ҚоғамТОП

Шығыстан көмек керуені аттанды

Шығыс жұртшылығы тасқын судан зардап шеккен өңірлерге гуманитарлық көмек жөнелтіп жатыр. Облыстық Достық үйі мен өңірлік волонтерлердің фронт-кеңсесі Өскеменнен екі пункт ашып, бір апта ішінде-ақ 20 тоннаға жуық гуманитарлық көмек жинады.

Көмек көрсетуге волонтерлік ұйымдар, этномәдени бірлестіктер мен жоғары оқу орындарының ұжымдары, сондай-ақ жеке кәсіпкерлер, жастар, облыстың көптеген тұрғындары белсенді қатысуда.

–    Апат айтып келмейді ғой. Табиғаттың тосын мінезінен зардап шегіп жатқан өңірлерге аз да болса қол ұшын созу мақсатында «Жүректен жүрекке» атты акция бастаған болатынбыз. Қазір Солтүстік Қазақстан облысына, оның ішінде Петропавл қаласына гуманитарлық көмек жіберіп жатырмыз. Тұрғындардың көмегімен 20 тоннаға жуық азық-түлік, төсек-орын жабдықтары және басқа да аса қажетті заттар жиналды, – дейді Шығыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясына қарасты «Teatr-all» жастар театрының көркемдік жетекшісі Назерке Айдынова.

Көмек жинауға облыстың түкпір-түкпіріндегі жанашыр жандар да атсалысқан көрінеді. Мәселен, Күршім және Алтай аудандарының тұрғындары азық-түлік жеткізсе, «Normal Nomad» ЖШС 5 тонна ұн бөлген. Ал, Халифа Алтай атындағы облыстық мешіт көмек беріп қана қоймай, гуманитарлық заттарды жеткізуге арнайы жүк көлігін де ұсыныпты.

–    Қаржылай қолдау көрсеткен кәсіпкерлер де болды. Осы орайда қол ұшын созған барлық өңір жұртышылығына шын жүректен алғыс айтқымыз келеді. Шығыстан көмек керуендері аттанып жатыр. Бірақ гуманитарлық жәрдем жинауды тоқтатпаймыз. Себебі төтенше жағдай жарияланған өңірлерге әлі де демеу керек-ақ. Оларға шамамыздан келгенше азық-түлік, дәрі-дәрмек жөнелтіп, қиын шақта қолдау көрсетуіміз керек. Біріксек қана барлық қиындықтарға төтеп береміз, – деді штаб төрағасы Равиль Юнусов.

Табиғи апаттан зардап шеккендерге жылу жинау ісінен жоғары оқу орындары да шет қалмады. С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің қызметкерлері су басқан облыстардың тұрғындарына біркүндік жалақыларын аудару туралы шешім қабылдаған. Айта кетейік, ШҚУ-да 1 мыңға жуық адам еңбек етеді.

Бұның алдында да осы оқу орны Ақтөбе облысына азық-түлікпен қатар, су тазартатын сүзгілер, гигиена заттары, тұрмыстық химия, дәрі-дәрмек, көрпе-жастық жөнелткен болатын.

Өскемендегі тағы бір оқу ордасы – Қазақстан-Американдық еркін университеті болса Қостанай облысының тұрғындары үшін қажет деген заттарды сатып алып, тасқыннан зардап шеккендерге арналған облыстық еріктілердің фронт-кеңсесіне тапсырды. Атап айтсақ, бұл ұжым қостанайлықтарға жаңа төсек-орын жинақтарын, яғни жастық, көрпе, матрац, сүлгі, ыстық тамаққа арналған термостарды, өзге де тұрмыстық керек-жарақтарды жөнелтті.

– Университетіміздің ұжымы қиын жағдайға тап болған жандарға қажетті қолдау көрсетуге әрқашан әзір. Былтыр орман өрттерімен күрес кезінде ұжым болып, көршілес Абай облысына да гуманитарлық жүк жөнелткенбіз, – дейді ҚАЕУ-дің жастар саясаты жөніндегі проректоры Наталья Уразова.

 

Осы айдарда

Back to top button