғандар да ұйымдастырушылар тарапынан грамота, медаль және көлемді ақшалай сыйақыға ие болды.

– Бүгін біз Катонқарағай ауылында  дүбірлі той өткіздік. Оған барша қауым куә болды. «Шығыстың алтын тайы» деген атаумен  бәйгенің бес түрі бойынша сәйгүліктер жарысы өтіп, оның жүлдесіне екі автокөлік тігіп, жеңімпаздарын анықтадық.  Бүгінгі іс-шараның өтуіне үлес қосып, өздері бастама көтеріп, қолдау көрсеткен жергілікті кәсіпкерлер мен  аудан тумаларына  өзімнің және аудан тұрғындары атынан алғысым шексіз. Келесі жылы да осындай мәндегі іс-шараларды ауданымызда өткізуге ниеттіміз. Оларға қазірден бастап дайындық жұмыстары жүргізілуде. «Шығыстың алтын тайы» бәйгесі Аягөзге аттанды. Алдағы жылы барлығымыз Аягөз жеріндегі осындай дүбірлі додаға куә болайық,  – деді аудан әкімі Ділдар Қалиқанұлы.

Тимур Смағұлов

Катонқарағай ауданы.

 

Осы айдарда

Back to top button